Осыған орай Үкімет басшысы Асқар Мамин жуырда Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әрбір азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 80 мың этностық қазақтың, оның ішінде биыл 12 мың ағайынның атажұртқа оралуына жәрдемдесуді жоспарлап отырғандығын мәлімдеді. Бұл кейінгі жылдармен салыстырғанда бірнеше есе көп. Демек, Қазақстан тәуелсіздігінің ақ таңы атқанда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниежүзі қазақтарына арнайы үндеу жолдап, елге оралуға шақыруының арқасында басталған ұлы көш қарқыны тағы үдей түспек.
Ал осы көш жолындағы бірталай бөгесін Елбасының тікелей араласуымен алынып тасталғанымен, әлі де аяқтан шалатын кедергілер бар. Тіпті Парламентте көші-қон заңнамасын жетілдіруге қатысты заң жобаларын қарау барысында қандастар көтерген кейбір көкейкесті мәселелердің түйіні шешілмей, алдағы уақыт еншісіне қалдырылғандығы белгілі. Солардың бірі – кейбір шетелдерден атажұртқа қоныс аударып келген ағайындардың ұлты қазақ екендігін дәлелдеудің қиындығы. Атап айтқанда, бұл Түркия, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран Ислам Республикасынан көшіп келген және келгісі келетін этностық қазақтар үшін өзекті мәселе болып отыр. Себебі аталған мемлекеттер азаматтарының төлқұжаттарында ұлты көрсетілмейді. Ал ұлты қазақ екендігі тиісті құжат бойынша айғақталмаған ағайындарымыз жеті атасын жатқа айтып, ана тілінде бұлбұлдай сайрап тұрса да, оларға қандас мәртебесі мен жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алу құқығы берілмейді. Соның салдарынан ата-бабаларының айтып кеткен аманатын орындап, аңсаған атажұртына келгенде қазақ екендігін еш құжатпен дәлелдей алмай, мемлекет қолдауынан қағылып, ренжіп жүрген ағайындар бар.
Әрине, бұл еш ойланбастан, оп-оңай шеше салатын да мәселе емес. Өйткені оның астарында ұлттық қауіпсіздік мүддесі бар. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын азаматтық соғыстан азап шеккен Ауғанстаннан қазіргі Түркістан облысына көшіп келіп бассауғалап, өздерін «қазақтармыз» деп атап, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға тырысқан бір топ адамның шындығында ауғандықтар екені әшкереленген. Сондықтан төлқұжаттарында ұлты көрсетілмеген ағайындардың этностық қазақ екендігін анықтау механизмін жасап, заңдастырмай болмайды.
Бұл ретте назар аударарлық тәжірибе де бар: Қазақстан Үкіметінің 1992 жылғы 23 қыркүйектегі №791 қаулысына сәйкес Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына алыстан келген ағайындардың ұлты қазақ екендігін растайтын анықтама беру функциясы берілген. Алайда, аталған қаулының күші Үкіметтің 2005 жылғы 9 ақпандағы №124 қаулысымен жойылған. Соған қарамастан, Қазақстанға көшіп келген этностық қазақтардың қандас мәртебесі мен азаматтық алуына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының берген анықтамасы негіз ретінде қабылданып келген. Тек 2017 жылдан бастап бұған тыйым салынған.
Ал өткен жылы Парламентте көші-қонға қатысты заң жобасын қарау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері аталған анықтаманы беру мәселесін өңірлердің әкімдіктері жанынан арнайы комиссия құру арқылы шешуді қарастыратындығын жеткізген болатын. Содан бері бірсыпыра уақыт өтсе де, қолында шешім қабылдау құзыреті бар шенеуніктердің алыстағы ағайынның атажұртқа оралар жолына елеулі тосқауыл қойып тұрған, талай этностық қазақтың өз елінде өгейсітілуіне себеп болып отырған өзекті мәселені шешуге асығар түрі көрінбейді.
Дегенмен алдағы уақытта Үкімет осы проблеманы шешу мақсатында тиісті заң нормасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына ұсынатын болса, ескерерлік жайттарды айта кеткен абзал. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері жанынан құрылатын комиссияға мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, білікті де беделді тіл мамандарын, этнографтар мен тарихшыларды, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» Қорының өкілдерін енгізген жөн. Бұған қоса, атажұртына оралғысы келетін этностық қазақтардың құжаттарын жинап, көшіп баратын өңірлер әкімдіктерінің жанындағы комиссиялардың қарауына ұсыныс енгізу үшін шетелдердегі Қазақстан консулдарына тиісті өкілеттілік беру және сол комиссиялардың отырыстарына консулдықтар өкілдерінің және өтініш беруші ағайындардың онлайн режімде қатысуы қарастырылса, құба-құп.
Қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі Қазақстанға қоныс аудару туралы өтініш берген шетел азаматы болып саналатын ұлты қазақ азаматтардың құжаттарын қабылдайды, тіркейді және оларды халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді, сондай-ақ олармен тиісті әңгімелесуден кейін «С10» визасын ресімдейді. Ол алыстағы ағайындардың Қазақстанға көшіп келуіне жол ашады. Алайда, «Отандастар» Қоры басшыларының айтуынша, кейінгі кезде белгісіз себептерге байланысты консулдар тарапынан аталған визаны беру жұмыстары баяу жүргізілуде, ал кейбір елдерде тоқтап қалған. Биыл қандастарды қабылдауға арналған квота мөлшерін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі небәрі 1426 адам деп бекіткендігі де ойландырмай қоймайды. Аталған мемлекеттік органдар басшылары енді Мемлекет басшысының тапсырмасына және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес атажұртқа оралуды ойлаған шетелдердегі ағайындарға шындап бет бұрғаны жөн. Қандастарға бөлінген квота санын көбейту, шетелдердегі атажұртқа қоныс аударуға ниет қылған ағайындардың ұлтын анықтау механизмін әзірлеу мәселелерін тездетіп шешу, олардың өтініштерін қарау, виза беру жұмыстарын жеделдету керектігі анық. Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдері Президенттің: «Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген сөзін бұлжымас басшылыққа алып, шетелдердегі этностық қазақтарды барынша көбірек қабылдауға күш салса, құба-құп.