Вице-министрдің айтуынша, 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 140 мыңнан астам тұрғынжай пайдалануға берілген.
«Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6% - ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылды. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021-2025 жылдар аралығында 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс саласында енгізілген локдаундарға қарамастан дамудың оң серпіні байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13% артты. Құрылыс белсенділігінің өсуі Маңғыстау облысын қоспағанда, 16 өңірде байқалады», - деді Қ.Өскенбаев.
ИИДМ мәліметінше, биыл 1 тоқсанда 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,6% - ға жоғары, 23 663 тұрғынжай пайдалануға берілді.