Былтыр ғана жастар құрамасынан ересектер сапына ауысып, сол жылғы ел чемпионатында 63 кило салмақта топ жарған 19 жастағы С.Әсетұлы құрлық біріншілігінде де қарсылас шыдатқан жоқ. Іріктеу кезеңдерінде тайпейлік Чжу Чи Хуан мен сириялық Мұхаммед Фуазды еш қиындықсыз жеңген жерлесіміз финалда былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері ирандық Мейсам Далханиге тап келді.
Тәжірибелі балуан Далхани ә дегеннен-ақ үш ұпай олжалап, есепте алға шыққанымен, Әсетұлы артынша тік тұрып әдіс жасап, таразы басын өзіне аударды – 4:3. Екінші кезеңнің бел ортасына келгенде қандасымыз қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Бұл – Сұлтан Әсетұлының ересектер арасындағы халықаралық деңгейдегі алғашқы алтын медалі. Бұған дейін ол наурыз айында Италияда өткен рейтингтік турнирде финалға дейін жетіп, күміс жүлде еншілеген болатын.