Оңтүстік Кореяның өкілі Ким Сеунгхак пен ирактық Каррар Абас Албеедханға сан соқтырған 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали финалда ирандық Мехди Мохсен Неджадпен күш сынасты. Бұл бәсекенің алғашқы жартысы Парсы елі өкілінің пайдасына шешілді. Ал үзілістен кейін «қаһарына» мінген қандасымыз кесек әдіс жасап, алға шықты. Есеп – 8:4. Бұл есеп кездесудің соңына дейін сақталды.
Бастапқы бәсекелерде өзбекстандық Мирзобек Рахматов пен кореялық Ким Дохенгтың аяғын көктен келтіріп, жартылай финалда қырғызстандық Амантұр Исамайловты жолынан ығыстырған 67 кило салмақтағы Алмат Кебісбаев ақтық сында жапониялық Цушика Шимоямадамен шеберлік байқасты. Бәсеке барысында қазақ жігіті қарсыласынан жеті ұпай озып тұрған еді. Енді бір ұпай алса, жеңіс Алматтың еншісіне жазылатын еді. Бірақ бәрі керсінше болды. Жанкештілік танытқан жапон жігіті қазақ спортшысына жер сипатып кетті. Кебісбаевтың күміс медальді қанағат тұтудан басқа амалы қалмады.
Ал үшінші орын үшін таласуға тиіс қарсыласы боз кілемге шығудан бас тартқандықтан) қола медаль Ерұлан Ысқақов (97 кило табыс етілді. Евгений Поливадов (82 кило) төртінші орында қалып қойды.
Естеріңізге сала кетейік, жарыстың алғашқы күні қазақстандық балуандар арасынан Сұлтан Әсетов алтын алса, Әлімхан Сыздықов күміспен күптелді. Ал Демеу Жадыраев қолаға қол созды.
Осылайша Азия чемпионатында Бақтияр Байсейітов жетекшілік ететін грек-рим күресінен Қазақстанның құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.