Шығармашылық шаңырағында қолға алынған көрмеге өз кезегімен жыл көлемінде облыстың он бес ауданы қатысады. Суретшілерімен қатар ақындары, әншілері де өнер көрсетеді. Толағай тауының бөктерінен келген көкпектіліктер «Дала дидары» атты көрмеге барын салды. Белгілі айтыскер ақын Фархат Маратұлы жырдан шашу шашса, «Толағай» сазды халық аспаптар оркестрінің әні әуеледі.
Ал музейдің кең залына Көкпектінің көрікті табиғаты бейнеленген картиналар мен қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары қойылды. Әсіресе, Серікбай Рысүмбетовтің «Қыс», Эльмира Ізғұттынованың «Таң» атты пейзаждары көпшіліктің назарын аударды. Оксана Луцкая, Жанна Жабековалардың жасаған қолөнер бұйымдарына да келген қонақтар қызыға қарады. Көпшілік дейміз, санитарлық талаптарға сай шақырылған қонақтардың саны шектеулі еді. Көрмені келіп көре алмағандар үшін музей қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы онлайн экскурсия ұйымдастырады.
– Облыс орталығында аудандардың көрмесін өткізу – өте дұрыс үрдіс. Өйткені өз ауылынан ұзамай жүрген өнерлі жастар көп. «Алмас пышақ қын түбінде жатпайды» демекші, бойында таланты бар қыз-жігіттер рухани ортаға көрінуі керек. Мен көрмелерге дарынды жастарды іздеп келемін. Талабы болса, көрген-білгенімді айтамын, үйретемін, – дейді белгілі суретші Құдаш Нұрсадықов.
Рас, алыс ауылдағы шын таланттардың өнері өрге жүзсін десек, осындай дүбірлі көрмелер жиі өткізіліп тұруы керек. Көкпектіден кейін Шығыс жұрты мамыр айында Күршім, Алтай аудандарының көрмесін тамашалайды.
Шығыс Қазақстан облысы