Руханият • 22 Сәуір, 2021

«Указной молда»: Ол кім?

1900 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Патшалық Ресей дәуірінде қазақ даласын отарлаушылар басты қарсылық мұсылман діні тарапынан туындайтынын жақсы білді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәшімбаев ресейліктер тарапынан қазақтарды діни отарлау ісін зерттей келе: «Отарлаушылар  ислам діні шын мәнінде ұлттық тұтастықты ұстап тұратын ғаламат күш екенін түсінді. Дінсіздік – сананы мәңгүрттікке әкеліп, жат өркениетке бас игізіп, мәдени-рухани ассимиляцияға ұшыратып, надандыққа қалдырып, халықты ұлтсыздыққа душар ететін өте қауіпті дерт екенін жақсы білді. Міне, осыдан Ресейдің шоқындыру мен орыстандыру саясатын қалыптастырудағы басты мақсаты осындай болды»,  дейді.

«Указной молда»: Ол кім?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Сөйтіп, патшалық билік XVIII-ХІХ ғ.ғ. қазақ даласындағы діни ахуалды бақылап, үнемі қадағалап отыру үшін үкімет саясатына берілген молдаларға ғана діни шаралар өткеруге ұлықсат етіп, басқа діндарлардың жолын кесіп тастауды мақұл көрді. Бұл мақсатты іске асыру үшін Ресей Сенаты 1868 жылы қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін «указной молда» дейтін қызметті енгізді. Осы құжатта указной молдалардың қызметі нақтыланып, міндеті бекітілді.  Аталмыш құжатта:

Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды;

Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін үкімет тағайындалған молда ғана жүргізеді;

Молда азаматтық басқармаға сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады;

Молдалар облыстық басқарма мен әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады;

Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады;

Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін медіресе ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек - деген баптар енгізілді.

  Жазушы Алдан Смайыл өзінің кезекті зерттеу еңбегінде: «...мұсылман мешіттеріне указной молда деген қызмет енгізіліп, оған отарлаушылар өздері ұсынған адамдардың сайлануын қадағалады. Мұндай дін жетекшілері исламды уағыздаған сияқтанып, іс жүзінде оның күшеймеуіне қызмет етті», -десе, дәл осы кезеңде өмір сүрген орыс ғалымы А.Левшин: «Бұл молдаларды Ресей үкіметі олардың хандар мен рубасшыларды бақылып, хаттама жазып жүру үшін арнайы бекіткен» дегенді ашық айтады («Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы». 1832 ж. 313-б). Осыдан кейін қазақ қоғамында «шала молда дін бұзар, надан сопы ел бұзар» деген қағида пайда болды.

****

Указной молдалардың ел ішіндегі лаңы жайлы толық мәлімет қалдырған адам – тарихшы Құрбанғали Халид. Оның айтуынша:  «Әр жерде әртүрлі кереғар дәлелдемелер шыға берген соң, 1858 жылы Орынбор муфтиі үкіметтің үлкен жиындарына қатынасып, ел ішін реттеу үшін «указной молда» сайлатып, патша өкіметінің бұйрығы шығарылды. Ол молдалардың істерін тексеріп тұру үшін округ ахуны, облыс ахуны және мухтасибтар (есепшілер) тағайындалды. Бірақ бұл тағайындалған кісілердің көпшілігі указной молдадан білімі артық емес. Сондықтан, бұл реформаның (исламхат) пайдасы шамалы болды. Сонда да болса қазақ ауылдарына әр болысқа бір-бірден молда тағайындатып алу үшін ақша жинап беріп Уфаға қатынасқа шықты.

Молдалар күймелермен желдіртіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып, тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты. Низам (ереже) бойынша туу туралы куәлік дәптер, туған, өлген, неке, талақ сияқты істі тіркеп отыру үшін арнайы қағаздарымен рұқсат алып келді. Бұл сөз біреуді мақтау, біреуді даттау емес, хақ сөз құлақ салуға керек.

  Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де таптырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп, айып төлетіп, әуіре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы қай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды.

Указной молда келген соң, мәйіт иесіне ерік бермей підияға мынаны бересің, құранға мынаны ұсынасың, жаназаға мұны төлейсің деп ойына келгенін істейді. Тіпті: «қашан болса да бір өлім» - деп хал үстінде жатқан адамдардың підияларын тірілей алуға айналды.

Бұған бір мысал келтірейік.

Бір адамның атасы ауырып қиын жағдайда жатқанда пәленшенің өлігі сияқты шіріп, сасып, бейнамаз (жаназасыз) қойылмасын деп, ат жетектеп указной молдаға келеді, указной оған бір шәкіртін қосып береді. Шәкірт басында жалпақ үкілі қалпақ, белінде күміс белдік, қалтасында шақша, өлеңдетіп, жырлап ауылдан шығады. Жолшыбай жолдасына былай дейді:

– Сен пәленше, мен барған соң атаң өлсе жақсы, егер өлмесе, бұл ыстықта келгенімнің жазасын саған тарттырамын.

Бұл сөзді естіп, әлгі бейшара атасының өлім қайғысы есінен шығып, «құдай-ай атам өлсе өлсін, мынаның дертіне душар қыла көрме» дейтін күйге жетеді.

Қазақ әуелде көп еңбектеніп молдаларын алса да, соңынан өкініш етіп, әбден арланғандықтан ақындары өлеңге, әйелдері жоқтауға қосып, указной молдаларды ел ішінен қууға айналды», дейді (Құрбанғали Халид «Тауарих хамса». Қазақстан, «Қазақстан». 1992 ж. 68-70 бб).

****

Бұл молдакеңдер дін ісімен шектеліп қалмай, ел ішіндегі әдет-ғұрып заңдарымен да алысқан көрінеді. Бұны тағы да жоғарыдағы Құрбанғали Халидтың жазуынан аңғарамыз. Ол айтады:  «Ел ішінде жесір деп, әйелдерді ескі заманнан мирас етіп алу әдеті бар. Бұл қазақ ішіндегі үлкен бір маңызды мәселе болған еді. Молдалар бұған шектен тыс қатты араласқан еді. Ерлі әйел бір есептен өкпелеп: «Мен ерімді сүймеймін, бастан-ақ риза емес едім, арманым пәленше еді», десе, лезде өздерінен айырып, екінші біреуге жетектетіп жіберуші еді. Ерге шықпаған қыз: «Мен атам берген кісіге бармаймын, жасымда бермекші еді, енді бой жеттім, есім кірді», десе болғаны, басқа ерге беріп жіберіп, олардан пара олжалайды. Бұлар осылайша көпке тиетін зиянның зардабынан гөрі бас пайдасын артық көрді.

Бұл указной молдалар ешқандай шариғатпен санаспай, ақыл-парасатымен таразыламай, ешбір низамға салыстырмай тамағынан өткендеріне алданды, адалдықтан бүтіндей бас тартып, ардан жұрдай болып, ақшаның келер жолына көз тігумен күндері өтті. Осылайша Қазақияны атшабатын алаңдай тоздырды. Жергілікті жерлерде аздаған көзі ашық оқығандары болғанымен, келген указной молдалардың тозаңы бұларды басып кетті. Халықтың указной молдалардың үстінен берген шағымдарына ахун, мухтасибтер құлақ аспады. Сөздерін ілтипатына алмады.

Орынбор мүфтиі де өз дәрежесінде көріне алмады. Себебі указной молдалардың ісін ахундарға тапсырғанда, тексеру барысында адалдық айтылмады. Себебі, олардың указной молдалармен жеттігі бір еді. Сол үшін муфтиге указной молдаларды ақтап мәлімет түсіреді. Өкімет болса, халықтың муфтиден, молдалардан әбден безер болғанын көріп отырып, рухани іске үкімет мекемесі араласпайды. Низамда бұл жоқ деп, указной молдаларына дұрыстығын айту былай тұрсын астынан от қойып, үстінен үрлеп, олардың істеген кәсібіне өздері мәз болып, рахаттанып отырушы еді.

Жергілікті ел молдалары белдерін берік буып, намыс жалауын көтеріп неше жерден арыз жазып, ақшалар шығындап, ақырын да муфтидің қабылдауына жетіп, осылайша он жылға жетер жетпес өлгендерге билік жүргізген указной молдаларға тыйым салынды.

Осының нәтижесінде алдыңғы өздері ұстаған қағидаларынан айырылып, мына бүгінгі шариғаттан да ештеңе білмей қалып екі ортада қалып қойды. Бұл екі ортада ел арасында дінсіздік туды деп, указной молдалар уағыздауға шықты, ал халық, әсіресе қазақ халқы муфтиден бас тартты. Молда керек емес деді. Осылайша діннен безді деп айыптау басталды. Бірақ мен бұл сөздерге қосылмайтын себебім – указной молдалардың істеген істері, адам шыдап тұра алмас шектен шыққан, халықтың намысына тиетін, қорлайтын, көрмегендер нанбайтын бір ылаң қылмыс болды.

Қазақты айыптап жүргендердің қаншасын көріп жүрміз, сәл іске дауласып шариғат үкіміне риза болмаса үкіметке жүгіреді. Жер мен өлім дауы барлық ұлттарға бірдей бола тұрса да, бұлардың қасында қазақ үшін бәрінен зоры әйел дауы. Сол үшін көп көңіл бөлуді талап етеді. Әр нәрсенің уақыты, орны бар. Бұрынғылардан қалған «жылы-жылы сөйлесең жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады» деген нақыл бар. Егер молдалар халықты аз-аздап көндіріп адамгершілікке бастаса, халық мұншалықты ашынбас еді. Өздері де азық тауып, бала-шаға, ұрпақтары да дәурен сүріп жүрген болар еді», дейді (Құрбанғали Халид «Тауарих хамса». Алматы, «Қазақстан». 1992 ж. 70-71 бб).

****

Осы указной молдалар жайлы көлемді зерттеу жасаған Т.Құдакелдіұлы: «Бұлардың көбі христиан дінін қабылдаған адамдар еді,  өздерінің дінін насихаттау үшін өтірік мұсылман атын жамылып іс жүргізді, сондықтан қазақ даласындағы мұсылманшылыққа қатты шүйлікті», деген пікір айтады. Бұған  шүбә келтіруге негіз жоқ. Расында солай!

 Мысалы, мұсылман шариғаты бойынша: талақ тастау хабары айтылғаннан кейін, әйелге үш кезең ғиддада (сенімде) отыруы міндетті. Яғни әйелдің етеккірінің үш рет қайталануына дейін үйінде отырады. Осы аралықта кейбір семьялар қайта табысып кетеді немесе осы кезеңде әйелдің аяғы ауыр ма, жеңіл  ме, сол анықталады.

Указной молдалар болса, осындай ғиддада отырған әйелді өзгелерге жетектетіп жіберу сияқты сорақы істерге барған. Кейіннен ру, ел болып бұл қазаққа әдейі жасалған қастандық деп дәлелденіп, указной молдалардың кетуіне себеп болған екен (Құрбанғали Халид «Тауарих хамса». Алматы, «Қазақстан». 1992 ж.72-бб).

Алаш арысы Міржақып Дулатов 1907 жылы «Серке» журналына басылған мақаласында, «...Орысқа бағынған қазақ халқының ешқандай правосы болмауы ыза мен кекті тудырады. Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымызға, тек біздің молдаларға  тиісті неке мәселесіне аралса бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды...», - десе, (Дулатов М. Шығ.,1991.211-б). өзі діндар, Бұқара медресесін бітірген ғалым атамыз Мәшһүр Жүсіп:

Құранды қор, молданы боздай қылып,

Кірісті сөндіруге ислам нұрын,

Орысша тіл білгенді жұлдыз қылып,

Жоқ қылды шәриғаттың хұрмет сырын...- («Сарыарқа кімдікі?» Жұлдыз. №12. 1992 ж)  дейтін жырындағы кейіпкер осы указной молдалар екені анық.

Бұл мәселе жайында Абай атамыз да шет қалмай:  «Молдалар тұра тұрсын, хусусан (әсіресе) бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл тариқат (діндар көрініп) біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал (мүмкін емес), бұлар адам аздырушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе  жоқ» (Жиырма алтыншы қарасөз) - деуі, жоғарыдағы тарихи шындықтың бір парасы.