Кино • 14 Сәуір, 2021

«Ахмет Ясауи» телехикаясы эфирге шығады

1875 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның мемлекеттік «TRT» телерадиокомпаниясы түсірген «Ахмет Ясауи» телехикаясы қазақстандық көрермендерге ұсынылмақ. 26 бөлімнен тұратын тарихи телехикая 19 сәуірден бастап «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасынан эфирге шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ахмет Ясауи» телехикаясы эфирге шығады

Аталған келісімге жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Түркия мемлекетіне сапарында қол жеткізілді.

«Ахмет Ясауи» телехикаясы түркі әлеміне ортақ тұлға, сопылық поэзияның негізін қалаушы, Орталық Азия мәдениетіне жаңаша бетбұрыс әкелген философ Қожа Ахмет Ясауидің ғибратты өмірі мен жүрiп өткен күрес жолын баяндайды. Режисері - Доган Умит Караджа, продюсері - Юсуф Эсенкал. Жоба тұсаукесері «TRT1» және «Qazaqstan» арналарынан сәуір айына жоспарланған.   

Бүгінгі күні «Qazaqstan» телеарнасының Кинокөрсетілім және дубляж бөлімінің мамандары - аудармашылар Баян Нұғман, Досым Зікірия, Жаннат Алдиярова, редактор Нағыз Қыпшақбай, дубляж режиссері Нүргүл Бекетаева, дубляж актерлері Ислам Зейноллаев, Мирас Жақыпов, Ақмарал Абдрахманова, Мұратбек Бейсембаев жобаны аударып, дыбыстауда.

Телехикая 19 сәуірден бастап дүйсенбі-жұма күндері 21:30-да эфирге шығады.

Бұған дейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Абай» телехикаясы түрік елінде көрсетілетінін хабарлаған болатынбыз. Осы сапарда «TRT AVAZ» арнасы сериалды түрік тіліне аудару жұмыстарын аяқтағанын мәлімдеді. Қазақстандық телехикая түркиялық көрермендерге «TRT AVAZ» эфирінен жақын күндері ұсынылады.