Аймақтар • 11 Сәуір, 2021

Қарағанды облысында каналда балық аулауға тыйым салынады

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15 сәуірден бастап Қарағанды облысында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бойында балық аулауға тыйым салынады. Уылдырық шашу кезеңіне байланысты, тыйым салу 30 мамырға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қарағанды облысында каналда балық аулауға тыйым салынады

Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, каналдың барлық су тораптарында (су қоймаларында) балық аулауға болмайды. Шектеу балық аулаудың кез келген түріне және балықтың барлық түріне қолданылады.

Бұл шара балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтап қалу үшін енгізілуде. Мамандар әуесқой балықшылардан жыл сайынғы уақытша тыйымға түсіністікпен қарауды сұрайды. ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабына сәйкес, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК (1 АЕК – 2917 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, оған қоса балықтың аулануына және түріне байланысты залал төлемі өндіріліп алынады.

Егер уылдырық шашу кезеңінде балық аулау аса ірі мөлшерде жүргізілсе, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай жағдайларда айыппұл 100 АЕК-тен асады.

Балық аулауға барар алдында «балық аулау ережелерімен» мұқият танысып алған жөн. Бұл жануарлар дүниесін заңды түрде пайдалануды сипаттайтын Қазақстан Республикасы Заңының негізгі заңға тәуелді актілерінің бірі болып табылады.