Бүгінгі таңда ІТ саласы ерекше сұранысқа ие. Ақпараттық технологияны барынша жетілдіріп жатқан қазіргі заманда осы саланы мықтап қолға алмасақ, өркениетті 30 елдің қатарына ену ертегі іспеттес болып қалар еді.
Облыстың елді мекендерінде 2019 жылдан бастап «Қазақтелеком» АҚ-тың талшықты-оптикалық байланыс желісі тартыла бастады. Екі жыл ішінде 36 елді мекендегі 129 мемлекеттік және бюджеттік мекеме жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды. 176 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасы жүзеге асырылмай тұрып, интернетпен қамтамасыз етілсе, бағдарлама қабылданғаннан кейін тағы да 40-қа таяу ауыл қамтылды.
Еліміздегі ең алғашқы «ақылды қала» да біздің өңірде пайда болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақкөл қаласына жұмыс сапарымен келген кезінде «Қазақтелекком» АҚ желілік магистралінің техникалық торабы Мәліметтерді өңдеу орталығының жұмысымен танысқан болатын. Аталған орталық шағын қаладағы барлық бейнебақылау, бақылау және есеп жүргізу, өртке қарсы қауіпсіздік тәрізді бірнеше жүйеден келіп түсетін мәліметтерді мұқият жинақтап, Smart Aqkol ахуалдық орталығына жолдайды.
Жоба жол және қоғамдық қауіпсіздікті, білім беру мекемелері мен әлеуметтік нысандарға бейнебақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласының жұмысына мониторинг жасау, ғимараттар мен тұрғын үйлерді ең соңғы үлгідегі «ақылды» құралдармен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз етуге бағытталған. Елімізде ақпараттық технологиялардың тиімділігін егжей-тегжей зерттеп, жүзеге асыру Ақкөлден бастау алды деп айтуға әбден болады.
Жаңа жобаның қандай тиімділігі бар деген сауалға жауап беріп көрелік. Алдымен, бар тыныс-тіршілік алақандағыдай айқын көрініп тұратын жерде талдау күшейді. Әншейінде, көше бойында орын алып жататын тұрмыстық сипаттағы тәртіп бұзушылық күрт азайды. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің айтуына қарағанда, қоғамдық тәртіпті бұзушылар жедел анықталады. Жеделдіктің нәтижесінде құқық бұзушылық 50 пайызға азайған. Тұрғындардың білім деңгейі мен саяси белсенділігі арта түсті. Елді елең еткізген соны сипаттағы жақсылық ел ішіне тарамай, жалпақ жұрт одан үлгі алмай тұра алмайды ғой. Мердігер компания өкілдері 6 мың үйді аралап, жылу мен электр энергиясын есептейтін құрылғыларды жаңалап берді. Сөйтіп аз уақыттың ішінде бір кезде көпшілік назар аудара бермейтін шағын қала коммуналдық қызметтердің барлық тұтынушысы толайым цифрланған еліміздегі ең алғашқы қала болып шыға келді.
Қала тұрғындары коммуналдық қызметке ақы төлеу, өздерінің көкейлерінде жүрген арыз-шағымдарды, әрқилы бұйымтайларды жергілікті басшылыққа жеткізу тәрізді жайлардың бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жеңілдегеніне дән риза. Бұрын табандарынан таусылып, ұзын-сонар кезекке тұрып, басшылардың алдына мәселе қоятын мұндай сауалдар қазір мессенджер арқылы жүзеге асырылады. Қала көшелеріне жылы аялдамалар салынып, ұялы телефонды қуаттайтын құрылғылар орнатылған. Мұндай мүмкіндік көше тұрмақ, саябақтағы орындықтарда да бар. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамдық мемлекеттік мекеме көліктеріне түгелдей GPS құрылғылары орнатылып, қозғалыстары бақылауға алынған.
– Бұрынғыдай балалардың күнделігін ақтарып, оқу үлгерімін тәптіштеп қарап отырмайсың, – дейді қала тұрғыны Айгүл Бектемісова. – Қарапайым халық үшін өте қолайлы жағдай.
Барлық ақпарат бір орталыққа жинақталады. Қаладағы 4 мектепте, аудандық ауруханада қолжетімді Wi-Fi жұмыс істеп тұр. Мектеп демекші, әлемді жаман індет жайлаған кезде мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері интернет желісінің жоқтығы немесе әлсіздігінен көп бейнет көргені мәлім. Облыстағы жалпы білім беретін мектептердің бәрі 100 пайыз жылдамдығы 4 Мбит/с болатын интернет желісіне қосылған. Оның 36-ы спутниктік жабдық арқылы жүзеге асырылады. Сапа туралы сөз сабақтайтын болсақ, 189 мектепте интернет жылдамдығының 8 Мбит/с-тен жоғары екендігін айта кетуге болады. Бұл білім ошақтарының 59-ы спутниктік жабдық арқылы қамтамасыз етілген.
Жылдың басынан бері 59 мектепте жылдамдығы 8 Мбит/с-ге, 86 білім ошағында 10 Мбит/с-ге дейін көбейтілді. Жағдайдың жақсаруына талап пен жауапкершілік септігін тигізіп тұр. «Қазақтелеком» АҚ жыл сайын білім ошақтарындағы интернет жылдамдығын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. 2020 жылы өңірдегі 90 білім ошағындағы интернет жылдамдығы 4 Мбит/с-ден 8 Мбит/с-ге дейін ұлғайды. Оның ішінде интернетке қолжетімді болуына мүмкіндік беретін спутниктік жабдық радиокөпірге ауыстырылды. Алдағы жоспар да біршама ауқымды. Жылдың соңына дейін облыстың 35 мектебінде жылдамдықты 8 Мбит/с-ге дейін көбейту межеленіп отыр.
«Астел» байланыс спутниктік жабдығы мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын арттыру технологияларын әзірлеуде. Осындай ілкімді іс арқылы өткен жылы 40-қа таяу білім ошағындағы жылдамдық 4 Мбит/с-ден 8 Мбит/с-ге дейін көбейді. Осы оқу жылында 59 мектепте интернет жылдамдығын арттыру жоспарлануда.
Олқылықтың орын алған тұстары да бар, облыстың 43 елді мекенінде байланыс провайдерлері мен ұялы байланыс операторларынан тұрақты интернет жоқ. Әйтсе де бұл елді мекендеріндегі білім ошақтарында интернет желісіне қолжетімділік бар.
Ақмола облысы