«Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамды, яғни жас шектеуі мен медициналық көрсеткіштерін ескере отырып немесе қала тұрғындарының кемінде 60%-ын вакциналау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда елордада 65 мыңнан астам адам коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алды. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының, дипломатиялық қызметтердің мамандары және созылмалы аурулары бар адамдар, сол сияқты тілек білдірген азаматтар бар. Вакцинадан кейін асқынулар тіркелген жоқ», деді Т. Мұратов.
Ол сондай-ақ халықты вакциналаумен кеңінен қамту үшін қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін артқанын, АМСК ұйымдарында жұмыс уақыты 08:00-ден 24:00-ге дейін, ойын-сауық орталықтарында 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс уақыты ұзартылғанын айтып өтті. Сондай-ақ қаланың екі ірі «Mega Silk Way» және «Хан Шатыр» СОО-ларында егу аймақтары ұйымдастырылды.
Бір апта ішінде «Mega Silk Way» 1 800-ден астам адамға коронавирусқа қарсы екпе салды. Жақын арада мұндай пункттер «Керуен» сауда-ойын сауық орталығы мен мен «Абу-Даби Плаза» кешенінде де ашылады. Қажет болған жағдайда вакцинация пункттері қаланың қонақ үйлерінде де ашылмақ.
Халықтың COVID-19-ға қарсы вакцина алу белсенділігінің жоғары болуына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жылжымалы бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакциналауға кірісті. Әртүрлі кәсіпорындарда COVID-19-ға қарсы вакцина алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді.
«Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциямен күрестің маңызды кезеңі – халықты вакциналау. Вакцинация күшті профилактикалық шара болып саналады және оны қолданудың пайдасы аурудың ықтимал қауіптерінен едәуір асып түседі», деп атап өтті спикер.