Аймақтар • 15 Сәуір, 2021

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған

491 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өз тіліңде сөйлеп, салт-дәстүріңді ардақтап, тіліңді құрметтейтін өзге ұлттың өкілін көргенде бауырмалдық сезім пайда болып, ет жүрегің елжіреп қалары бар. Оның үстіне Пайғамбарымыздың хақтығына, пейіліміздің ақтығына құлай беріліп, дінімізге кіріп жатса ше?..

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған

Кездейсоқ жолықтық. Өңір «қызыл аймаққа» кірмей тұр­ған шақта. Орталық ме­шіт­тің кіреберісіндегі ауыз­ашар уақыты таңбаланған ха­бар­ламаны мұқият оқып, қойын дәптеріне жазып алып тұр екен.

Осы бір үнемі жайдары қа­лып­та жүретін әріптес, бү­гін­де облыстық «Акмо­лин­ская правда» газетінде қызмет істей­тін Вероника Бур­даны түстеп қана танушы едік. Арагідік кездескенде бас изеп қана сәлем мезіретін жа­са­йтынбыз. Таяп барып Ораза кестесі­нің қаншалықты қажет­тілігін білмек болып, әлде «сіз ораза ұстайсыз ба?» деп сұрадық.

– Иншалла, – деді Веро­ника Александровна. – Мұ­сыл­­ман емеспін бе?

Біз үшін тосын жаңалық еді. Жанымызда жүрген адам­дардың жан дүниесін, ұс­та­нымын, көзқарасын байып­тап біле бермейміз ғой. Өзі де кісіге жақын, иманжүзді келіншек. Қамшы салдырған жоқ, мұсылман дініне кіруі, ораза ұстауы жайлы рет-ретімен айта бастады.

–1986 жылы, сол кезде он жастағы, менен екі жас кіші сіңлім Анжелика қатты ауыр­ды. Ата-анамыздың апа­рып көрсетпеген жері жоқ. Шынын айтқанда, тіпті жа­һан­ға жар салып айтпасақ та, күдер үзген сәттеріміз де болды, – дейді Вероника Алек­сандровна. – Бірақ анам кішкентай құлынының жа­зы­лып кетерінен үмітті еді. Ауру­ханаға жатқызып, ем-дом қа­былдап, уыс-уыс дәрі іш­кенімен, еш септігі бол­ма­ды. «Суға кеткен тал қар­майды» дегендей, ма­ңай­дағы балгерлерге де қарат­ты. Ана үшін перзенттен қымбат не бар, байғұс анам ба­сын тауға да, тасқа да соқ­ты. Ақыр соңында не се­беп болғандығын анық біл­меймін, ораза ұстап, жа­ратқ­анға құлшылық етейік деген шешімге келді. Дәл оразаның алды болатын. Бәрі­міз ораза ұстадық. Тілек біреу ғана. Беймәлім дертке шалдыққан, қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатып, суық ұрғандай күннен-күнге солып бара жатқан Анжеликаның ажал аузынан аман қалуы. Бұрын кім ораза ұстап көрген. Шарттарын білгенімізше бұлжытпай орындауға тырыстық. Мәні мен мазмұнын ұға қойдым деп айта алмасам керек, баламыз ғой. Анамыздың қалауы болған соң қарсы болмадық. Әлде кездейсоқтық, мүмкін біз­дің жалбарынуымыз жа­рат­қанның құлағына жетуі. Әйтеуір, оразаны орталай бер­генде Анжеликаның сыр­қатынан айыққаны. Кәдімгі пышақпен сылып тастағандай. Анамның есі шығып кетті. Көзінің жасы көл болып, жа­рат­қанға алғысын айтумен бол­ды. Өзінің пайымының, таң­дауының дұрыс болып шық­қанына есі кете қуанды. Анамыз сенген соң, осы бір ғажайып оқиғаны көзімізбен көрген соң тілмен айтып жет­кізгісіз құдіретке біз де сендік. Оразаның қасиеті мен адам ағзасын тазартуға, ағзасын ғана емес, жан дүниесін таң­ның мөлдір шығындай тап-таза етуге тигізер пайдасын есейе келе ұқтым, әлі де үй­рену үстіндемін. Содан бері неше жыл үзілген емес. Ан­же­ли­ка да оразасын үзген емес. Естіп-білгенімізді бір-бірі­мізге айтып отырамыз. 

– Күні бойы нәр татпай жүру қиын емес пе?

– Ең бастысы – оразаның алдын­дағы ниет. Күні бұрын іштей дайындалып, қиын­дығына шыдайтын­дығыңа өзіңді-өзің кәміл сендіруің қажет. Әрине бұл арада ешкім ораза ұста деп қыстап жатқан жоқ қой. Жүрек қалауың, өз ниетің. Міне, осындай пейілде болсаң, бәріне төзесің.  Менің бойымда сонау бала кезімнен ешқандай қорқыныш болған емес. Мүмкін Жаратқан ие жар болған шығар, санама та­залық, бойыма қуат дарыт­ты ма екен. Әдетте оразаға бірер жұма қалғанда ішкі түйсіктің әсерінен адам ағзасының өзі жаратқан жүйрік іспетті да­йындала бастады. Тек сәре­сі мен ауызашарда дұ­рыс тамақтануың шарт. Тәбе­тің тартқан тағамды ғана тат. Менің жарым Юрий Ива­нович сәресіні өзі дайындап береді. Сауабы менікі деп қоя­ды, – дейді Вероника Алек­­сандровна. – Қуатты та­ғам­ның болғаны дұрыс. Әсі­ресе қазы-қарта, құрт езген көже. Кейбіреулер ораза ке­зінде еңбек  демалысын алып жатады. Күнімен нәр тат­паған соң бойдағы қуат та кемитін болар. Деген­мен, ораза дегеніміз тәулік бойы аш жүру емес, сән де емес, жан дүниеңнің түлеуі десем болар. Осы кезде өмір­дің мәні мен мағынасын түсі­несің. Талай жайға деген көз­қарасың өзгеруі де мүм­кін. Ең бас­тысы, жаныңдағы адам­­дарға түсіністікпен, жа­на­шыр­лықпен, сүйіспен­ші­лікпен қарасаң, жүк те же­ңіл­дей бермек. Сөз арасын­да кейбір жастардың сән үшін ұстайтындығын көріп жүрміз. Бұл мүлде қате түсінік. Ащылау айтсам, айып етпессіз. Әлдебіреулердің ауызашардан кейін темекі тартқанын да көрдік. Желеуі – ауыз ашқан соң бола бередіге саяды. Бұл мүлде дұрыс емес қой. Егер жат қылығыңды қоя алмасаң, ешкім желкелеп жатқан жоқ. Әлгілердің адам сүймес қылығы жаратқан­мен әзілдескен тәрізді болып көрінеді көзіме.         

Вероника Александров­наның ораза туралы айтқан кәдімгі қазақтың жалпақ ті­лі­н­дегі әсерлі әңгімесінен ке­йін ес жия алмай қалдым. Қазақ тілін қаншалықты біле­тінін бажайлап сұраудың реті келді. Әріптесім тілінің қай тілде шыққанын анық білмейді екен. Әлде қазақ тілінде, мүмкін орыс тілінде сөйлеген шығар. Әлде қос тілде қатар тілі шықты ма екен? Қарағанды қаласында ор­та мектепті бітіргеннен кейін университеттің филоло­гия факультетіне оқуға түс­кен. Тәмамдаған соң орыс мек­тебінде мұғалім болып жұмыс істеді.

– Абайдай ұлысы бар ұлт­тың тілі бай болуға тиісті ғой, – дейді Вероника Алек­сандров­на. – Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын әуелі түпнұсқадан оқыдым, кейін орыс тілінде оқып салыстырдым. Өзгеге қалай екенін кім білсін, өзіме түп­нұсқасы қатты ұнайды. Қан­­ша жерден шебер аударыл­са да, телегей-теңіз бай тілдің нақыш-бояуын, сөз астарындағы ойды, ишара мен емеурінді толайым түгел беру, аңғарту мүмкін емес қой. Ұлт музыкасы да көркем тілі сияқты құдіретті. Біздің үй музыканы сүйетін отбасы еді. Демалыс күндері қазақ, орыс, еврей, неміс балалары жиналып қазақ музыкасын тыңдайтын едік. Әсіресе күй құдіретін. Күй – ұлт қа­зы­насы. Тылсым тарихы, зары мен мұңы, қуанышы мен шат­тығы, сәні мен салтанаты күй тілін­де жатыр. Тек түсініп, түй­сіне білу керек. Қазір күйді жұрт түсіну үшін танымдық тағы­лы­мын арттырса деймін. Мәсе­лен, тыңдарманға ең алды­мен күйдің өзі емес, тарихы ай­тылса. Қазақ күйлерінің бәрі белгілі бір оқиғаға бай­ланыс­ты құрылған ғой. Әйт­песе, көп жұрт қазір оны құй­қыл­­жыған дыбыс ретінде ғана қа­былдайды. Аққудың үнін, тұл­пардың дүбірін аңғаруы мүм­кін, бірақ ол неге бай­ла­ныс­ты, жетемізге жете бере ме? Ал ән, қазақ әні өз ал­ды­­на көл-көсір дүние. Жұ­мыс­­тан шар­шап келгенде қазақ вальсі­нің королі – Шәм­ші­­нің әнін тыңдағанға не жет­сін?! Аздап айтатыным бар. Тыңдарман қауым үшін емес, өзім үшін, жан дүнием қала­ғандықтан.            

Кейіпкерім ас мәзірі туралы да ақтарылған. Ұлт таға­мын көңілі қалайды. Ал сің­лі­сі Анжелика бар мүшесін тү­ген­деп ас пісіргенде дәмі тіл үйіреді. Верониканың да от­басында жергілікті ұлттың жеңсік асын бабына келтіріп дайындайтын өнері бар екен.

Әсерлі әңгімеден соң жан сарайым кеңіп қалғандай. Қуаныштың қызылды-жа­сыл­ды көбелегі Көкшенің көгілдір аспанында сәуірдің ақ жауынындай жауып тұрды. Қапелімде қарындас таптым, кәдімгі діні бір, тілі бір, рухтас, ниеттес қарындас. Өрісің кеңейгенге не жетсін, шіркін!

 

Көкшетау