Қанат бастаған қайырымды жігіттер Сай-Өтес ауылында жастар үшін футбол алаңын салып берді. Осы елді мекенге кіреберістегі жолды 2-3 шақырым шамасында жамап-жасқап, халық игілігіне ұсынды. Енді ауылдағы жағдайсыз отбасыға шағын баспана салып беруге кірісіпті. Олар былтыр індет басталысымен ел үшін жұмыла еңбек етті. Ақтауға барып, облыстық ауруханаға оттегі баллондарын тасып тыным көрмеді.
– Сол кезде науқастардың көпшілігі аудандардан, ауылдық жерлерден келіп жатқанын байқадық. Олар ауылда неге емделмейді деген ой келді. Сөйтсек, баллон, оттегі жоқ екен. Дереу «Халыққа көмек» штабымен бірлесіп, ауылдарға оттегі жеткізумен айналыстық. Маңғыстау ауданының барлық ауылына деуге болады, сондай-ақ Жаңаөзен қаласы маңындағы елді мекендерге ауа толтырылған бір оттегі баллоны, алты-жеті ауа толтырылған қапшық, пульсоксиметр жеткізіліп берілді және оларды қатты науқастардың үйлеріне апарып бердік. Күні-түні дамыл таппай жүрген ауыр күндер болды ол кез, – дейді Қанат Рақымұлы.
Жақында Қанат бастаған қайырымды жігіттер Сайын Шапағатов ауылында көп балалы отбасының салына бастағанмен, аяқталмай қалған баспанасының құрылысын аяқтап, қыстың суығында сылағы да бітпеген үйді паналауға мәжбүр болған жандардың қолтығынан демеп, іші-сырты сыңғыраған су жаңа үйге кіруіне сеп болды.
– Шүкір, жаныма жүрегі жұмсақ, жақсылық жасауға құштар жігіттер топтасты, – деген Қанат достарымен бірге ел игілігіне әлі талай шаруаны атқаратынына сенімді.
Маңғыстау облысы