Өнер • 16 Сәуір, 2021

Театрда «Мауглидің» тұсаукесері өтті

584 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1894 жылдары оқырманға жол тартқан «Маугли» шығармасын бұл күнде білмейтін бала жоқ. Ғасыр өтсе де құнын жоймайтын шытырман оқиғалы шығарма бүгін «Жастар» театрында сахналанды, деп хабарлайды Еgemen.kz.

Театрда «Мауглидің» тұсаукесері өтті

Балаларға арналған қуыршақ қойылымы болғанымен, ересекке де ой салатындай-ақ екен. Қойылымды көріп отырып, мынау қоғамдағы итіс-тартысты көргендей боласыз. Бір-біріне айдап салу, әлсізге әлімжеттік көрсету, арам жолмен билікке ұмтылу, жағымпаздық сияқты адамдар арасындағы құйтырқы әрекеттерді джунгли заңымен ұштастыра отырып жеткізген жазушы Р. Киплингтікі шеберлік. Міне, осыны бүгін өскемендіктер сахнадан көрді.

Қоғамда әр нәрсеге тұмсығын тығып, өсек-аяңға құмар біреу болса, қойылымда ол рөлді сабалақ ит Табаки сомдады. Сабалақ айналаға сұқатана көз тастап, барлығын білуге құмар. Ал «адам баласы джунглиге қауіп төндіреді» деген пікірдегі Шерханның көзқарасы дұрыс па дерсің кейде. Өйткені маймылдардың көсемі айтқандай, адамның қолында «қызыл гүл» бар. Яғни, от. Бұл күнде адам қолымен табиғатқа азғана қиянат жасалған жоқ. Мауглиді Акела бауырына басып, қасқырша ұлытқанымен ол – адам баласы. Аңдардың бірі бөлігі оны қабылдағанымен, енді бірқатары джунгли заңының қаталдығын ескертеді. Шойтабан Балу, алысты болжайтын Багира, ақылы мен айлакер Акела әркімнің өзі үшін өмір сүріп, қоршаған ортаның қысымына шыдас берер қабілетке ие болу керектігін айтады. Мынау біз өмір сүріп жатқан заман да сол емес пе?!

Ал осындай күрделі қойылымды қойған әртістердің төккен тері өз алдына, режиссер мен суретші тәуір еңбектенген. Қуыршақтардың костюмін нанымды етіп тігу, олардың қимылын келтіру өте үлкен еңбек. Басты кейіпкердің рөлін сомдап шыққан Томирис Аманғазы ер баланың жүрісін салу оңай болмағанын айтады.  

–  Редьярд Киплингтің бұл шығармасымен толыққанды танысуға тырыстым. Дайындық барысында Мауглидің жүріс-тұрысына мән беріп, ер балаша қимылдадым. Дегенмен тұсаукесер ойдағыдай өткен сияқты, – деді Томирис.

Қойылымның режиссері Сырым Маратбекұлының айтуынша, актерлер үдеден шықты, жоспар орындалды. Бастысы, көрермен риза.