Спорт • 12 Сәуір, 2021

«Шымкент жастар лигасы» жобасы өтіп жатыр

475 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде бұқаралық спортқа кеңінен көңіл бөлініп келе жатыр. Кейінгі  жылдардағы қазақстандық спортшылардың халықаралық аренада атой салып жүргені бұған дәлел бола алады, деп хабарлайды Egemen.kz

«Шымкент жастар лигасы» жобасы өтіп жатыр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі өз Жолдауларында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу керектігін үнемі айтып келеді.

Мәселен, Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады», деп атап өткен еді.

Президенттің бұл тапсырмасын негізге ала отырып Шымкент қаласы әкімдігі наурыз айынын бастап мектеп оқушылары арасында бұқаралық спорттан «Шымкент жастар лигасы» жобасы қолға алды. Мақсат – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау.

1

Жоба екі кезеңге бөлініп ұйымдастырылады. Алғашқы кезеңде, яғни наурыз-мамыр аралығына жоспарланған сайыстарға жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары, ал ІІ-кезеңде жоғары және орта арнаулы оқу орындарының спортшылары сынға түседі. Бұл кезең қырқүйек және қараша айларында өтеді.

Бүгінгі таңда мектеп командалары арасында жеребе тасталып ойын кестесі түзіліп, соған сәйкес командалар өзара кіл мықтыны анықтап жатыр.

Жалпы аталған жобаға қатысуға Шымкент қаласы бойынша 4 спорт түрінен 140 мектептен 536 команда (8 569 жас) өтінім берген. Олар спорттың футбол (ұлдар арасында), баскетбол (ұлдар арасында), волейбол (қыздар арасында) және шахмат (ұлдар, қыздар арасында) түрінен сайысқа түсуде.

Ережеге сәйкес, әр ауданда аудан аралық айналым бойынша ойын ойнатылады.

Ауданнан 4 команда ширек финалға жолдама алады. Ширек финалға шыққан жеңімпаз командалар шығып, одан жеңген команда финалға жолдама алады. Ал жарыстың қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ,  ІІІ орын алған командалар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Сонымен қатар, спорт түрлерінен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік  жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.

Қазіргі күні  «Баскетбол» бойынша 8 команда (№23, 33, 42, 1, 29, 45, 8  және №2 «Дарын» мектептері), «Волейбол» бойынша 4 команда (№89, 131, 68, 113 мектептері) финалға жолдама алды.