Оқиға • 19 Сәуір, 2021

Қостанайда алты айлық бала терезеден құлап кетті

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 17 сәуірде Қостанайдағы Б.Майлин 18 мекенжайында болған, деп жазады Egemen.kz.

Қостанайда алты айлық бала терезеден құлап кетті

Фото: liter.kz

Кешкі сағат 17:00-де бүлдіршін үшінші қабаттан екінші қабаттың шығынқы салынған шатырына құлаған. Оқыс жағдай туралы хабар түскен бетте жедел жәрдем мен құтқару тобы оқиға орнына дереу жетті. 

«Қуанышқа орай, бала дін аман. Құтқарушылар сәбиді ата-анасы келгенге дейін құтқарып үлгерді. Бала зардап шеккен жоқ, медициналық көмек көрсетілмеді. Көбіне қайғылы жағдайлар ата-аналардың балаларына немқұрайды қарауынан болып жатады»,  делінген ТЖМ хабарламасында.

 Жыл сайын көптеген балалар биіктіктен құлап зардап шегеді. Бұл туралы жиі айтылғанымен, қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Күн жылынып, терезелердің ашылуына байланысты балалардың ашық терезеден құлауы қайғылы жағдайға алып келуде. Көптеген ата-аналар терезені ашық қалдырудың бала үшін қауіпті болуы мүмкін екенін ұмытып кетеді.

Құрметті ата-ана!

- балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- балалардың ашық терезелердің жанында ойнауына жол бермеңіз;
- терезеде москиттік торлар болғанымен олар темір тор секілді болмайтынын есте сақтаңыз;
- баланың өздігінен терезенің алдына шығып алмауы үшін жиһазды терезеден алысырақ жерге орналастырыңыз;
- балаңызға терезеден бір нәрсе көрсету мақсатында оған терезенің алдында тұруды үйретпеңіз;
- бөлмені желдету үшін терезенің көзін пайдаланыңыз немесе терезенің жоғарғы жағын ашып желдетіңіз;
- терезенің тұтқаларын алып тастаңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды орнатыңыз;
- терезеге бекіткіштер мен бұғаттағыштар орнатыңыз.