Сөйтіп, бірінші болып бұл бастаманы өздері жүзеге асырып отыр. «Тұрақты жұмысымыз болмаған соң, Жаңатас қаласынан Тараз қаласына тұрғындарды тасымалдап нәпақа табамыз. Күнделікті табысымыз да аса көп емес. Жаңатастан Таразға дейін бір адамға 2 мың теңге жолақы аламыз. Бүгінде бұл бағаны 2500 теңгеге көтердік. Себебі жанармай бағасы 20 теңгеге қымбаттап кетті. Соған қарамастан, Рамазан айында тұрғындарды тегін тасымалдауға бел байладық. Әрбір жұма күні таңғы жетіден бастап Жаңатастағы мешіттің жанынан облыс орталығына баратын тұрғындарды тегін жеткіземіз. Кері қайтқанда да тегін алып қайтамыз», дейді такси жүргізуші Рауан Дүйсенбиев.
Қасиетті айда сауапқа кенелгісі келген жаңатастық 7 такси жүргізушісі осындай игі бастаманы бастап кетті. Көлік жүргізушілері енді бұл бастаманы эстафета ретінде өзге де бағыттарға жолаушы тасымалдайтын азаматтарға жолдағысы келетінін айтады. Бұл ретте мұндай игі іске Жаңатас қаласының жастары да қолдау білдіруде.
«Тараз қаласы мен аудан орталығы арасында күніне 100-ге жуық адам таксимен қатынайды екен. Сондықтан да такси жүргізушілері осы айда қайырымды іс жасауға бел буыпты. Мұндай игі іске өзге де көлігі бар азаматтар ниет танытып отыр. Аталған бастаманы біз әлеуметтік желі арқылы аудан тұрғындарына хабарладық. Нәтижесінде, бұл бастаманы қолдайтындардың қатары артуда. Сондай-ақ бүгінде карантин талаптарына байланысты көп адамның басын қосып, ауызашар беруге болмайды. Сондықтан да аудан тұрғындары күнде бізге қаржы жинап береді. Ол қаржыға біз күнделікті 80 адамға тегін тамақ таратып жүрміз», дейді Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы Бауыржан Балғабай.
Жамбыл облысы