Футбол • 16 Сәуір, 2021

Төрт клуб топ бастап тұр

232 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл 30-шы мәрте ұйымдастырылып жатқан футболдан Қазақстан чемпионатының 5-тур ойындары өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған доп додасының кезекті тур матч­тарынан кейін турнир кестесінде бір емес, төрт команда көш бастады.

Төрт клуб топ бастап тұр

Турдың шымылдық ашар кездесуі ел чемпионатында же­ңілістің не екенін білмей келе жатқан «Қызылжар» мен биыл қайтадан жоғары лигаға оралған «Ақтөбе» клубтары арасында өтті. Петропавлдағы «Қарасай» стадионында ұйымдастырылған матчта алаң қожайындары қор­жында тұрған үш ұпайынан айы­рылып қалды. «Қызылжар» ойыншылары кездесудің 90-минутына дейін 1:0 нәтижесімен алда тұрған. Алайда төреші қосқан қосымша 4 минуттың ішінде қақпаларына екі гол өт­кізіп алып, чемпионаттағы ал­ғашқы жеңілісіне ұшырады. «Ақтөбе» сапынан 90-минутта қосалқы құрамнан алаңға шық­қан Дидар Жалмұқан таразы басын теңестірсе, 94-минутта Рифат Нұрмұғамет өз командасына жеңіс сыйлады. Бір қызығы, Рифат соңғы үш матч бойы алаңға қосалқы құрамнан шығып гол соғып келеді. «Ақтөбе» өткен турда «Ордабасымен» болған матчта соңғы минутта тең есепке қол жеткізсе, бұл жолы есепті теңестіріп қана қоймай, тамаша камбэк жасады.

Алғашқы турда ғана жеңіске жетіп, кейінгі ойындарда қар­сы­ластарына ұпай «сыйлап» келе жатқан Қарағандының «Шах­тері» бұл жолы да жеңіліс тапты. «Астана Арена» стадионында Оралдың «Ақжайық» клу­бымен кездескен «кеншілер» ұжымы 2:1 есебімен жеңіліп қал­ды. 4-турда «Тараздан» 4:0 есебімен жеңілгеннен кейін «Шах­тердің» бас бапкері Әли Әлиев қызметінен кеткен соң, ко­манда тізгінін уақытша Ан­дрей Финонченко ұстаған-ды. Өкінішке қарай, клубтың аңыз ойыншысы болған Финонченко да жанкүйерлерін жеңіспен қуан­та алмады.

5-турдың орталық әрі ең нәти­желі матчы Шымкенттегі Қа­жымұқан Мұңайтпасов атын­дағы стадионда өтті. Жергілікті «Ор­дабасы» өз алаңында елор­даның «Астана» клубын қабылдап, 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ой­ынның алғашқы таймында екі команда да бір-бір гол соғып, үзіліске тең нәтижемен тарқасқан еді. Бірінші таймда алаң иелерінен Еркебұлан Тұңғышбаев көзге түссе, қонақтар сапынан Абат Айымбетов мергендік танытты.

Екінші таймда қонақтардың қарқыны күшті болды. 52-минутта Тигран Барсегян пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарса, 60-минутта Абат Айымбетов дубльдің авторы атанды. Матчтың нүктесін 78-минутта Марин Томасов қойды. Осылайша, «Ордабасы» клубы да чемпионатта алғаш рет жеңіліп, турнир кестесіндегі нәтижесін нашарлатып алды.

Турдың тағы бір тартысты ойыны «Каспий» мен былтырғы ел чемпионы Алматының «Қай­­раты» арасында болды. Ақ­тау­дағы «Жас Қыран» ста­дионындағы матчта қонақтар 10 ойыншымен қалса да, тең нә­тижеге (1:1) қол жеткізді. Кез­­­десудің есебін 32-минутта «Кас­пий» клубының жарты­лай қорғаушысы Руслан Мингазов ашты. Ал 37-минутта екінші сары қағазын алған Айбол Әбі­кен алаңнан қуылып, командасын қиын жағдайға қалдырып кетті. Дегенмен араға төрт минут салып, «Қайраттың» қор­ғаушысы Денис Поляков таразы басын теңестірді. 1:1 есебі ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Алғашқы бес турда «Қай­рат» осымен екін­ші мәрте қар­сыласымен ұпай бөлісуге мәж­бүр болды.

Мамандар тарапынан биылғы чемпионаттың бас жүлдесінен негізгі үміткер деп бағаланған Қостанайдың «Тобылы» бұл турда Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. «Тобыл Аренада» өткен кездесуде алаң иелері ойынның екінші минутында Тони Сильваның соққан го­лының нәтижесінде 1:0 есебімен басым түсіп, қажетті үш ұпайы­на қол жеткізді. «Тобыл» ойыншыларында «Қайсарды» ірі есеппен жеңетіндей мүмкіндіктер болған еді. Алайда 74-минутта Қызылорда командасының қорғаушысы Кларенс Битанг алаңнан қуылып, «Қайсар» 10 футболшымен қалса да қорғаныста сауатты өнер көрсетті.

Биыл жоғары ли­гаға оралған Аты­раудың «Атырау» клубы бесінші турда алғашқы ұпайына қол жеткізді. «Мұ­най­шы» стадионында Тал­ды­қорғанның «Жетісу» клубымен өткен ойында алаң иелері 10 ойыншымен 2:0 есебімен жеңіліп жатып, матч соңындағы жігерлі ойынының арқасында таразы басын теңестіріп кетті – 2:2.

Турдың соңғы матчында чемпионаттың дебютанты «Тұ­­ран» «Түркістан Аренада» бірін­шілікте тәп-тәуір ойын көрсетіп жүрген Тараздың «Тараз» командасын қабылдады. Тең дәрежеде өткен кездесуде қонақ команда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды «Тараз» сапынан матчтың 79-минутында Педро Эуженио салды.

18-19 сәуірде өтетін 6-турда (жексенбі күні) «Тараз» – «Ақ­жайық», «Астана» – «Қызылжар», «Қайсар» – «Атырау» клубтары кездессе, дүйсенбі күні «Ақ­төбе» – «Шахтер», «Қайрат» – «Тобыл», «Тұран» – «Каспий» және «Жетісу» – «Ордабасы» ко­мандалары ойнайды.

Турнир кестесі

Клуб

О

Ж

Т

Ұ

Доп

айырмасы

Ұпай

1

«Астана»

5

3

2

0

15-6

11

2

«Қайрат»

5

3

2

0

13-4

11

3

«Тараз»

5

3

2

0

10-4

11

4

«Тобыл»

5

3

2

0

7-2

11

5

«Ақтөбе»

5

2

3

0

11-8

9

6

«Қызылжар»

4

2

1

1

4-2

7

7

«Ордабасы»

4

2

1

1

9-9

7

8

«Ақжайық»

5

2

0

3

4-6

6

9

«Каспий»

5

1

2

2

5-6

5

10

«Қайсар»

5

1

1

3

5-9

4

11

«Тұран»

5

0

2

3

4-12

2

12

«Жетісу»

5

1

1

3

5-8

1

13

«Атырау»

5

0

1

4

5-13

1

14

«Шахтер»

5

1

0

4

2-10

0