Аймақтар • 13 Сәуір, 2021

Шығыс Қазақстанда бір апта ішінде 22 өрт тіркелді

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында 4 сәуірден бастап осы уақытқа дейін 22 рет шөп өртенген, деп хабарлайды Egemen.kz

Шығыс Қазақстанда бір апта ішінде 22 өрт тіркелді

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райының күрт жылытуына байланысты өңірде өрт қаупі кезеңі басталған. 4 сәуірден бастап бүгінге дейін 22 рет шөп өрті тіркелді. Зайсан, Глубокое, Бесқарағай, Үржар, Бесқарағай, Тарбағатай, Көкпекті, Аягөз, Жарма, Күршім аудандарында және Өскемен, Семей қалаларындағы тілсіз жаудың жалпы ауданы 243,6 гектар шөпті шарпыған.

«Елді мекендерде, ауыл шаруашылығы алқаптарында қоқысты өртеу кезінде халықтың отты абайсыз пайдалануына байланысты және табиғат аясындағы демалыс кезінде сөндірілмеген темекі тұқылының салдарынан өрт саны күрт артады. Орман-дала өртін болдырмау мақсатында ТЖД қызметкерлері рейдке шығып, халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ жергілікті полиция, орман шаруашылығы қызметкерлерінен өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушыларды анықтау мақсатында орман алқаптарын патрульдеу үшін мобильді топтар құрылды», делінген хабарламада.

Орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 336, 367, 410-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Осы ретте, мамандар жанып тұрған сіріңке, темекі тұқылын тастамау қажеттігін, өрттің орман және дала алқаптарынан елді мекендерге таралып кетуіне жол бермеу үшін жанғыш қоқысты шығару және елді мекендердің аумақтарын жинау қажеттігін еске салады. Өрт шыққан жағдайда дереу «101», «112» нөмірлеріне қоңырау шалу керек.