Үкімет • 09 Сәуір, 2021

Екпе даярлауда ғалымдардың еңбегі ерен

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұғалімдерге вакцина салдыруды міндеттемейді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Мұғалімдер арасында екпе алуды міндеттемесе де салдырғандар бар екен.

Екпе даярлауда ғалымдардың еңбегі ерен

«Денсаулық сақтау министр­лігінің дерегіне сүйенсек, осыған дейін вакцина салдырған қазақ­стан­дықтардың 17 пайызы мұғалімдер екен. Осыдан-ақ олардың екпе алуға деген белсенділігін көруі­мізге болады. Дегенмен вакциналау барлық азаматқа, соның ішінде мұ­ғалімдерге де ерікті түрде жүргі­зіледі. Оған ешкім мәжбүрле­мейді. Бірақ мен министр ретінде әріп­тестерімді, педагог қауымды екпе алуға, ғылымға сенуге шақыра­мын. Өйткені бұл – ең алдымен мұға­лімдердің, содан соң оқушылардың, ұжымның, түптеп келгенде қоғам­ның қауіпсіздігі. Мен де ғылымға сенемін, бұл – ғылымның үлкен жетістігі. Сондықтан өзім де алғаш­қы­лардың бірі болып вакцина салдырдым», деді А.Аймағамбетов.

Ведомство басшысы брифинг барысында оқушылардың мектепке қашан оралуы мүмкін екенін де жеткізді.

«Балалардың мектепке оралуы вакциналау мен карантиндік шектеулердің сақталуына байла­ныс­ты. Пандемияға қатысты жағдай жақсарған кезде және ел өңірлері КВИ-дің таралу деңгейі бойынша «сары», содан кейін «жасыл ай­мақтарға» өткенде. Әдетте, «жасыл аймақтағы» өңірлерде бала­лардың барлығы дерлік мек­тепте білім алуға құқылы. Бар­лығын өзіміздің әрекетіміз шешеді. Себебі бұл – бәрімізге ортақ мәселе. Егер барлық адам санитарлық дәрі­герлердің талаптары мен ұсы­ныс­тарын орындаса, балалар мектепке тезірек оралады», деді министр.

Бұдан бөлек, А.Аймағамбетов отандық вакцинаның әзірлену барысына да тоқталды.

«Біздің ғалымдар коронавирустың «британдық», «оңтүс­тік­африкалық» штамдары бойын­ша зерттеу жүргізіп жатыр. Шын мәнінде олардың еңбегі өл­шеусіз, қазіргі таңда күні-түні тын­бай жұмыс істеуде. Отандық вак­цинаға келсек, көп қазақстандықтың асыға күтіп отырғанын білеміз. Дегенмен сәл сабырлық танытып, ғалымдарымызға қолдау көрсетейік. Өйткені қазір тиісті стандарт­тар бойынша жұмыстар атқа­рылып жатыр. Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу инс­титуты әзірлеген вакцинаға қатысты барлық рәсім бекітілген кесте­ге сәйкес жүр­гізіліп отыр. Бұл рет­те ешқандай проб­лема жоқ. Біздің әріптестер 50 мың доза бо­йын­ша қажетті жұмыстар жүргізді. Хат­тама бойынша үнемі хи­миялық талдау мен биологиялық қа­дағалау жасалады. Қазір биоло­гиялық қада­ғалауды аяқтап жатыр. Кес­теге сәйкес, биылғы сәуір айының соңы­на қарай, 20-сынан кейін құжат­­тарды Денсаулық сақтау министр­­лігіне тапсырамыз. Олар нәтиже­лерге талдау жасай отырып, тиісті шешім қабылдайды», деді
ведомство басшысы.