Ғалымның сөзінше, екпе алмайынша адамдардың «иммундық әсері» әлсіз болады. Ал екпеден соң азаматтардың 95%-ында коронавирусқа қарсы тұра алатын иммунитет қалыптасады.
«Вакциналар Ресейде немесе Қазақстанда, яғни қай жерде өндірілгеніне қарамастан, жақсы иммундық әсерге ие. Сондықтан біздің міндетіміз – халыққа вакциналаудан қорықпау керегін түсіндіру. Себебі бүкіл әлемде ұжымдық иммунитетті тек вакциналау арқылы қалыптастыра аламыз», деді С.Әміреев. Спикер өзі де вакцинаның бірінші компонентін алғанын және оның ешқандай жанама әсерін байқамағанын, алайда жұбайында вакциналаудан кейін жеңіл әлсіздік болғанын айтты. Профессордың пайымынша, әр ағза әртүрлі, сондықтан кейбір жанама әсерлердің пайда болуы қалыпты құбылыс.
«Өкінішке қарай, әлі де вакцинаның тиімділігіне сенбейтіндер көп. Тарихқа жүгінсек, шешекке қарсы вакцина жасау кезінде де оған қарсы шыққандар болған. Алайда жаппай вакциналаудың нәтижесінде ғана шешек ауруын жеңу қолдан келді. Вакциналауға сенімсіздік таныту жасанды түрде қолдан жасалып отыр. Біз бұл мәселеге өркениетті түрде қарауымыз керек және адамзат соғысқа қарағанда, инфекциялардан жаппай қырылғанын ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, біз туберкулезді менингитке қарсы БЦЖ вакцинасын қолданамыз, ол ағзаны инфекцияның өзінен емес, аурудың ауыр салдарынан қорғайды. Әзірге бізде вакциналаудан басқа коронавирустан қорғанудың тиімді әдісі жоқ», дейді С.Әміреев.
Профессор жүргізіліп жатқан егу науқанына қарамастан, бетперде режімі мен қорғанудың басқа да әдістерін сақтауды ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жалғастыру керек деп есептейді. Сонымен қатар коронавируспен ауырып-жазылған адамдар вакцина алуды кешіктірмеуі керек. Өйткені олардың антиденелері вакцина алғаннан кейінгідей күшті болмайды.
«Шындығында, басқа аурулармен ауырған адамдарда иммунитет қалыптасады, бірақ коронавирус жағдайында олай емес. КВИ ауруынан кейін жақсы иммунитет қалыптаспайды. Көптеген қазақстандық ауыр формасымен ауырды, бұл клиникалық тұрғыдан дәлелденді. Мұндай адамдар қайтадан жұқтырулары мүмкін, олардың инфекциядан кейінгі қорғаныс антиденелері әлсіз келеді. Оларда жад жасушалары қалыптасады, бірақ сонымен бірге антиденелер азаяды. Әзірге бүкіләлемдік қауымдастық вакцинаны екі рет енгізу керек дегенге тоқтады. Сондықтан кері тартып екпе салдыруды кешеуілдетудің еш қажеті жоқ», дейді ол.
АЛМАТЫ