Теннис • 12 Сәуір, 2021

Ширек финалда сүрінді

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Чарльстон қаласында өтіп жатқан теннистен Volvo Cars Open турнирінің ширек финалында бақ сынаған қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жарысты аяқтады.

Ширек финалда сүрінді

Жартылай финалға жолдама беруші бәсекеде жерлесіміз әлемдік рейтингте 91-орынға жайғасқан черногориялық Данка Ковинчичпен кездесіп, үш сағатқа созылған тартысты матчта 7:6, 5:7, 1:6 нәтижесімен жол берді. Д.Ковинчич үшінші айналымда чехиялық Петра Квитованы, жартылай финалда Тунис өкілі Онс Жаберді жарыс жолынан ығыстырып, финалға шықты. Бүгінге дейін Путинцева мен Ковинчич кортта екі мәрте кездесіп, екеуінде де отандасымыз басым түскен еді. Ал бұл жолы черногориялық теннисшінің мерейі үстем болды.

Айта кетейік, Юлия Путинцева жүлде қоры 565 530 долларды құрайтын жарыста алғаш ұлыбританиялық Хэрриет Дартты, келесі айналымда өзінің отандасы Зарина Диасты және үшінші кезеңде испаниялық Гарбинье Мугурусаны жеңген болатын. Аталған жарыстың ширек финалына дейін жеткені үшін Путинцева 100 рей­тингтік ұпай мен 12 670 АҚШ долларын иеленді.