Қоғам • 20 Сәуір, 2021

Жолда апат азаймай тұр

721 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы үш айда жол-көлік апатынан 363 адам көз жұмған. Ал жарақат алғандардың саны 3600-ден асады. Жыл басталғалы бері елімізде 2621 жол-көлік апаты тіркелген. Бұл – жол үстінде биыл ғана тіркелген қасіретті сандардың бір бөлігі ғана.

Жолда апат азаймай тұр

ІІМ-де өткен брифингте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қолға алынған іс-шаралармен таныстырып, апат санының азаймауының басты себептеріне тоқталды. Жол қауіпсіздігіне әсер ететін ең басты үш фактор – жүргізушілердің мәдениеті, жол инфрақұрылымының сапасы мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігі. Қазіргі таңда осы үш мәселе өткірлігін де, өзектілігін де жоймай келеді.

«Темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі жол қауіпсіздігіне қаншалықты әсер етеді? Бұл сұраққа нақты жауап алу үшін Әкімшілік полиция комитеті келтірген мына дерекке көз салсаңыз жеткілікті. Полиция қызметкерлері жол ережесін бұзуға қатысты жыл сайын 6 миллионға жуық хаттама толтырады екен. Биылғы көрсеткіш 1,3 миллионнан асып жығылған. Оның 437 мыңы жылдамдықты арттыру болса, 300 мыңға жуық жүргізуші жол белгілерін көзге ілмеген. Ал ішімдік ішіп алып, мас күйінде көлік айдаған жүгенсіздер саны 5,2 мыңға жеткен. Естеріңізге сала кетейік, бұл – соңғы үш айда ғана анықталған тәртіпсіздік тізімі.

«Елімізде ең көп тіркелетін жол-көлік апаты – жаяу жүргіншіні қағып кету, жылдамдықтың кесірінен көліктің аударылуы және жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, қарама-қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысу», деген С.Түсіпов жол апатының осы үш түрінен қаза болған жолаушылар санының да азаймай отырғанын жеткізді. Талдау жұмыстары жолдағы өлім-жітімнің 56 пайызы жол-көлік апатының осы түрлерімен тікелей байланысты екенін көрсеткен. Сондай-ақ еліміздегі әрбір бесінші жол апаты елді мекендерде жылдамдықты арттыруға қатысты болып отыр. Көлігі көп, жаяу жүргіншілерінің қарасы қалың қала, ауыл-аймақтардың ішінде машинасын жын соққандай айдайтын жауапсыз жүргізушілердің кесірінен соңғы үш айда 500-ден астам көлік апаты тіркелсе, соның салдарынан 44 адам қаза тауып, 681-і ауруханаға жеткізілген.

Әр алтыншы жол апаты маневр жасау ережелерін өрескел бұзу, әрбір сегі­зінші қаралы оқиға автобандарда жылдам­дықты арттырумен байланысты екенін хабарлаған ведомство өкілі осы уақыт аралығында жол ережесін бұзғаны үшін 6 мың жүргізушінің көлік жүргізу құқынан айырылғанын да айтып өтті. Ал әкімшілік қамауға алынғандар саны – 5,3 мың.

«Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау мәселесі де өзектілігін жоймай келеді. Себебі елімізде тіркелетін әрбір үшінші жол-көлік апаты да, қаза болатындар да, жарақат алатындар да жаяу жүргіншілермен тікелей байланысты. Жыл басынан бері мыңға жуық жол апаты осы жүргіншілердің қатысуымен болса, 111-і көз жұмған. Аурухана төсегіне таңылғандар мыңға жуық», деген ІІМ өкілі жаяу жүргіншілердің тәртібі түзелмей, бұл проблеманы түпкілікті шешу мүмкін еместігін  жеткізді.

Дамыған елдерде ең алдымен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне басты назар аударылады. Жүргіншілерге арналған жол бөлігін салу, қажетті қауіпсіздік белгілерін орнату – жол инфрақұрылымының жоспарында тұрған маңызды мәселелердің бір парасы. «Осындай тиісті іс-шараларды толығымен жүзеге асырмайынша, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету мүмкін емес», дейді С.Түсіпов.

Ол сондай-ақ жол қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін маңызды жайттардың бірі – жолдардың сапасы, көшелерді кеңейту, асфальтын жаңалау мәселелеріне де кеңінен тоқталды. «Жыл басталғалы жол инспекциясының мамандары шамамен 168 мың шақырымды қамтитын 8 мыңға жуық автожолды тексерді. Бұл тексерулердің жартысынан көбі елді мекендердегі көше мен жолдарда жүргізілді. Тексеру барысында жол қауіпсіздігіне теріс әсер ететін автожолдарды күтіп ұстауға қатысты 8 жарым мыңнан астам кемшілік анықталып отыр», дейді С.Түсіпов. Ел жолдарына әлі де 23 мыңнан астам жол белгісі мен мыңнан астам бағдаршам керек екенін анықтаған жол инспекторлары қосымша 767 жаяу жүргіншілер өткелін салу керектігін де алға тартты. Сегіз шақырымға созылып жатқан көшелерге жарық орнату мәселесі де толық шешімін таппаған.

«Жолдағы қауіпсіздік деңгейін анық­тай­тын тағы бір фактор – автокөліктердің техникалық жағдайы, – дейді С.Түсіпов. – Себебі елімізде соңғы үш жылда ескі көлік­тердің саны өскені байқалады. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2019 жылы техникалық талаптарға жауап бермейтін 100 мыңнан астам «темір тұл­пар» иесіне көліктерін пайдалануға тыйым салынса, 2020 жылы бұл сан 120 мыңнан асып, осыншама жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әсіресе көлігінің тежегіші дұрыс істемейтін, рульдік басқаруында ақауы бар, тарту-тіркеу құрылғылары бұзылса да жолға шыға беретін жүргізушілер бар. Сол себепті де техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған көліктерді анықтау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз».

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі болып қала береді. Осылай деген Әкімшілік полиция комитетінің қызметкері жол апатының алдын алуда заманауи тех­никалық құралдардың да көмегі көп екенін мәлімдеді. Мәселен, өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 3,5 мыңға жуық қосымша бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл бұл құрылғының саны 13 мыңға артқан. Жол сақшыларының сенімді «әріптесіне» айналып қана қоймай, жолаушылар мен жүргізушілердің тәртібін түзетуге де оң ықпал еткен камералардың көмегімен жыл сайын 5,6 миллиондай жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркеледі екен. Бұл дегеніңіз жолдағы әрбір екінші жол ережесін бұзу фактісі ескерусіз қалмайды деген сөз.