Руханият • 15 Сәуір, 2021

Баба аманатына адалдық

951 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер тұ­тас болмай, ел тұтас болмайтыны белгілі ғой. Алаш жұртының бойындағы иммунитет Жерге кіндігімен біржола байланған. Басқа мәселеде осалдық танытқанымен, жер мәселесіне келгенде Мөденің ұрпағы ба­­ба­­сының аманатына адалдық танытып келеді.

Баба аманатына адалдық

«Арым – жанымның садақасы» дейтін қа­зақ Жерін де «жанының садақасына» ай­налдырғалы қашан. Туған жерін бас­қын­шы­лардан қорғау үшін болған шайқастарда қаншама мың боздақ опат болып, қаншама бала жетім, қаншама әйел жесір қалды. Ата-бабаларымыздың тоқымдай жер үшін жанталасқан ерен ерліктерінің арқасында ғана Қазақ елі бүгінде төрткүл дүниеге тоғы­зын­шы территория ретінде танылып отыр.

Тоғызыншы территория қазіргі кезде де талай-талай алпауыттың көзқұртына ай­налып отырғаны белгілі. Соңғы кездері Қазақ мемлекеттілігіне сәуегейлік айтатындардың үні жиі естіліп, қазақтың өз жерін өзіне «сыйға тартушылар» бой көрсете бастады. Кез­дейсоқ жандар болса бір сәрі, Ресейдің сая­сат сахнасында жүргендердің сандырағы көр­шілердің достық қарым-қатынасына сызат түсі­ре­тіні анық.

Ал шығыстағы көршіміздің де бұқара­лық ақпарат құралдары ара-тұра аранда­ту­шылық  тұрғыда ақпараттар жариялайды. «Қа­зақстанды қашан қосып аламыз?», «Қазақ­стан­да төрт жүз елу мыңдай Либайдың ұрпағы ұлы Жұңхуаның құшағына қашан кіреміз деп отыр» деген сияқты экспансиялық бағыттағы ақпа­раттар таратып, тату көршілікті араздыққа бастайтын әрекеті тыйылар емес.

«Сорлы Мексика! Құдайдан қаншалықты қашықсың, АҚШ-қа соншалықты жақынсың!» Кезіндегі Мексика президенті Порфирио Диас құдайы көршіден көрген қиянатын осылайша мұң-зары арқылы шығарған екен. Құрама Штаттарының әлсіз көршісі Мексика озбыр қоңсылықтың бірнеше мәрте зардабын тартқаны бар. Әсіресе, 1846-1848 жылдардағы солтүстікамерикалық ин­тер­венция мексикалықтардың жадынан ешқашан өшпек емес. Соғыстың салдарынан Мексика Юта, Аризона, Невада, Кали­форния, Нью-Мексика штаттарынан біржола айырылды. Техас штаты одан сәл ертерек, соғыстан бірнеше жыл бұрын АҚШ құрамына енген еді. Аталған штаттар егеменді Мексиканың төл территориясы бол­ға­­нымен, солтүстікамерикалық қоғамның экспан­сиялық саясатының арқасында алып ел­дің аумағына айналып шыға келді.

«Жаман атың болса, сатып құтыларсың, Жаман көршің болса қайтып құтыларсың?!» де­ген­ді де қазақтың көпті көрген қара шалы айтқаны анық. Шынында да, Пор­фи­рио Диастың айтқанын басқа емес, қазақ­стан­дықтар жақсы түсінеді. Құдай көрші етіп жаратқаннан кейін алыс-беріс тең дәрежеде өрбіп, барыс-келіс те достық рә­уіш­те жалғасын тапса дейсің ғой. Алайда төрт­күл дүниені уысында ұстағысы келетін ел­дер­дің көршілеріне астамсып қарайтын ниеті менмұндалап тұрады.

Жер тағдыры – ел тағдыры. Қазіргі кезде жер мәселесіне қатысты заң жобасы Пар­ламент қабырғасында қаралып жатыр. Жер шетелдіктерге сатылмайтын болды. Қазақ­стандықтарға да сатылмаса деген табанды тілегіміз бар. Өйткені біздің қоғам жемқор­лық­тан әлі арыла алмай отыр. Ендеше, жүйені билеп-төстегісі келетін жем­қор­лар­дың қазба байлықтарды ғана емес, бабалардан жеткен асыл аманатты – жерді де сатып жіберуі таңғқа­ларлық емес. Жер сатылды дегенше, ел са­тыл­­ды, тәуелсіздікке қауіп төнді десеңші деп айтуға тура келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­­тың тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сал­мақ­­таған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп ата­латын мақаласында «Аумақтық тұтасты­ғы­мызға күмән келтіріп, тату көршілік қа­ты­настарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әре­­кеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде той­тарыс бере отырып, ағартушылық жұ­мыс­тарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қа­жет­тігін тағы да баса айтқым келе­ді» деді.

«Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қор­ғауға дайын болуы­мыз қажет!» Қазақ­стан Пре­зи­дентінің осы тұжырымы мем­­лекеттілік мәселесі, жер тұ­тас­тығы, жалпы тәуелсіздік туралы Алаш жұртының ұс­та­­ны­мын айқын аңғартады. Мемлекет бас­шысының байлам­ды сөзі халқының да се­ні­мін арт­ты­рып, басшының да беделін биік­те­те түсетіні сөзсіз. Басқалай айт­қан­да, жер мәселесіне келгенде қазақ­стандықтардың  басты ұстанымы – «не бел кетеді, не белбеу кетеді» бол­уы тиіс!