Қазақстан • 15 Сәуір, 2021

Шындық пен өтірік

335 рет көрсетілді

Арғы замандарға бармай-ақ сөзімізді ХХ ғасыр деп аталатын жүзжылдықтан бастасақ, бұл өтіріктің өршіген кезі.

Өтірік әлемдік идеологияға айналды. Батыс Еуропада жаңа заманнан басталған өтірік ХХ ғасырда жаңа сапаға өтті.

Өтірікке бір бөгет дін еді, ХХ ғасыр секуляризация дәуіріне айналды. Еуропа діннен ажырай бастады. Дінсіз дәуірлерде өтіріктің тың түрлері ағартушылық және гуманизм, саяси, идеялық, индустрологиялық қуатқа айналды.

Батыс Еуропада қалыптасқан ағартушылық және гуманизм идеялары, әуелі Ресей, одан Қазақ елінде гуманитарлық, қоғамдық білім жүйелеріне әбден сіңіп, тарады.

Негізінде, ағартушылық және гуманистік білім, ілім, теориялар Ресей және қазақ қоғамының идеясына айналды. Ресейде Белинский тәрізді сауаттылар Батыстың ағартушылығы және гуманизм идеяларының таралуына алғышарттар жасай бастаған. Оларды ресейлік еуропашылар, ағартушылар әрі гуманистер деуге әбден болады.

Алайда еуропалық ағартушылық пен гуманистік идеяларда социализмнің «жылы ағысы» барын Ф.Достоевский секілді қаламгерлер сезген, білген, түсінген. Бір сөзбен айтқанда, социализмнің Ресей қоғамы үшін қауіпті екендігін ескерткен.

Амал жоқ. Өтірік өрістей берді, ақыры 1917 жылға жетті. Шын мәнінде, Қазан төңкерісін жасаушылар нағыз өтірікшілер болатын.

Батыс Еуропада ашықтан-ашық шыққаннан тауы шағылған өтірікшілер Ресей империясына мықтап ұя салды, оның нәтижесі жеңіске жеткен пролетарлық революция, құрылған Пролетариат диктатурасы. Бұл мемлекеттің бұрын-соңды болып көрмеген тарихи жаңа типі.

Әйгілі өтірікші Ленин бұл мемлекетті машина деді. Мақсат – тап жауларын жою. Сол үшін жаңа мемлекетке Пролетариат диктатурасы қажет болды. Оның тарихи қажеттілігін дәлелдеп берген өтірікшілер көсемі Карл Маркс. Ол қылмыс ілімін жасаушы теоретик.

 

* * *

Ленин бастап, Сталин қолдаған өтірік ілімге негізделген алып коммунистік империя құрылды, ол КСРО деп аталды. Өтіріктің тарихи өресі қысқа, империя 1917 жылы құрылып, 1991 жылы іріп-шіріп, ыдырап тынды.

Тәуелсіз елдер легі өмірге келді. Қазақстан Республикасы 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіз ел атанды. Ойладық, өтіріктің желкесі қиылды ма деп. Расында тәуелсіз ел атану өтіріктің шындыққа айналуы.

Егемен Қазақ елі – шындық. Қазақтар мәз болдық. Алайда біз қоғамдық, гуманитарлық саладағы ғалымдар сол ертеде қалыптасып әдетке, дағдыға айналып қалдық. Адасқан көпті алып шыға алатын бірде-бір салада тұлға болмады.

Бізден бұл мәселеде Балтық жағалауындағы елдер: Эстония, Латвия, Литва асып түсті.

Бертін келе өтірікті шындықтан ажыратуда Грузия, Украина, көрші қырғыздар, молдовандар алға түскендері белгілі болуда.

Қазақтар тәубешіл халықпыз. Құшағымызға қонақшылдық дәстүр негізінде көптеген жұртты алдық. Осы жағдайдан бірнеше мәселе өрбімек.

Біріншіден, тәубешілдік, яғни сабыр түбі сары алтын деу жақсы, бірақ тым тәубешіл, тым сабырлы емеспіз бе? Ойланған жөн.

Екіншіден, неге қабыл алған жұрттар қазақ тіліне, дәстүріне қызмет етпеуде. Қиын жағдай. Біз оларға қолұшын бердік, ал қазір неге олар қазақтарға қолұшын бермеуде. Ойланған жөн.

Үшіншіден, неге қазақ қоғамында сыншылдық жоқ. Сын мінді айқындаушы. Неге, Абай секілді өз мінімізді ашық айтып, одан арылу жолдарына мықтап түспей жалтақтаудамыз.

Төртіншіден, өтіріктен арылу үшін бойымызға әдет болып сіңген үрейден арылу қажет. Үрейді бізге коммунистер екті. Мәнісі Карл Маркс, Владимир Ленин, Иосиф Сталин, яғни коммунистерге, социализм, коммунизм идеяларына қарсы шықпақ.

Ресей империясына, жалпы бодандыққа, орыс елінің үстемдік саясатына (шовинизмге) қарсы шықпақ. Қазақ зиялыларының бойларынан кетпей жүрген үрей сезімінің мәнісі осылар.

 

* * *

Егемен ел болғалы – отыз жыл. Жаңа ұрпақ өсті. Ендігі жердегі үрейдің мәнісі неде? Тағы да ойлану керек.

Қазақ елін орыс шовинистері жаулап алуы мүмкін деген үрей әлі де бар, оның себептері де жоқ емес.

Бұл үрей сырттан және іштен сыр беруде. Сырттан түсінікті, кейбір Ресей саясаткерлерінің біздің елге пиғылдары жат.

Іштен, сыртқы жауларға өзіміз желеу береміз. Неге! Себептері негізінен саясатқа, коррупцияға саяды.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

ҰҒА академигі

Соңғы жаңалықтар

Амманға аттанды

Спорт • Кеше

Қадір түнінің қасиеті

Руханият • Кеше

Алматы қаласында жер сілкінді

Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Ұқсас жаңалықтар