Руханият • 21 Сәуір, 2021

Сортөбенің бағы еселеніп келеді

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Қордай ауданының Сортөбе ауылында 24 мың халық тұрады. Жергілікті халықты негізінен дүнген ұлтының өкілдері құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Сортөбенің бағы еселеніп келеді

Қазіргі кезде ауылдың бірлігі жарасып, ынтымағы артып келеді. Әсіресе, дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйренуде белсенділік танытуда. Ауылдағы «Достық» балабақшасында бүгінде 27 бала тәрбиеленіп жатыр.

Балабақша меңгерушісі Хеджер Идыбоның айтуынша, балалар қазақ тілін үйренуге құштар екен. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ ауыл тұрғыны Леджей Сыров та ауылдағы ахуалдың тұрақты екенін айтады.

Өткен жылы Сортөбе ауылынан «Имамдар үйі» ашылған болатын. Аталған орталық ауылдықтардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, ислам, иман тұрғысында дәріс өтіп келеді.

Бүгін мұнда келелі рухани басқосу өтіп, Сортөбе ауылына арнайы келген Алматы қаласы, «Байкен» мешітінің наиб имамы Нұрболат Дүйсебаев көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев те сұхбат берді.

«Бүгінде Қордай ауданындағы 62 мешітте 91 діни қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 30 қазақ, 59 дүнген ұлтының өкілі бар. «Отанды сүю – иманнан» демекші, бұл орталық халықты тура жолға шақыратын жер. Сондай-ақ жергілікті имамдар да қазақ тілінде уағыз айтуға дайындалып жатыр», дейді Бейбіт Мырзагелдиев.

 

Жамбыл облысы,
Қордай ауданы.