Бұрынғы мен бүгінгі
Қазірде Ұлы даланың көне сарынын бүгінге жалғаған шоғыр топ дәстүрлі өнердің дәрпін асырып келеді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бабадан қалған құндылықты тағы бір жаңғыртып, бәсін биіктете түсті. Елдің шежіре-тарихын жырлап өткен Сыр сүлейлерінің дәстүр сабақтастығына кешегі Кеңес өкіметінің тигізген кесірі аз емес. Жүздеген жылдардан бері келе жатқан өсиет, термелер қырағы бақыланып, қайшыға түсті. Дінге қатысты тұстардың бәрі алынып тасталды. «Қожа мен молданы қойдай қуған» кеңестік саясаттың дойыр қамшысы енді жырау-жыршылардың жонарқасында ойнады.
Бірақ бабадан жеткен бағзы өнердің шырағы өшпеді. Көне сөздің қадірін білетін ел жырау-жыршыны төбесіне тұтып, төредей қарсы алар еді.
Кеңестік саясаттың салқыны дәстүрлі өнердің үлкен бір салалы тармағы саналатын айтысты да шарпығаны белгілі. Осындай халде тұрған жыраулық өнердің көшін қайта жалғап, жаңа заманға бейімдеп сахнаға алып шыққан жыр жампозы Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембеков еді. Осылайша, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бағзы өнер көне жүлгесін тауып, көп алдына қайта шықты.
Осы саланың бұрынғысы мен бүгінгісін зерттеп жүрген, талай жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан жыраудың бірі, Мәдениет қайраткері Жұмабек Аққұлов. Қазір «Жұртымнан жүрмін жыр жинап» атты кітапты баспаға әзірлеп отырған өнер иесі көне мұраларды жүйелеу әлі де ұқыптылықты қажет ететінін айтады.
– Жалпы, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Осы жолдағы азаматтарымыз ізденістерін көптің игілігіне айналдырды. Мысалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың идеясымен «Шахнама» музыкалық антологиясы жарық көрді. Облыстық мәдениет басқармасын басқарған тұста белгілі ғалым Берік Жүсіпов Балқы Базар мен Тұрмағамбет мұраларын кітап қылып шығарды. «Қайталанбас дауыстар» музыкалық антологиясы жарық көрді. Жақында ғана Алмас Алматовтың жетекшілігімен «Ер Едіге» музыкалық альбомы шығып, ұлттық қазынамыздың қатарын молайтты. Осы бағытта ізденіп жүрген тағы бір тыңғылықты зерттеуші, жыршы, Мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетовтің еңбегі өз алдына бір төбе. Мен 1 жылдай облыстық телеарнадан «Толғау, терме сөйлейін» атты хабар жүргізіп, 36 жырау эфирге шықты. Кейін осы істі жалғаған жас жырау Марат Сүгірбай тағы 80-нен астам өнер иесін көрерменге таныстырды, – дейді Жұмабек Аққұлов.
Зерттеуші Қармақшы ауданындағы бір ғана ауылдан белгілі бір кезең аралығында 117 жырау шыққанын айтады. Оның өзінде де жауһар сөзді термелегендердің соңы Шәмшат Төлеповамен тұйықталып тұр. Одан кейін өнер көшіне жүздеген жүйрік қосылып үлгерді. Осынша қисапсыз қазынаны зерттеп, ұрпақтар керегіне жарату ісі талай жылға жүк болары анық.
Жастарға жол ашқан «Жыр мұра»
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы «Жыр мұра» жобасын жүзеге асырып келеді. Халық арасында ұмытылып бара жатқан жыр-термелерді, мақам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа табыстау, Қорқыт мұраларын жан-жақты насихаттау, жыр әлеміне жаңа есімдерді шығаруды көздеген жобаға сай «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, өнер иелері ел ішін аралады.
– «Жыр мұра» шеңберінде Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан қобызшылар үйірмесі ашылды. Осыған дейін Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында жыр үйірмелері құрылған еді. Енді олардың қатарына Қазалы, Жалағаш, Сырдария мен Жаңақорған қосылды. Бұл жоба алда да жалғаса береді. Біздің мақсат – дәстүрлі өнерден өріс іздегендер қатарын арттыру, – дейді халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының директоры Жанат Құрамысова.
Орталық директорының айтуынша, енді үйірмелердің репертуарын байытуға мән берілмек. Алдағы уақытта ел арасынан жинақталған мақам-саздар студияда өңделіп, терме-толғау, дастандардың мәтіндері жүйеленіп, жыр сандығын ашуға талап қылған балаларға ұсынылады.
Облыс әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бірлескен жобасы «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалінің бар жүгін арқалап келе жатқан орталық.
Түркітілдес халықтардың ұлттық-музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасты көздейтін жоба екі мыңыншы жылдардан бері өткізіліп келеді. Алда фестиваль ауқымын кеңейтіп, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жыр мәйегі – сөз
Жалпы, зерттеушілер жырау дегеніміз хандық дәуірде ел басқаруға еркін араласқан мемлекеттік деңгейдегі саяси тұлға болғанын айтады. Мысалы, тоғыз ханды түзеткен Сыпыра, өмірі ат үстінде өткен Доспамбет, ерлікті жырлаған Шалкиіз, Абылай ханға ақыл қосқан Бұқар жырау. Өз миссиясын адал орындап кеткен жыраулардың бірі – Кенесарының серігі, келер жылы туғанына 200 жыл толатын Нысанбай Жаманқұлұлы. Осындай саяси тұлғаларды өнерге әкеп теліп жүрген өзіміз.
Ал жыршылардың түбірін іздесек, жыраулар дәуірінен де асып кетіп, бағзы заманда балбал тасқа жыр шекіген атақты Иолық тегінге барып тірелеміз. Бірақ жырау болсын, жыршы болсын негізгі мәйек сөз екендігіне баса назар аударған.
– «Рухани жаңғыру» дәстүрлі өнердің діңгегін бекіте түсуге жақсы мүмкіндік беріп отыр ғой. Соның аясында өткізілген «Жыр мұра» жобасы бойынша талай дарынды балалар іріктелді, – дейді белгілі жыршы, орталықтағы халық шығармашылығын дамыту бөлімінің бас маманы, Мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетов. – Ендігі жұмыс, осы балалар назарын жырдың мәтініне аудару. Жаттаған сөздің мағынасын ұқпаған баладан жыршы шықпайды. Бұл жолды таңдаған адам тарих пен әдебиетті жетік білуі керек. Қазір маман даярлаудағы ең үлкен мәселе осы болып отыр.
Маман демекші, тоқсаныншы жылдар басында жергілікті университетте дәстүрлі өнер өкілдерін даярлайтын топтар ашылды. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясындағы жырау Ұлжан Байбосынова мен Нұр-Сұлтан қаласындғы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт даярлайтын Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергеновалардың мамандар даярлау ісіндегі үлесі үлкен. Алғашқы лекте жоғары оқу орнын бітіріп шыққан Арнұр Көшеней, Шолпан Биімбетова, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов, кейінгілерден Күнсұлу Түрікпен қазір өлмес өнердің өрісін кеңейтуге қызмет етіп келеді.
Ұлттың өткені осы жырда жатыр. Сондықтан баланы әуелі қызықтырып, сосын барып санасын қалыптастыруға мән беруіміз керек. Қармақшы, Қазалы және Арал аудандары ежелгі оғыздардың орнындағы байырғы жұрт саналады. Осы өңірлерден жыраулар көп шығады. Зерттеуші Берік Саймағамбетов жастарды тәрбиелеу бағытында Арал ауданында толымды жұмыс істеліп жатқанын айтады. Белгілі жырау Айбек Тәңірбергенов жастардың бойына көне саз бен сырлы сөз сіңіруде ерекше тәсіл тапқан. Қармақшыда шәкірт тәрбиелеп жатқан Балтабай Бедебаев, Дінісләм Тоқсанбаев, Әйгерім Ешпаевалар да ел руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
– Жыршы-жыраулар мұрасы –шет-шегі жоқ қисапсыз қазына. Жүздеген жылдар бойы жырланып келгеннің өзінде біз осы ен байлықтың ернеуінде ғана жүрміз. Бір ғана мысал айтайық, Темірбек Жүргенов, Сүлеймен Есқараевтай ұлт қайраткерлерін тәрбиелеген әйгілі Тұрмағамбеттің тағы бір шәкірті Әлиакпар Жұматаевтың артында 45 мың жол мұра қалған. Ендігі мұрат – осындай байлықты шашау шығармай игеру. Бұл бағытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған іс аз емес. Енді ұзақ жылдар зерттеліп, баспа бетін көрген қазыналарымызды насихаттап, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына мән беруіміз қажет. Көне мұраны бүгінгі жастың құлағына жеткізу жолын көп болып ойласу да – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл үшін мәдениет саласымен қатар, білім, ішкі саясат басқармалары жұмылдырылғаны жөн. Сонда ғана үлкен істің үдесінен шығар едік, – дейді Берік Саймағамбетов.
ҚЫЗЫЛОРДА