Руханият • 12 Сәуір, 2021

Елге керек екі кітап

751 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Қазақстанның Біріккен Ұлыбритания Корольдігіндегі елшілігімен бірлесіп британдық журналист әрі жазушы Ник Филдинг кітаптарының халықаралық онлайн таныстырылымын өткізді. Zoom байланыс платформасында өткен басқосуға Ұлттық академиялық кітапхана өкілдері мен кітап авторы Ник Филдинг, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің өкілі Әйгерім Сейсембаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов қатысты.

Елге керек екі кітап

Ник Филдингтің тікелей редакторлығымен ағылшын тілінде жарық көрген бірінші кітап «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері: Ұлы дала этнографы және тарихшысы» деп аталады. Қазақтың көрнекті ғалымының шығармалары тұңғыш рет ағылшын тілінде кітап болып жарық көргені жайлы, яғни, осы еңбек туралы мәлімет өткен жылдың соңында белгілі болған еді.

Желтоқсан айында Ұлы­британия Корольдігінің гео­графиялық қоғамында кітап ағылшын тілді қауымға таныс­тырылып, еңбектің құндылығы туралы ойлар айтылған болатын. Шоқан Уәлихановтың эсселері тұңғыш рет 1865 жылы ағылшын тіліне аударылыпты. Түгелдей емес, бар-жоғы төрт эссе. Міне, содан бері ағылшын тіліне аударылып отырғаны осы. Бұл жолы британдық аудармашы Арч Тейт жиырма эссені тәржімалаған. Zoom платформасында өткен он­лайн таныстырылымда «Шоқан Уәлихановтың таң­да­малы еңбектері: Ұлы дала этнографы және тарихшысы» кітабының редакторы Ник Филдинг кітаптың Ш.Уәлиханов атындағы Тарих жә­не этнография институтымен ынтымақтастықта Кембридж университетінің баспасынан жарық көргенін айтты.

Институттың директоры Зиябек Қабылдинов бас­таған ғалымдар Шоқан Уәли­хановтің Орталық Азияның географиясы, тарихы, этнографиясы және экономикасына арналған аса маңызды ғылыми еңбектерін ағылшын әріптестеріне ұсын­ған. Өз кезегінде бұл ғылы­ми ең­бек­тердің ағылшын ға­лымдары тарапынан жоғары ба­­ғаланғанын елшіліктің өкілі Әй­герім Сейсембаева атап өтті. Оның айтуынша, көрнекті ғалымның шығармалары Кем­бридж университетінің Орта­лық Азияны зерттеу бойынша бакалавриат бағдарламасына енгізілмек.

Ник Филдингтің екінші кі­табы «Ұлы даладағы саяхат­шы­лар» деп аталады. Бұл кітапта ХІІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі аралықта Ұлы далаға сая­хат жасаған зерттеушілер туралы айтылады. Кітапта белгілі, белгісіз себептермен аттары ұмытылған сая­хатшыларға ба­сымдық берілген. Олардың сая­хат барысында көрген қиын­дықтары, жетістіктері мен сәт­сіздіктері сипатталған жазбалары назарға алынып, олардың ең қызықтары осы кітапқа топ­тастырылған. Онлайн жүз­десуде британдық журналист әрі жазушы қос кітаптың да ағылшын тілді оқырманға Ор­талық Азия халықтарының ерек­шеліктерін танытуға септігі мол болатынын жеткізді.