Оқиға • 16 Сәуір, 2021

Адам өмірінің әуедегі арашашылары (Медициналық авиация қызметіне – 10 жыл)

343 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасы медициналық авиация қызметінің 10 жылдығын атап өтті. Есте болса, Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 14 сәуірдегі №199 бұйрығымен Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы құрылғаны белгілі. Бұл ұйым кейіннен Республикалық санитарлық авиация орталығы, содан кейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы болып қайта аталған болатын.

Адам өмірінің әуедегі арашашылары (Медициналық авиация қызметіне – 10 жыл)

Медициналық авиация қыз­метінің басты миссиясы – меди­циналық мекемелердің алыс орналасуы жағдайында Қазақстан халқы үшін оның қолжетімділігін жақсарту жолымен шұғыл медициналық көмек көрсету, сондай-ақ пациенттер мен зардап шеккендерді олардың жай-күйінің ауырлығы талап еткен кезде жылдам тасымалдау.

Медициналық жабдық немесе тиісті біліктілігі бар мамандар болмаған жағдайларда республиканың шалғай аудандарында тұратын халыққа уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсету үшін медициналық авиация қызметінің күштері тартылады. Медициналық авиацияның мобильдік бригадаларының мамандары әуе көлігін пайдалана отырып, оған мұқтаж әрбір адамға барынша жылдам және жоғары білікті медициналық көмек көрсетеді. Медициналық авиацияны тарту тек ел шегінде ғана жүзеге асырылмайды, сондай-ақ шетелде қиын жағдайда жатқан Қазақстан азаматтарын немесе қандастарды халықаралық тасымалдау да орындалады.

Жұмысты қорытындылай келе айта кетерлігі, 2011 жылдан бастап 2020 жылдың қоры­тындысы бойынша, 18 014 ұшып шығу, оның ішінде 85 шетелдік ұшып шығу және донор­лық ағзаларды алу бойынша 71 ұшып шығу орындалды. Сон­дай-ақ 24 945 медициналық қыз­мет көрсетілді, оның ішінде меди­циналық ұйымдарға 17 159 (69%) пациент тасымалданды, 4 010 (16%) консультация өткі­зілді, 2 398 (10%) қашықтан медициналық қызмет көрсетілді, 1378 (5%) операция жасалды. Және 23 414 пациентке, оның ішінде бала жасындағы патологиясы бар – 5 187 (22%) балаға; түрлі жарақаттары бар – 4 797 (20%) пациентке, оның ішінде ЖКО кезінде 1880); қан айналымы жүйесі аурулары бар – 3 701 (16%) пациентке; акушерлік патологиясы бар – 3 670 (16%) әйелге; патологиясы бар – 3 463 (15%) нәрестеге; басқа аурулары бар – 2 596 (11%) пациентке медициналық көмек көрсетілді.

Медициналық авиация нысанында көмек көрсетілетін пациенттер – бұл балалар жасындағы патологиялары, ауыр жарақаттары, оның ішінде жол-көлік оқиғалары нәтижесінде алынған ауыр және өте ауыр жай-күйдегі пациенттер, жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер, жүрек-қан тамырлары патологиялары бар пациенттер және басқалар. Осы көрсеткіштердің аясында медицина мамандары мен қызметтің барлық қосалқы қызметкерлерінің күнделікті, минут сайынғы еңбегі және басты нәтиже ретінде дер кезінде көмек көрсетілген денсаулық, мыңдаған құтқарылған өмір және қызметке риза емделушілер тұр.

Он жыл бойы ел Үкіметінің қолдауының нәтижесінде елімізде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар дербес медициналық авиация қызметі жұмыс істейді. Мұндай шұғыл әуе қызметтері әлемнің көптеген елінде жоқ. Сонымен қатар аз ғана елдерде халыққа медициналық авиация түріндегі көмек тегін негізде көрсетіледі. Медициналық авиация қызметі арқылы еліміздің әрбір азаматына мемлекет әлемнің қай жерінде болсын, шұғыл медициналық көмек көрсетуге кепілдікті қамтамасыз етеді.