Руханият • 20 Сәуір, 2021

«Құрметті азамат» атануыма көмектесші...»

939 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осындай өтінішті алыс-жақын ағайындар ара-тұра айтып жатады.

«Құрметті азамат» атануыма көмектесші...»

Қызылжар өңірінде дардай басшылық қызмет атқарып жүрген кезінде былық-шылығы әшкереленіп, орнынан алынып қана қоймай, бұл туралы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, абыройы жалпақ жұрттың алдында айрандай төгілген бір жасы үлкен кісі арада он шақты жыл өткенде маған: «Алдағы жетпісжылдық мерей­тойымның қарсаңында «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын алғым келеді. Қандай жәрдемің болады?..» деп қолқа салғаны бар. Мемлекеттік қыз­меттегі мансабын масқарашылықпен аяқ­тағанын  мүлдем ұмытқандай, «Ол атақты мен алмағанда кім алады?» дегендей, менменси сөйлегеніне қарап, «Мына ағамыз қалай өзі?..» деп, қайран қалғанмын. Содан кейін әлгі экс-шенеунік облыс түгіл, өзі туып-өскен ауданның құрметті атағын алуға еңбегі сіңді ме екен деп, сұрастырып көргенімде тіпті жағамды ұстадым. Себебі ол бір кезде өзінің туған ауылының қыруар жерін баласының атына жалға алып, егіншілікпен айналысқанымен, жұмысқа салған ауылдастарының еңбегіне дұрыс ақы төлемей және олардың өзіне сеніп тапсырған жер үлестері үшін де жартымды ештеңе бермей, бәрін қатты ренжіткен болып шықты. «Ол ағайды ауданымыздың «Құрметті азаматы» атағына ұсынсам, басым пәлеге қалады. Өйткені оны мұнда ешкім құрметтемейді», деді аудан әкімі. 

Жуырда астанада тұратын тағы бір жер­лесім  хабарласып, «Солтүстік Қазақстан об­лысының Құрметті азаматы» атағын әзірге сұра­май-ақ қояйын, әуелі өз ауданымдікін алсам да жарар. Сен аудан басшыларын  танисың ғой, бір ауыз сөзіңді айтшы...» деп қиылды. Ол азамат өмір бойы басқа өңірлерде қызмет істеген еді. Алған атақ-марапаты да бір басына жетерліктей. Тек оның өзі туып-өскен ауданы түгіл, туған ауылына да қолұшын созып, қарайласпағанын білемін. Сондықтан қоштамағанымды сездіріп, үндемедім.

Негізі, оған ренжуге де болмас. Себебі қазір ауданның ғана емес, облыстың «Құр­мет­ті азаматы» деген атағының өзін де кім ал­май жатыр?! «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болып тұрған әкімдер жер­гілікті мәслихаттардың өз айтқандарынан шық­пайтын «көңілшек» депутаттарының «бір ауыздан» қолдауымен кімге бергісі келсе, соған бере салады.

Мәселен, теріскей өңірдің бұрынғы әкім­дерінің бірі  облыстың «Құрметті азаматы» атағын өзіне  мешіттің асханасындағы  ауыз­ашарда қатырып мақтап бата берген ақ­сақалға әпергені әлі есімде. Ал ол кісі кезін­­де жарытып жұмыс істемей, зейнетке бір жыл бұрын аттандырылғанын (кеңес өкі­меті тұсында сондай «жеңілдік» болған) жақсы білуші едім...

Сондай «құрметтілердің» ішінде жұрт жемқорлығын білетін кешегі шенеунік те, парақорлығы үшін орнынан алынған судья да бар. Осындай  атақты өзінің кандидаттық диссертациясын «жазуына» жәрдемдескен ғалымға әперіп тұрып: «Бұл кісіге алдағы уақытта мал шаруашылығын көтеруге аянбай атсалысатындығы үшін аванспен береміз», деп ішек-сілемізді қатыра күлдірген әкім де болған. Ол әкімнің өзі де кейін қызметінен сөгіс алып, түсіп қалса да, арада уақыт өте келе, «құрметтілердің» қатарынан ойып орын алыпты. «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, жуырда бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталып, түр­меде бірнеше жыл отырып шыққан экс-шенеу­нікке де мерейтойына орай кезінде өзі бас­қарған ауданның «Құрметті азаматы» атағы беріліпті деп естідім.

Әрине «Құрметті азамат» атағын алған­дар­дың ішінде лайықты тұлғалар  аз емес. Тек солар жұрт алдында абыройдан жұрдай бол­ған, ел ішінде биені бүгімен, түйені түгімен жұт­қан жемқорлығы  жайлы неше түрлі «аңыз» айтылатын кешегі шенеуніктермен салтанатты жиындарда бір қатарда отыруға іштей ұялып, намыстанатын да шығар-ау...

Сондықтан осы, қадірі түскен атақты беруді доғарып, оның орнына бәленбай ауданның және бәленбай облыстың «Құрметті меценаты» немесе «Атымтай жомарты» деген жаңа атақ енгізсек және оны  Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасына қуана үн қосып, туып-өскен ауылдарына миллиондаған теңгенің әлеуметтік-мәдени ғимараттарын салып беріп жатқан кәсіпкер азаматтарға берсек, дұрыс емес пе? Шынтуайтында, мұндай жаңа атақтың жөні бөлек қой. Ал даңққой ағайындарға атақ керек болса, атамекендеріне қолұшын берсін. Бәлкім, сонда жергілікті басшыларға әркімді салып, атақ сұраушылық та өз-өзінен тыйылар...