Атап айтқанда, түрлі әшекейлермен әсемделген жүген табылды. Ежелгі шеберлер оны жасауда батырма тәсілін пайдаланып, алтынмен, қызыл түсті асыл тастармен және кәріптаспен әшекейлеген. Бұл жәдігерлердің ғұн мәдениетіне жататыны нақты анықталып отыр.
Алтынқазғаннан табылған келесі теңдессіз жәдігер – ер-тұрманның күміс қаптамасы. Онда қабан, бұғы, ақбөкенді қуған мысық және құс тәріздес жыртқыштар бейнеленген. Бұл суреттер мағыналық және бейнелеу мектебі жағынан ғұн өнерінде, сондай-ақ айналадағы мәдени-қолөнер орталықтарында қайталанбайды. Ұқсас жәдігерлердің көптеп табылуы археологтерді жақын маңда бұған дейін беймәлім қолөнер орталығы болуы мүмкін деген пікірге жетелейді.
«Қуанышың қабат болсын» дегендей, бұл жаңалықты Маңғыстау сауда байланысын зерттеу барысында осыдан үш жыл бұрын Қарақабақ шатқалында теңіз жағасында орналасқан үлкен бекіністі мекеннің табылуы толықтыра түсті. Алдын ала зерттеулер оның біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда хорезмдіктер салған қуатты сауда-қолөнер факториясы екенін көрсеткен. Кейін, ғұн дәуірінде (IV-V ғғ.аяғы) қаланы жартылай отырықшы көшпенділер жайлаған. Қаланың сауда және қолөнер орталығы ретінде дамуы да осы кезең. Көптеп табылған монеталар Қытай, Бұхар Соғдысы, Ежелгі Хорезм, Парфия және Сасандық Иранмен сауда байланысында болғанын көрсетті.
– Византия монетасының табылуы – Каспий мен Қара теңізді Еділ мен Жайық өзендері арқылы жалғаған су жолы болғанының дәлелі. Қарақабақ қалашығы – Ұлы Жібек жолының Солтүстік құрлықтық-теңіз тармағының болғанын және оның осыдан 2000 жыл бұрын Маңғыстаудың үстімен өткенін дәлелдейтін тарихтағы алғашқы материалдық куә! Бұл – әлемдік деңгейдегі екінші жаңалық, – дейді археолог Андрей Астафьев.
Қарақабақ қалашығындағы қабірді зерттеу барысында қолдан өзгертілген бірнеше бассүйек табылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Маңғыстаудың ежелгі тұрғындарының келбеті көрініс табуы үшін ғұн дәуіріндегі әйелдің бейнесін пластикалық реконструкциялау ұсынылып отыр.
Әлемдік ғылыми қауымдастық Алтынқазған туралы пікір білдіріп үлгерді. Францияның «Пернель медиа» продюсерлік компаниясы ғұндар тарихы жөнінде фильм түсірді. Ғұндарға қатысты ескерткіштерді далалық зерттеу жөніндегі түсірілімдер Алтынқазғанда жүргізілді. Фильмнің тұсаукесері француздың «Франс 5» және америкалық «Дискавери сайнс» арналарында сәтті өтті. «Виасат Хистори» телеарнасында орыс тіліндегі нұсқасы көрсетіліп жатыр. Таяу уақытта Алтынқазған діни-қабірлеу кешеніндегі зерттеу нәтижесі бойынша ғылыми еңбек жазып, шығару жоспарланған.
Маңғыстау облысының аумағынан Алтынқазған мен Қарақабақ қалашығының ашылуы өңірді таңғажайып сәулет ескерткіштерімен бірге Қазақстандағы тарихи-мәдени маңызы жағынан алдыңғы орынға шығаруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы