Руханият • 11 Сәуір, 2021

Мерейімізді өсірген мегажоба

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мемлекетіміздің өткені мен бүгінін саралап, қоғамның ұлттық танымнан тамыр алуына соны серпін берген бірегей жобаға айналды. Бағдарлама аясында азаттықтың алтын бесігіне баланатын рухани астанамыз Алматыда қанат қаққан айшықты бастамалар аз емес.

Мерейімізді өсірген мегажоба

Көненің көзіндей, өткеннің өзіндей болған музейлер – тарих парақтарынан сыр шертетін қасиетті орын. Негізгі алты бағытты нысанаға алған ауқымды бағдарламаның бір тармағы – тарихи және мәдени жәдігерлерді цифр­ландыру ісі. Бұл ретте музейлердегі құндылықтардың 3D моделін жасап, жәдігерлердің цифрлы көшірмесін әзірлеу – айрықша мәнге ие. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Алма­ты қаласында орналасқан Орталық мемлекеттік музейдің археологиялық алтындары және этнографиялық коллекциясынан 1020 құндылықтың цифрлы көшірмесі мен 3D нұсқасы жасалды. Тари­хты таспалау заман талабы десек, бұл жұмыстар өткенге үңілгісі келе­тін өнерсүйер қауым үшін таптырмас мүм­кіндік тудырып отыр. Өйткені цифр­лы форматқа негізделген құнды жә­дігер­лерді мәдениет ошағының сайты арқылы да тамашалауға болады. Әсіресе бұл қазіргі пандемия жағдайында өнер­танушылар мен көрерменге көп көмегін тигізуде.

Сонымен бірге мәдени қоры бай Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде цифрландыру негізгі екі бағыт бойынша бастау алып, көлемді жәдігерлердің 3D көшірмесінің цифр­лы архивін жасау үшін арнайы зертхана жасақталған болатын. Онда фотограмметрия әдісімен 3D сканерлеу технологиясы қолданылды. Осы технология бойынша архив түзіліп, оған 300 бірліктен астам мүсін өнерінің қоры енгізілді. Былтыр 3D сканерлеу үдерісін оңтайландырудың арқасында бұдан екі есе көп жәдігерлер цифрлы жүйеге көшірілген. 2D цифрлы суреттер архивін толықтыру жұмыстары да қарқынды жүзеге асқан. Осы іспеттес жобалар шаһардағы кітапханаларда да іске асырыла бастады. Бұл жұмыс кітап­хана қорындағы әлеуметтік-маңызды құ­жат­тарды цифрландыруға, өңірлердің цифр­лы коллекцияларын құруға мүм­кіндік беріп отыр. Сонымен қатар ар­хео­ло­гиялық музей кешендерін, ашық аспан астындағы музейлерді құру бойынша жұмыстар оң нәтижесін көрсеткен.

Өткен жылы Алматы қала­сында «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сын іске асыру жоспары 200 жобаны қамтыған. Айталық мерейтойы ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енген дала да­ныш­паны Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайдың мызғымас мұраларын кеңі­нен насихаттауға арналған 38 шара шымыл­дығын түрді. Бұл тұрғыда Abai Street Fest ашық аспан астындағы фести­валінің театрландырылған қойылымын, «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбын­да өрбіген «Музейдегі түн» акциясын, «Абай weekend» фестивалін, Farabi World жас ғалымдар форумын және әл-Фараби мерейтойына арналған ха­лықаралық конференцияны айрықша атауға болады. Өткен жылдың ақпан айында шаһардың Жетісу ауданында орнатылған Абай мүсіні де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салтанат құрған ілкімді істің бірі.

– «Рухани жаңғыру» – бұрын-соңды болмаған мәні терең мегажоба. Былтыр археологиялық музей кешендерін, ашық аспан астындағы музейлерді құру бойынша жұмыстар үздіксіз жал­ғасты. Дала фольклоры мен музыкасын танымал ету мақсатында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ан­самблінің Санкт-Петербургке, сондай-ақ қуыршақтар театрының Польша мен Болгарияға арналған халықаралық фес­тивальға шетелдік гастрольдері жос­парланды. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде қазақ және бүкіл түркі әлемінің тарихи, мәдени мұрасын көпшілікке тарату үшін «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнографиялық фестивалі өтті, – дейді Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар Қоңырова.

 Әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты көптеген шара онлайн форматқа ауысқаны белгілі. Халықтың ықы­ла­сына бөленген музейлік тақы­рып­тық дәрістер де желі арқылы жұрт­шылыққа жол тартып, 55 мыңнан астам қаралым жинаған. Осы ретте Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы дәстүрлі әуенді дәріптеу мақ­сатында 1000 үнжазбаны жарыққа шы­ғарғанын айрықша атай кеткен жөн.

Шаһардағы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасының құндылықтарын идео­ло­гия­лық тұрғыдан қамтитын әлеуметтік ма­ңызы бар нысандардың құрылысы мен қайта жаңартылуы жалғасуда. Рес­пуб­­лика алаңында балалар мен мәдени-ойын-сауық аймақтарына бөлін­ген қай­та жаңартылған «Алмалы» қоғам­дық кеңіс­тігі ашылып, нысан аумағында қазақ­стан­дық суретшілердің мүсіндері орнатылған.

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басудың және бұқаралық сананы қалай өзгертудің айқын жолы көрсетілді. Нәти­жесінде, жан-жақты жаңғырулар көшін түзеген Қазақ еліндегі іргелі өзгерістерді әлем елдері мойындауда.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше