ANTIKOR • 13 Сәуір, 2021

Қостанайда жауапты орындар жемқорлықты әшкерелеуге енжарлық танытып отыр

321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы кейбір мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анық байқалады. Алайда жауапты орындар мұндай фактілерді анықтап, әшкерелеуге енжарлық танытып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында өңірге жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мәлім етті.  

Қостанайда жауапты орындар жемқорлықты әшкерелеуге енжарлық танытып отыр

Қостанай облысындағы кейбір мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анық байқалады. Алайда жауапты орындар мұндай фактілерді анықтап, әшкерелеуге енжарлық танытып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында өңірге жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мәлім етті.  

Агенттік төрағасы кеңесшісінің айтуынша, кейбір өңірлерде ішкі талдаулар жүргізу барысында бірде-бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталмаған.

- Бұл ең алдымен аталған мемлекеттік органдардың жемқорлық тәуекелдерін жоюға салғырт қарап отырғандығын және бірінші басшылар мен жергілікті әкімдердің жауапкершілік деңгейінің төмендігін көрсетеді, - деді Ж. Жылқышиева.

Төраға кеңесшісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңа нормаларда жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға салғырт қараған шенеуніктерді жауапкершілікке тарту қарастырылғанын сөз етті.

- Жаңа нормалар бойынша бірінші басшылар қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін ғана емес, сонымен қатар өзі басқарып отырған мемлекеттік органдағы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар құқық бұзушылықтардың белең алғаны үшін де жауапкершілікке тартылады. Мұндай фактілерді болдырмау үшін жаппай алдын алуды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді барынша күшейту керек, - деді Агенттік төрағасының кеңесшісі.

Сонымен қатар, аталмыш комиссияның отырысында мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі жоспарлардың орындалу сапасы талқыланды. Облыстағы арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Динара Өтебаеваның айтуынша, өңірде бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың саны бар болғанымен, сапасы мәз емес.

Жиын соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысын күшейту қажеттігіне тоқталып, барлық деңгейдегі басшыларға жоғарыда аталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою керектігін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейту бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

- Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясындағы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жүйелі жалғастыруда. Бұл бағыттағы жоспар 43 тармақты қамтиды. Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мәселен, 2020 жылы «Adaldyq alańy» жобасы бойынша мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі 90%-ға,  халықаралық стандарт бойынша 92%-ға жеткенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іс-шаралар жоспарын іске асыру аясындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырамын, - деді өңір басшысы.

Қостанай облысына 12 сәуірде жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дмитрий Малахов бастаған жұмыс тобы төрт күн бойы өңірді аралап, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сапар барысында жұртшылықпен, ұжымдармен кездесу, азаматтарды қабылдау жоспарланған. Жұмыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленетін болады.

 

Қостанай облысы