Технология • 20 Сәуір, 2021

Банктегі онлайн қызмет

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия қызметтерді онлайн ұсынуға мәжбүр етті. Сөйтіп, нарықта тұтынушылар үшін күрес­тің жаңа кезеңі басталды. Тікелей қаржы өнімін ұсынатын банктер бұл бәйгеге жедел қосылып, өз функциясын заман ағымына жылдам ыңғайлауы тиіс еді. Бірақ отандық қаржы инсти­туттарының қимылы шабандау көрінеді. Әрине, көзге ілінетін кейбір ілгерілеуші факторлар да жоқ емес.

Банктегі онлайн қызмет

Еліміздегі 25 банктің төртеуі ғана тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу төлемі арқылы алуға мүмкіндік беретін онлайн-дүкен қызметін ұсынып отыр. Олар – ForteBank, Halyk Bank, Jusan Bank және Kaspi.kz. Ал 11 екінші деңгейлі банктен депозитті онлайн ашуға болады. Ranking.kz мәліметі бойынша 2020 жылдың соңында интернет-банкинг пен мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 28,7 млн-ға жеткен.

Finprom.kz дерегі бойынша 2021 жылдың алғашқы екі айының өзінде-ақ 7,7 трлн теңге онлайн төленген. Бұл 2020 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Соның ішінде онлайн төлемдердің 82 пайызы мобильді қосымша және интернет арқылы жүзеге асқан. Осыдан-ақ қолма-қол төлемнің жыл санап қолданыстан шыға бастағанын аңғару қиын емес.

Әр банктің ұсынған шарттары мен қызмет форматы әртүрлі. Мәселен, ForteMarket онлайн-дүкенінен тауарды төрт айдан екі жылға дейінгі уақытқа бөліп сатып алуға болады. Бұл ретте тауар құны 600 мың теңгеден аспауы керек. Halyk Market пен Kaspi.kz қосымшаларында бөліп төлеу тек үш айға белгіленген. Алайда кейбір сатушылар 12 және 24 айға бөлуге рұқсат береді. Jusan Bank клиенттері тауарды үш айдан бастап екі жылға дейінгі уақытқа бөле алады. Шекті сомасы – 1,5 млн теңге.

Соңғы уақытта бірқатар қаржы институты түрлі клиент­терге онлайн қызметтер ұсына бастады. Мәселен, «Отбасы банк» займды ішінара мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік беретін онлайн-өтініш функциясын іске қосты. ForteBank қызметін тұтынушы жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар үйден шықпай-ақ онлайн шот аша алады. «Бұл бизнестің онлайнға көшуін ынталандырып қана қоймай, пандемия кезінде тәуекелдерді де азайтады», дейді банк. Ал Halyk Bank және Kaspi.kz маркетплейсі арқылы жеке кәсіпкерлікті тіркеу процедурасы енгізілді.

2020 жылы банктер жағдайға бейімделіп және соған орай түрлі функциялар қосуға әрекет жасаса, 2021 жылы онлайн нарықта бәсекелестік орнап, соған сай тұтынушылар үшін де таңдау еркіндігі туындайды деген үміт басым.