Залға институт курсанттары кіріп келіп, қаз-қатар тізіліп отырысымен аудиторияны көңілді күй кернеп кетті. Бәрі де қазақтың өрімдей жастары. Арасында басқа этнос өкілдері бірен-саран ғана.
Сонымен, семинардың жұмысы басталып кетті. Бірақ... Іс-шара басталғаннан аяқталғанша тек орыс тілінде жүргізілді. Бізден басқа баяндамашылар да алдын ала дайындаған мәтіндерін тегіс орыс тілінде оқыды. Және олардың көбі қазақтар еді. Ал біздің ана тілімізде сөйлеген сөзімізге жастар елең етіп, ерекше ынта қойып тыңдағаны анық сезілді. Демек оларға нақ ана тілінде айтылатын сөз керек. Мұның өзі курсанттардың көпшілігі қазақтілді ортадан шыққандығын көрсетіп тұр.
Ал іс-шараның барысы оларға әскери қызметте мемлекеттік тіл керек емес сияқты әсер қалдырды. Біз өзі қай елдің сардарларын даярлап жүрміз деген ой келді басымызға. Осындай идеологиялық іс-шарадағы әңгіменің тым болмаса 30-40 пайызы қазақша айтылуға тиісті еді ғой. Қазір тіпті орыс ағайындардың өзі қазақшаны жатсынбай қабылдайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болу керек», деп жазғанын Әскери институт басшылығы құлағына ілмеген бе, қалай? Әлде ол мақаланы оқымаған ба?
ПЕТРОПАВЛ