Осы аптада «Asia Park» сауда және ойын-сауық орталығында орналасқан «Арман» кинотеатры, «Аружан» сауда және ойын-сауық орталығындағы «ARU Cinema» кинотеатры, «Сарыарқа», «Керуен» және «Keruen City» сауда және ойын-сауық орталықтарындағы «Kinopark» кинотеарлар желісі, «TALAN GALLERY» нысанындағы «KERUEN CINEMA» кинотеатры көрерменге өз есіктерін қайта ашты. Тағы «Movie Room», Chaplin кинотетарлар желісі де қосылды.
«Кинотеатрлар қажетті тіркеу және нұсқаулардан өтіп, QR-код алды. Енді санитар дәрігер жазған қауіпсіздік шараларын сақтап, апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Міндетті талаптар қатарында – келушілерді әр екі орындық сайын шахмат тәртібінде отырғызу бар, жалпы толымдылық 30 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар маска кию – келушілер мен персоналға қойылған міндетті талап. Нысандар ішінде санитарлық өңдеу жүргізіліп отыруы керек», деді Нұр-Сұлтан қаласы өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш.
Бұл орайда «Арман» кинотеатрының өкілі Камила Башпанова әр жаңашылдық секілді жобаны қолдануда біраз сұрақ барын айтты. Дегенмен кинотеатр қызметкерлері көмегімен келушілер қосымша талаптарын тез игеріп жатыр.
«Әкімшілеріміз қонақтарға қосымшаны жүктеуге көмектесіп, қосымшаға қалай тіркеліп, қолдану қажеттігін түсіндіріп жатыр. Кинотеатр ішінде қосымшаны қолдануға қатысты нұсқаулықтар ілінген. Жалпы алғанда, адамдар жаңашылдыққа тез бейімделіп, сақтық шараларын қолдануға дайын», дейді ол.