Руханият • 19 Сәуір, 2021

Сәресінің берекесі

3592 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасиетті Рамазан айының берекеті – таңғы сәресін ішу. Қазақша айтқанда, «ауыз бекіту» асы. Бұны арабша «сухур» дейді. Сәресі уақытында өте көп берекеттер бар, - дейді ислам ғұламалары. Өйткені, қасиетті айда сәресін ішу тек мұсылман баласына нәсіп болған. Мұндай берекелі ас басқа кітап иелеріне бұйырмаған.

Сәресінің берекесі

ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, ораза кезінде сәресін ішу дегеніміз – ең алдымен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті, сол себепті бұламалды орындаған адам сауапқа кенеледі, дейді.

Сол сияқты, үлкен сахаба Зайд ибн Сабит (р.а.)жарықтық, «шынайы ниетпен сәресіге тұру сүннеттің сауабына кенелтеді» десе, тағы бір атақты  сахаба Амр ибн Ас (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Біздің ораза мен кітап иелері оразасының айырмашылығы сәресін ішуде»(Муслим) немесе «Сәресін ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар» (Бұхари) деген хадистерін жеткізген.

Келесі кезекте айтарымыз, сәресін ішу уақыты – дұға-тілек қабыл болатын сәтке дөп келетіндіктен, ораза тұтушы бұл сәтті қалт жібермей Алланың шарапаты мен қамқорынан үміт етері анық. Бұл жайлы Құран Кәрімнің «Зарият» сүресі, 18-аятында: «Олар сәресі уақытында Алладан кешірім тілейді» деген ашық үкім бар.  

Екіншіден, сәресін ішкен адамға – Жаратқанның мейірімі түседі. Үшіншіден – сәресі ішкен адамға періштелер де дұға жасайды. Оған дәлел ретінде имам бауырларымыз «Расында Алла Тағала және Оның періштелері сәресін ішушілерге рақым етіп, дұға етеді» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисін алға тартады.

Сәресін ішудің төртінші берекеті – адамденсаулығын жақсарады және тәнге қуат береді.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Сәресіге тұрыңдар. Денсаулықтарың жақсарады» деген (Бұхари).

Қорыта айтқанда, сәре уақытында мұсылман баласына басқа уақыттарда нәсіп бола бермейтін көптеген берекет бар. Әсіресе бұл мезгілдерде истиғфар айтып, Алладан кешірім тілеп, тәһәжжуд намаз оқып, дүние-ақыреті үшін дұға сұраудың қабыл болатын уақыты.

Жаратқан Алла оразамызды қабыл етіп, сәресінің берекетін нәсіп етсін!