Руханият • 15 Сәуір, 2021

Киелі кесене есіктерін сол күйінде сақтау маңызды

290 рет көрсетілді

Бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілер қатары еселеп артқан. Кесене маңайында өзгеріс көп. Ішкі қыз­меті де бүгінгі күн талабына сәй­кестендірілген. Яғни зиярат ету­шілер мен туристерге екі есік­тен кіріп-шығатын жағдай жасал­ған. Әрине, келушілердің көбе­йіп, Қазақ елінің тарихын терең тани түскені қай тұрғыдан алсақ та тиімді. Дегенмен Әмір Темір­дің заманынан, кесененің алғаш­қы құрылыс кезеңінен бізге дейін сақталып жеткен, XIV-XV ғасыр­лардың шеберлері жасаған көркем дүниелерге үнемі күтім қажет.

Суретті түсірген Алмас МАНАП, «ЕQ»

Алып тайқазан, қола шырағдандар, қола лаухасы бар ту мен өрнекті есіктер, жәдігерлер оларды жасаған шебердің есімдерінің жазылуы, тапсырыс беруші және жасалған уақытының күніне дейін көрсетілген жазбалармен де аса құнды. Кесенедегі жәдігерлердің талапқа сай сақталуына, ертеңіне алаңдаушылық білдірушілер де жоқ емес. Солардың бірі «Қазқайтажаңарту» РМК бас директорының орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы жуырда бізге хабарласып, бірқатар мәселелер мен ұсыныс-пікірін жеткізген еді.

– Кесенеде қайта қалпына келтіру жұмыстары, ғылыми-реставрациялық шаралар жүргізілгені көпке мәлім. Әлі де ескерілмей қалған немесе аяқталмаған тұстары бар ма?

– Иә, ел мақтанышына айналған бұл тарихи ескерткішіміз Қожа Ахмет Ясауи кесенесін кейінгі ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу мақсатында 1993 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен, Түркия мемлекетінің қаржыландыруымен арнайы дүние жүзінің сәулетші, құрылысшы мамандары шақырылып, қайта қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар 7 жыл аралығында жалғасып, толығымен аяқталды. Тартылған ғылыми қызметкерлер тарихи ескерткіштің сырты мен ішінің әрленуін, іргетасынан бастап, күмбезіне дейінгі жұмыстарды толыққанды ғылыми-реставрациялық шаралардан өткізді. Нысанға кіреберіс орталық есігіне ұқсас нұсқа дайындап, ал түпнұсқасын жанындағы қабырғаға сүйеп қойған. Қожа Ахмет Ясауи жатқан қабір есігіне мүлдем тимеген. Бұл есіктер Қазақстанда тимурид заманының (XIV-XV ғасырлар) ағашқа көркем ою салуының екі белгілі туындысы.

1

Есіктер тамаша оюлармен өрнектелген, сондықтан өнерге қатты қызыққандар оларды түрлі кезеңде алып кеткен болуы мүмкін. Мысалы, түпнұсқадағы есіктерге жақын ұқсас есіктің бірі Эрмитаж көрме­сін­де «Гур Эмир» атауы­мен қойылған, соған ұқсас өзгесі Германияда да тұр. Менің ойымша, кесененің кіреберіс есігі тым үлкен және тасымалдау үшін ауыр болғандықтан, ал қабірхананың есігін алуға да тәуекел жасалмағандықтан осы екі есік сақталып қалған. Кесенені зерттеуші ғалымдар есіктің көз тартар көркемдігін, жақтаулардағы алтын жалатылған діни жазбаларды суреттеген, топсалары шегесіз орналастырылғанын, қабірхананың есігі сыртқы үлкен есіктен де әсем екенін айтқан. Cолтүстік ойық ортасындағы оюлы өрнек түскен, сүйектелген XIV ғасырдың ағаш есігі Қазандық бөлмесін Қабірханамен жалғап тұр. Есік жақтауы темір қаңылтырмен қапталып, бетіндегі созыңқы нақыштар ішіне Құран мәтіндері алтын әріптермен жазылған. Есік үстіне ғимарат Темірдің әмірімен тұрғызылған деген жазу түскен тас тақта орнатылған. Шеберлер есіктің берік және әсем жасалуымен қатар, рәміздік мән-мағынасын арттыру үшін оған символдық мәнге ие ою-өрнектер, терең мағыналы хадистер мен нақыл сөздердің бедерленуіне көңіл бөлген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы он есігі және ішкі бөлмелерді байланыстыратын барлық есіктерін қосқанда, бүгінгі таңда өзгеріссіз өзінің тарихи орнында тұрған жалғыз есік – қабірхана есігі. Осы қастерлі есікте «Алланың сыйы – қақпасына келіп сұраған момынға [беріледі]» деп жазылған. Есіктерді әрлеу бірдей мәнерде орындалған: әрбір жарма жоғары жағында эпиграфиялық әшекейленген ислами стилінде үшжақты оюмен әрленген тігінен бірдей емес үш секторға бөлінген; жарманың шеттерімен картуш және медальоннан тұратын ернеу жолағы өткен. Ою металл, сүйек, ағаштың басқа түрлерімен безендірулермен үйлесіп тұр. Бірақ уақыт өткен сайын ағаш тез бүлінетіндіктен, ағашқа ою салудың көне белгілі түрлері тасты көркемдік өңдеу түрлері сияқты ауқымды таралмаған. Кіреберіс есігі, жоғарыда атап өткендей, ХХ ғасырдың 90-жылдарында көшірмесі алынып, алғашқы есіктің орнына қойылған болатын және сол үшін де бұрынғы есігі сақталып қалған. Егер олай болмағанда не болатыны белгісіз. Бұрынғы орнында қалдырылған жақтау мен қорабының қарқынды бүлініп жатқаны көрініп тұр. Шешілген есік те, оның сақтау жағдайы 600 жылдық ағаш үшін қолайсыз болғандықтан, өзінің алғашқы бейнесін біртіндеп жоғалтуда. Ағаш ұзақ мерзімге жарайтын материал екендігі ұмытылып келеді, егер де қабірхана есігінің пайдалануы жалғасатын болса, жақындағы жарты ғасыр ішінде біз бұл теңдесі жоқ жәдігерімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Оның табиғи (биологиялық) қартаю процесін тек жасанды жолмен, консервацияның заманауи әдістерімен тоқтатуға болады. Сыртқы бүлдіру факторлары да көптеп жиналып қалды. Біріншіден, ағаштың бетін жауып қалған көп ғасырлық ластану, бұл кірдің астында бүлінген ағаш немесе алғашқы түсін сақтаған ішкі ою бар. Екіншіден, бүлінген өрнектерді бекіту үшін бір кездері белгісіз мастикамен толтырылған болатын, қазір өрнектермен бірге түсуде. Үшіншіден, топсалар мен ілмектер конструкциясының элементтері көтергіш қабілетін жоғалтты. Табалдырық және есік қорабының жоғарғы бекіткіші шіріп бүлінуде. Осылайша, ағашқа ою салу өнерінің үздік дәстүрінде орындалған есіктің бірегей туындысы келешек ұрпақ үшін жоғалып кетуі мүмкін.

– Оны сақтап қалу үшін не істеу қажет?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қажеттігін айтқан болатын. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» делінген бағдарламалық мақалада. Рухани жұтаңдықтан сақтайтын, ұлттық мақтанышымыз сәулеті мен келбеті адам таңғалдыратын кесене, сан-ғасырлық түрлі жағдайларды өткеріп, бүгінімізге дейін сол қалпында жетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен туристер арнайы келіп, оның қандай күш-жігермен салынғандығын, әсемдігін тамашалап кетеді. Әлі миллиондаған зиярат етушілер мен туристердің келері анық. Осы орайда кесенедегі әрбір жәдігердің өз қалпын жоғалтпай сақталғанын қалаймыз. Бұл орайда біріншіден, қабірхананың есігін оның қазіргі қолда бар мәліметтер бойынша дайындалған біршама оңайлатылған көшірмесіне ауыстыра отырып, орнынан шешіп алу қажет. Екіншіден, оюлы есік ағашын, сондай-ақ өзге де ағаш және металл элементтерін зерттеу, консервация және реставрация жасау, соның негізінде қабірханаға кіретін жердің алғашқы келбетін қалпына, басқаша айтқанда, оны ғылыми-тарихи қалпына келтіру керек. Бұл жағдайда көне есік біздің уақытымызға жеткен келбетінде сақталатын болады.

Сондай-ақ қазандықтың шешілген кіреберіс есігі зерттеу, консервация және реставрация жасау­ды қажет етеді. Есіктің бұрынғы орнында тұрған жақтауы мен қорабының нақты көшірмесіне ауыс­ты­ру, мұны көзбен бақылау арқылы жасауға болады, себебі ою бұл жерде айтарлықтай оңай. Төр­тіншіден, қабірхана есігінің темір жақтау­ла­рындағы жазуларды қалпына келтіру керек. Дайындалған экспонаттарды кесенеге жақын жердегі музейге орналастыру, жылытылмайтын ескерткіш жағдайындағы қазіргі жүріп жатқан бүлінуді бәсеңдету үшін қазандықтың есігін консервацияға дейін-ақ алып барып қоюға болады. Осы екі есік те музей экспонаты ретінде сақтаудың үздік жағдайларына лайық, бірақ қазіргі таңда олар кесененің қазандық бөлмесінде тұр, бұл олардың бүлінуіне алып келуде.

– Бұл ұсыныс-пікірлеріңізден кесене қызмет­кер­лері немесе тиісті мекемелер хабардар ма?

– Алдымен бұл мәселе бойынша қоғам ортасына ой салу қажет деп санаймыз. Өйткені қабірхана есігі ескіріп келеді, ғылыми-зерттеу жұмыстары оның бүліну процесі басталғандығын айтуда. Сондықтан бұл тарихи құнды жедігерлерді орнынан алып, музейге орнатуды кешіктірмей қолға алуымыз қажет. Уақытында әрекет жасалмаса, табиғи факторларына, механикалық әрекеттерге байланысты есіктер деформациялануда, ішіне ылғал алып жатқан көрінеді. Ғылыми қызметкерлер ылғал алынғаннан кейін шіру процесі басталуы мүмкін екенін айтуда. Оны орнынан алуға рұқсат керек емес, Түркістан халқын осы бағыттағы жұмыстар жүргізілетіні туралы хабардар ету қажет. Алматыда «Қырым аралы» деген ғылыми-реставрациялық зертхана бар, соның қызметкерлері барып есіктерді зерттеп, осындай тұжырымдамаға келген. Жоғарыда айтылған себептерге байланысты, оны орнынан алып, дәл өзінің тұпнұсқасындай есік қою, ал түпнұсқа есіктерін консервация, реставрация жұмыстарынан өткізгеннен кейін музей экспонаттығына өткізуіміз қажет. Кесенедегі жәдігердің сақталуына жауаптылар көзбен бағалай білгенімен, олардың зерттеу құралдары жоқ әрі бұл бағытта терең білімі жетпейді. Ал мен айтып отырған «Қырым аралы» мекемесі – ғылыми-реставраторлық зертханалық зерттеу мен қалпына келтіру жолдарын тарихи әрі ғылыми дәлелдейтін үлкен мекеме. Қалай болғанда да бұл бағыттағы жұмыстардың кешіктірілмей жүргізілгені жөн.

 

Әңгімелескен

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар қымбаттады

Қаржы • Кеше

Ұқсас жаңалықтар