Қоғам • 19 Сәуір, 2021

«Мал ашуы – жан ашуы» (Ұры-қары жұртты қашанғы басынады?)

361 рет көрсетілді

Қолындағы азын-аулақ малын күнкөріс көзіне айналдырып отырған ағайынды бүгінде ұры-қары басынып бітті. Бала-шағамның игілігіне, ас-ауқатқа жұмсаймын деп, дүниеқоңыздықпен емес, жан бағу қамымен көзіңнің қарашығындай сақтап, қыруар қаржыға жем-шөп сатып алып, қораңда бағып отырған немесе жыл он екі ай далада қарауылдап, қайырмалап жүрген малыңды қапыда ұры-қары қолды етсе, мұны қалай басынғандық, қорлағандық демейсің?!

Қазақ «Мал ашуы – жан ашуы» дейді. Күн көрісі тікелей мал шаруашылығына тәуелді болған кешегі бабаларымыздан қалған бұл нақылдың өзегінде ішпей-жемей малынан айырылған адамның жанайқайы жатыр. Жанға батқаннан шыққан бұл сөздің өзекті өртеп, жүрекке ауыр салмақ түсіретінін күнкөрісін жалақымен айырып отырған, көпқабатты үйлерді жайлы мекенге айналдырған ағайыннан гөрі тіршілігін төрт түлік асырап күйттеп отырған жамағат ерекше сезінеді. Сондықтан да болар, бүгінде малынан айырылып, сазға отырып қалған отандастарымыздың мұң-зары бүкіл қоғамның емес, белгілі бір топтың, дәлірегі ауылдарда төрт түлігіне иек артып күн көріп жүргендердің ғана мәселесі болып, басқаларға соншалықты әсер етпейтіндей. Мұны әлі күнге дейін елімізде мал ұрлығына лайықты тосқауыл қойылмай отырғанынан көруге болады. «Жаны ашымастың қасында басы ауырмасын» деген тірлік.

Бейбіт өмірдің басқыншылары – ұры-қарылардан құралған қылмыстық топтар еліміздің барлық аймағында «кәсіптерін» жалғастыруда. Тас қараңғы түн ішінде мал иесі үйінің есігін сыртынан тіреп қойып, қорасындағы қойы мен жылқысын ұрлап, жұрттың жайылымда жүрген түлігін өзінікіндей  жетектеп, не айдап әкетіп еркінсіген ұрылардың ізі Қазақстанның барлық аймағынан табылады. Олар құқық қорғау органдарының қарекет­сіздігін, мал иелері қолының қысқа­лығын, бейқамдығын, куәгерлердің «көрдім» деген көп сөз, «көрмедім» деген бір сөз» деп, қара басының қауіпсіздігін ойлап бұғып қалатынын, сондай-ақ қай саланы болсын шырмап жатқан сыбайлас жемқорлықтың өздеріне берген мүмкіндігін пайдаларына жаратып, ісініп-кебініп, әбден семіріп алған. Кекірік атып жүр.

Ұры-қары дегенің – көрініп тұрған жау емес. Қыр астында, қараңғы тасада сұлбасын көрсетпей жасырынып жүретіндіктен, халық бірлесіп «жау қайдалай» алмайды. Қолға түскен кейбіреулері түрмеге жабылғанымен, ондағы күнін «тамаша тәртібімен тез өткеріп», көп ұзамай бостандыққа шығып, қарқ-қарқ күліп, аяғын алшаң басып көз алдыңда кетіп бара жатады.

Мал ұрлығы қылмысын ашу статистикасы «керемет»: Былтырғымен салыстырғанда пәлен пайызға азайды, пәлен бас мал иесіне қайтарылды. Бірақ бұл халық көңілін жұбата ала ма? Мұның өзі полицияның жұмысын асыра көрсету, көзбояушылық емес пе? Біреудің малы табылды делік, ал малы табылмағандар көздері бозарып қала бере ме? Олардың ашқұрсақ бала-шағасына әлгі статистикалық жағымды мәліметтер азық бола ма? Енді жей берген наныңды аузыңнан жұлып әкету (егер ол соңғы наның болса ше?), алдыңдағы асыңды ауызға енді ала бергенде тостағыңды даңғыр еткізе теуіп жіберу қандай басынушылық болса, маңдай теріңмен өсірген малыңа сұғанақ қолын салған ұрылардың қылығы оны он орап кетеді.

Ішкі істер министрлігінің дерегіне қара­ғанда, соңғы 5 жылда мал ұрлаған 11 мың қыл­мыскер ұсталса, оның 1,5 мыңы ұйым­дасқан топтың құрамында болған екен. Кейбір ақпарат көздерінде айтылып жүргендей, былтыр­ғы 12 айда мал ұрлау ісі бойынша 2 849 заң бұзушылық дерегі тіркеліпті. Бұл цифрлардан елімізде мал ұрлығының әлі де асқынып тұрғанын, ауылдағы ағайынның қабырғасын ұрыдан көрген қорлығы қайыстырып тұрғанын анық аңғаруға болады.

Әбден әккіленіп алған, қамалса кесілген мерзімінен бұрын шығып, кейбірі аңқыл­дақ ауылдастарының кешіріміне иек артып, «кәсіптерін» үзіліссіз жалғастырып жат­қан ұйымдасқан ұрылардың алдындағы қоғамы­мыздың шарасыздығы Үкіметтің бұл бағытта тегеурінді іс-қимылға барып, пәрменді шаралар қолдануы қажеттігін анық аңғартып тұрғандай. Мал ұрлығы тыйылса, ешкімге салмақ артпай, «өз қотырын өзі қасып», азын-аулақ малымен күнкөрісін қамдап отырған ағайын бір серпіліп қалар еді, «Бәрекелді!» десер еді.

Бүгінде малы ұрланып шырылдап қалған ағайынның полиция қызметкерлеріне деген сенімі төмен. Сондықтан да бірінші кезекте жергілікті полиция бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту, олардың қызметін бағалауда мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу деңгейін негізгі өлшем ретінде алу маңызды. Мұның халық тілегімен ұштасатыны сөзсіз.

 

Соңғы жаңалықтар

Ақыретке дейінгі адалдық

Өнер • Бүгін, 10:23

Ұқсас жаңалықтар