Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған осы бір түйінді тұжырым бүгінде қазақ өнері мен мәдениетінің мәйегі һәм негізгі ұстанымы болуы керек. Себебі – өнер мен мәдениетте тұтастай ұлттың болмысы жатыр.
Сонау 1925 жылдың көктемінде Париж төрінде ән салып, дауыс құдіретімен күллі Еуропа жұртшылығын таңдай қаққызған біртуар талант Әміре Қашаубаевтың немесе 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігінде «Қыз Жібек» операсында басты рөлді бейнелеп, қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Байсейітова, Бекежан биігінде көрінген керемет күлкі иесі Құрманбек Жандарбеков бастаған таланттар шоғыры өнер құдіреті арқылы қазақтың бар болмыс-табиғатын, талантын жер-жаһанға паш еткен болатын. Қияндағы қазақтай қасиетті елдің құдіретіне де осы бір тамаша өнер оқиғалары арқылы таңдай қаға бас иген болатын сонда жер-жаһан.
Ән атасы Әміре, үн бұлбұлы Күләш салған сол сара жолды бүгінде абыройлы жалғап, араға тура ғасыр салып таланты мен талғамы әлемдік аренаға көтеріліп, жер-жаһанды таңдай қаққызған дара үнді Димаштың дүлдүл дарыны өнерде бабалар салған сол бір даңғыл жолдың даңқты жалғасы, абыройлы биігі десек, ешкім қарсы дау айта қоймас. Бүгінде әлем Димаш бастаған дарындар өнері арқылы қазақты жаңа қырынан танып жатса – ол да өрелі өнердің шексіз мүмкіндігінің жемісі екендігі ақиқат.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасы шын мәнінде ұлттық өнерімізді жаһанға танытудың жарқын жолдарын ашып берген жемісті жоба болды.
Мақала жарық көргелі бері айтулы рухани бағдарламада қойылған міндеттер Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан басты нысанаға алынып, қарқынды түрде жүйелі жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, министрліктің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алған жобалары мен атқарған жұмыстары бүгінде үздік нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Соның негізгілеріне тоқталып, жалпылама шолу жасап өтер болсақ: 2017 жылғы қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер аясында «Қазақстандық жол және Н.Назарбаевтың үлгісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Қазақстан – Астана» фотокөрмесі, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы», Қазақстанның ақындары мен жазушылары кітаптарының, белгілі қазақстандық суретшілер жұмыстарының көрмелері, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты картасының тұсаукесері де жаһан жұртшылығы назарына ұсынылды. Одан бөлек Қазақстан және елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы туралы бірегей деректі фильмдер көрсетіліп, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, «Астана Балет» театры, «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайынов, Димаш Құдайберген және тағы да басқа отандық өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылды.
Аталған жұмыстардың ішінде, әсіресе «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының алар орны айрықша. Соңғы төрт жыл көлемінде шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен қолға алынған бұл жобаның қазақ өнері мен мәдениетін жаһандық кеңістікке шығарудағы ықпалы мен рөлі үлкен. Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қытай, Ұлыбритания және Беларусь Республикасында бірқатар халықаралық жобаларын жүзеге асырды. Соның ішінде, әсіресе 2017 жылдың 14 қыркүйегінен 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін Британ музейінде (Ұлыбритания) өткізілген «Еуразияның ежелгі көшпенділері» халықаралық көрмесі мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) ұйымдастырылған «PHOTOfest.KZ – гүлденген Қазақстан әлем фотосуретшілерінің көзімен» атты фотокөрмесін ерекше атап өтуге болады. Фотокөрме аясында, қатысушылар Бурабай, Қорғалжын, Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы, Түркістан, Отырар, Шарын шатқалы, Шымбұлақ, Медеу, Тамғалы тас, Көлсай сынды Отанымыздың тарихы тереңдігімен тағылымды, табиғаты сұлулығымен көз тартар әсем жерлерімен фото тілі арқылы танысуға мүмкіндік алды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының келесі бағыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың желтоқсан айындағы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында Беларусь Республикасының Ұлттық бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналып тұсауы кесілген «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрмеде өз жалғасын тапты. Аталған көрменің бағыты одан әрі Мәскеу қаласына бұрылды. 2018 жылдың 4 сәуірінде Мәскеудің Бүкілресейлік халық өнері мен декоративті-қолданбалы өнер музейінде қазақтың мәдени құндылықтары Ресей халқына кең ауқымда таныстырылды. Мәдени шарада Қазақстан Республикасының басты нышаны ретінде «Алтын адам» көрермен назарына ұсынылды. Көрме одан әрі Әзербайжанның ұлттық тарих музейінде, Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясының тарих музейінде, Кореяның Ұлттық музейінде өз жалғасын тапты. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы, сонымен қатар 2019 жылы Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания, Түркия және тағы да басқа елдердің мұражайларында таныстырылды.
Туған елдің тарихын паш етер фотокөрмелер мен музей жұмыстары ғана емес, қазақтың театр мен кино өнерін де әлемдік мәдени кеңістікте жан-жақты насихаттау – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының басты бағыттарының бірі. Оның бірден-бір дәлелі – Лос-Анджелес қаласында «Қыз Жібек» (режиссері – С.Қожықов), «Анаға апарар жол» (режиссері – А.Сатаев), «Алмас қылыш» (режиссері – Р.Әбдірашев) картиналарының көрермен назарына ұсынылуы һәм АҚШ-тағы қазақстандық кино күндерінің жоғары деңгейде өтуі. Кино күндері аясында АҚШ-тың ірі кинокомпанияларының басшылары және продюсерлерімен ресми кездесулер, Голливуд жұлдыздарымен ынтымақтастық келіссөздер, сонымен қатар Лос-Анджелес киноакадемиясының студенттерімен кездесулер өтті.
Отандық кино индустриясы мен голливудтық кинокомпаниялар арасындағы әріптестік байланыс мұнымен шектелмей, күні бүгінге дейін сәтті жалғасын тауып келеді. «Қазақфильм» АҚ киностудиясының голливудтық кинорежиссер Джеф Веспамен бірлесе түсірген «Әміре» кинокартинасы сөзімізді дәйектей түседі. Кинонарыққа шыққаннан бергі уақыт аралығында көрерменнің қызу пікірталасына арқау болған бұл фильмнің ұлттық киношежіреден алар орны айрықша. Ең бастысы, кино тілі арқылы әлем Әміредей қазақтың көмейіне бұлбұл ұя салған біртуар әншісін танып, өнеріне бас иіп жатса, аталған жобаның өз міндетін толықтай атқарғаны деп білеміз.
Сондай-ақ айтулы мәдени бағдарлама негізінде жүзеге асырылған және бір маңызды оқиға ұлттық театр өнерінің әлем елдерін аралауы. 2018 жылы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Италия, Мажарстан елдеріндегі гастрольдік сапарын сәтті өткізсе, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында Италияның бірнеше қаласында көрсеткен өнері өзінің ерекшелігімен жергілікті халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болды.
Бағдарламалық мақалада баса айтылғандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген қағиданы негізге алған өнер ордалары әлемдік аренада негізінен ұлттық өнеріміздің жауһарларын паш етіп, қазақтың төл мәдениетін жаһан назарына ұсынды. Олардың қатарында көпшілік ықыласына бөленген «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» сынды ұлттық опера інжу-маржандарының жоғары деңгейде көрсетілуі қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, мәртебесін мерейлі еткені сөзсіз. Өйткені қазақтың қалыбын дәл өнер тілі ұғындыратындай ешбір құрал жеткізе де, сезіндіре де алмайды.
Осы қағидаға сай тәуелсіз мемлекетіміздің мәдени тарихында тұңғыш рет төр қаланың төл перзенті – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры 2018 жылы Оңтүстік Корея Республикасының мәдени астанасы Дэгу қаласында өткен халықаралық беделді мюзикл фестиваліне «Қыз Жібек» қойылымымен қатысып, әлемдік өнер сарапшыларының жоғары бағасын алса, айтулы жоба аясында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен «Астана мюзикл» театрларының Италия, Франция, Германия, Аустрия, Ресей сынды әлемнің ірі мәдени қалаларына жасаған үлкен гастрольдік сапары да жоғары деңгейде өтті.
«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Демек, ұлттың өміршеңдігі оның мәдени жаңғыруына да тікелей қатысты. Төл өнеріміз арқылы әлем қазақты мойындап, талантына бас иіп жатса, рухани жаңғырудың зор жетістігі де, жеңісі де сол болмақ! Қазақ өнерін ғаламға танытқан айтулы жобаның басты табысының негізгі сыры да осында жатса керек.