Елорда • 12 Сәуір, 2021

Елордада карантинді бұзған 5 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карантин талаптарының бұзылғанын анықтау бойынша мобильді топтар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тиісті ескертулер беріліп, айыппұл салынғанына қарамастан күн сайын кәсіпкерлік субъектілердің карантин талаптарын сақтамағаны анықталады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада карантинді бұзған 5 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Өткен түнде мобильді топтар карантинді бұзған 5 мекемені анықтады. Есіл ауданында орналасқан Carreta мейрамханасы белгіленбеген уақытта жұмыс істегенімен қоймай, жұртшылыққа кальян ұсынған. Заң бойынша бұған қатаң тыйым салынған.

Сондай-ақ Алматы ауданында карантин режимін сақтамағаны үшін «Графин» ресто-бары мен «Түркістан» кафесі жауапкершілікке тартылды. Сарыарқа ауданында орналасқан «Мята» лаундж бары сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеді, бұл жұмыс режимін өрескел бұзу болып саналады. Бұл мекеменің келушілеріне де кальян ұсынылған. Байқоңыр ауданында шектеу шараларын бұзған «Xalva» мейрамханасы анықталды.

Жиналған материалдар әкімшілік шаралар қабылдау және тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймаққа кіргеніне бір ай болды. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері карантиндік шаралар мен санитарлық нормалардың бәрін сақтауы тиіс. Бұл қауіпті вирустың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ елорда тұрғындарын КВИ-ге қарсы вакциналау бойынша белсенді науқан жүргізілуде. Бұл ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді және өмірдің қалыпты жағдайына оралуға септігін тигізеді.