Ұлт қаймағын қынадай қырса да, қандағы бар тектілік қайта оралып, генетиканың ұлы заңы талай асыл ұлдарды дүниеге әкелді. Дегенмен, бұл тәуелсіздіктің қазаққа берген ең басты үш қазынасы бар.
Саяси тұрақтылық – басты құндылық
Саны бізден бірнеше есе көп, бірақ тағдырдың тауқыметі мен тарихтың теперішін көріп, елдігінен айырылған, мемлекеті жоқ халықтарды көргенде бұған әбден көзің жетеді. Тәубе дейсің. Өйткені өмірде бәрі де салыстырмалы.
Иә, тәуелсіздік жарияланған 1991 жылы елімізде қазақ халқының саны небәрі 40%-дың о жақ, бұ жағында болуы – ойланарлық нәрсе. Өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында ұлтымыздың осындай азшылыққа айналуы ғасырларға созылған отаршылдықтың салдары еді. Бұған сол 40% қазақтың жартысына жуығы өзінің ана тілін білмегенін қосыңыз. Мұның зардабын әлі тартып отырған жайымыз бар. 60% өзге этностар мекендеген және жерасты қазба байлығы өте мол ұлан-ғайыр аумақта қазақ халқының жеке дербес ел ретінде тарих сахнасына көтерілуі алда әлі де өте күрделі міндеттердің тұрғанын іштей сездіретін.
Мәселен, АҚШ-тың кәнігі саясаткері З.Бзежинский «Ұлы шахмат тақтасы» кітабында «Югославиядан кейінгі соғыс Қазақстанда болады» деп сәуегейлік жасауға дейін барды. Бұдан көп этносты, көп конфессиялы елдің болашағына шыныменен сенімсіздікпен қараған әлемдік саясаттағы салмақты тұлғалардың аз болмағанын байқаймыз. Алайда мұндай сәуегейшілердің зілдей қып айтқандары бүгінгі күн биігінен сандырақтай көрінгенімен, сол кездегі жағдаймен алып қарағанда негізі де жоқ емес еді.
Саяси тұрақтылық сөз болғанда айналып өте алмайтын тағы бір шындығымыз – геосаяси тұрғыда қиын жерде орналасқанымыз. Біз, тарихи әдебиеттегі бейнелі тілмен айтсақ, «аю» мен «айдаһар» атанған алып империялардың арасында сан ғасырлар бойы амалдап өмір сүріп келе жатқанымызды ұмытпауымыз керек.
Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көл-көсір табиғи байлығы, көптеген елдің қуат көздеріне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзіндік салмақты орны һәм саясаты бар мемлекет екенін көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден, біздің энергетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» (Назарбаев Н.Ә. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан туралы салиқалы сұхбат // Алтын Орда. 2007. 17-19 сәуір), деді.
Қай кезде де ел басқару оңай болған емес. Қай заманда да, қай қоғамда да дара тұлғаның жөні бөлек. Елім деген, жерім деген ерлердің тарихтың тар тұстарында қандай іргелі істер атқара алғанына кәрі тарих куә. Әлемдік саясатта кез келген уақытта оқтын-оқтын болып тұратын саяси ойындар мемлекет тізгінін ұстаған билеушінің бойынан дара бітімді, ерекше тұлғаға тән көптеген жеке қасиетті талап етеді.
Тіршілік заңы – күрес. Әлемде геосаяси ойындар әдеттегідей тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қанын төгіп, жанын берсе, ендігі күрес, ендігі мақсат – тәуелсіздікті мәңгілік ету. Осы ретте аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білімі кемел Әбіш Кекілбайұлы: «Мынау өліп-талып келген тәуелсіздікті ақымақ иттің алдына қойған ас сияқты төгіп алатын болсақ, ертең біздің күніміздің не болатыны әлі белгісіз. Оның үстіне бізге алтын сандықтың үстінде отырған алты жасар бала деп қарайтындар бар. Мен баяғыда тәуелсіздік алған жылы да осылай сөйлегенмін. Соған әлі де көзім жетіп келе жатыр. Жер астында жатқан байлық қазақтың бағы ма, соры ма, оны тарих шешеді...Тарихтың өрмегін сен тоқымайсың, ұлт тоқымайды. Тарихтың өрмегін бүкіл адамзаттың коллизиялары тоқиды. Сен соның қайсысына шыдам бере аласың, қайсысына ақылың жетеді, қайсысына күшің жетеді, қайсысына айлаң жетеді, қайсысына арамдығың жетеді», деген еді (Кекілбайұлы Ә. Сырым – дала демократиясының реформаторы // Орал өңірі. Орал. 2007.13 қыркүйек).
Осы айтылғандардың қай-қайсысы да ел тізгінін ұстаған мемлекет басшыларының, игі жақсылардың мойнында, өз халқының алдында қаншалықты жауапкершілік жүгі бар екенін көрсетеді.
Ұлтымыздың қатары қалыңдады
Еліміз тәуелсіздік алғанда мемлекеттің негізін қалаған ұлт – қазақ өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында небәрі 40-ақ пайыз болғанын жоғарыда айттық. Бұл – тарихи шындық. Тіпті солтүстік облыстарда байырғы ұлттың саны 20%-дан да төмен құлдырағаны ешкімге жасырын емес. 1959 жылғы халық санағы бойынша, республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың небәрі 29%-ын ғана құрап, өз жерінде ұлттық азшылық жағдайына түскенімізді қазір мектеп оқушысы да біледі.
Атақонысында отырған байырғы ұлттың жанына бататын осы бір өте төмен көрсеткіш халқымыздың балажандылығы мен өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қытайдан келген 200 мыңдай қандастарымыздың арқасында 1960-1991 жылдар аралығында 2,5 есеге жуық өсіп, еліміз тәуелсіздік жариялаған тұста 7 млн-ға жетіп, соның өзінде республика халқының тең жартысын да құрай алмаған еді. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, мемлекет тарихында мемлекет құраушы титулды ұлттың саны ерекше рөл атқаратындығы белгілі.
Біз осындай мүсәпір халге қалай түстік? Ол үшін тарихқа сәл шегініс жасағанымыз дұрыс. 1913 жылы «Қазақ» газетінде қайран Ахаң, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әлхамдуллаһи, әйтеуір қазақ 6 миллионға жеттік» деп қуанған екен. Тура бір ғасыр, яғни жүз жыл өткеннен кейін республикадағы қазақ халқының көрсеткіші енді-енді көтеріле бастаса, кейбір деректер бойынша сол кезде 1-2 миллион болған «өз ағамыз» өзбектер қазір 30 миллионнан асып жығылыпты. Көршілеріміз сияқты еселеп өсудің орнына қазақ халқы өзінің атамекенінде тұрып-ақ, құрып кетудің алдында тұрды.
Неге бұлай болды? ХХ ғасырда қазақтай азап көріп, «мың өліп, мың тірілген» халық жер бетінде сирек. Біріншіден, кеңестік кезеңде қазақ қолдан жасалған ашаршылық, ұлт асылдарын қынадай қырған қуғын-сүргін, әртүрлі қақтығыстар мен соғыстар, т.б. салдарынан қойша қырылды. Екіншіден, голощекиндік асыра сілтеу кезінде жан сақтау мақсатында көрші елдерге миллиондаған қандасымыз көшіп кетуге мәжбүр болды. Үшіншіден, әуелі патшалық Ресей, кейін Кеңес Одағы тұсында әртүрлі делимитациялар (шекара межелеу) тұсында кесіліп қалған жерлерімізбен бірге қандастарымыз шекараның арғы жағында көздері мөлдіреп қала берді.
Елімізде соңғы санақ 2009 жылы өтті. Санақ көрсеткіші бойынша жергілікті халықтың саны 65% болса, 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәліметте еліміздегі этностардың арасалмағы өзгергендігі байқалады: қазақтар 71%, орыстар 21%, өзге этностар 8%-ды құраған екен. Француз Ашиль-Клод Дебюсси «Кез келген билікті бағалаудағы өлшем – сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халық санының өсіп немесе кемуі», деген екен. Бұл даналық сөз тәуелсіз Қазақстан билігі ұстанып келе жатқан ішкі-сыртқы саясаттың өресі мен өрісін аңғартқандай.
Осылай, ел аман, жұрт тыныш болса, қазақ халқының саны өз Отанында әлі де көбейе беретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұған да шүкіршілік. Қазақтың саны – қазақтың айбары. Қазақтың саны – қазақтың рухы. Қазақтың саны – қазақтың болашағы.
Қазақ «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді бекер айтпаса керек.
Қазір, Құдайға шүкір, біз тұрып жатқан Орал қаласында тәуелсіздік тұсында ашылған №1, 2, 4, 5,10, 19, 22, 27, 29, 30, 33, 34, 36, 37, 38, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 50 мектептердің барлығы қазақ тілді. Бұрынғы орыс мектептерінің өзі алдымен аралас мектепке айналып, сосын қазақыланып жатыр. Мысалы, №12, 13, 14, 16, 18, 20, 21, 25, 26, 31, 45 мектептер.
Әрине Қазақстанның Ресейге шығатын батыс қақпасы саналатын Орал шаһарында қазақ мектептерінің жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанына жаның сүйсінеді. Кеңес билігі тұсында ұзақ жылдар астанамыз болған, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласының өзінде бір-екі ғана қазақ мектебі болса, сол тұста Орал қаласында бір ғана қазақ мектебі (қазіргі С.Сейфуллин атындағы 11-мектеп) болғанын еске түсірсек, көп нәрсенің бізге өзінен-өзі түсінікті бола түсері хақ.
Жаңа астана – алтын шаңырағымыз
Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейінгі ел билігінің жедел қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі – астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру болды. «Ел экономикасы әлі түзеліп кете қоймаған тұста осының бізге қаншалықты қажеті бар еді?», деушілердің де қарасы аз болмағаны белгілі.
Әрине 1854 жылы майор М.Перемышельскийдің отряды негізін қалаған Верный әскери бекінісінің уақыт өте келе сәнді де сәулетті, Қазақстандағы алып мегаполиске айналарын о баста ешкім болжамаған да болар. Астаналардың лезде қанатын кеңге жайып, ондағы халық санының күрт көбейіп, жоғары жылдамдықпен еселеп өсетіні дүниежүзі тарихынан белгілі. Бір қарағанда, астаналардың ауысып, өзгеріп отыруы қалыпты құбылыс сияқты.
Әлемдік тәжірбеге көз жүгіртсек, Жапонияның ескі астанасы – Киото (батыс астана), жаңа астанасы – Токио (шығыс астана), қытайларда Бейжің – солтүстік астана, ал Нанкин – оңтүстік астана рөлін атқарды. Түркия астанасын Ыстанбұлдан Анкараға көшірсе, Ресейде Мәскеу мен Санкт-Петербург, АҚШ-та Филадельфия, Нью-Йорк, 1800 жылдан бастап Вашингтон болғанын тарихтан білеміз.
Кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның астаналары да бірнеше мәрте өзгергені белгілі. Мәселен, олар Орынбор (1920-1924), Қызылорда (1925-1929), Алматы (1929-1998) болып жалғасады.
Қысқасы, тәу етер тәуелсіздікке қадам басуымыз әлемдік тарих сахнасына көтерілген балауса мемлекет ретінде өз астанамызды өзімізге таңдау жасауға мүмкіндік берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты – Жетісуды қимай кеттік.Тарихтың қатал талабы осындай», деген сөзінің астарында зор мағына жатыр. Тұңғыш Президентіміздің «тарихтың қатал талабы осындай» деген сөзінің әр әрпінде зіл батпан ауыр жүк жатқаны анық.
Себебі мемлекет астанасының елдің қиыр шетінде орналасуы геосаяси тұрғыдан өте қауіпті. Мұны дәлелдейтін тарихи деректер жеткілікті. Осы ретте қазақ тарихының алты ғасырлық шежіресін көркем әдебиетте асқан суреткерлік шеберлікпен сомдаған, сол жолда қыруар ортағасырлық деректермен жүйелі жұмыс істеген классик жазушымыз Ілияс Есенберлин «Алтын орда» трилогиясында мынадай тамаша үзік келтіреді: «Ол ерінбей орнынан түрегеліп, қолындағы күміс кесесін, үйдің дәл ортасында төсеулі жатқан түкті кілемнің ортасына апарып қойды. Сөйтті де қайтадан орнына кеп отырды.
– Мынау жатқан түкті кілем ноғайлы, қыпшақ елінің жері, ал анау күміс кесе оның Ордасы – астанасы. Ақылды биім, сен мына кілемді баспай, бүлдірмей маған анау күміс кесені алып берші...
Төре би үндей алмай қалды. Қарт жырау кеңк-кеңк күлді.
– Әрине, алып бере алмайсың. Оған ақылың жетпейді.
Қарт жырау енді жан-жағына түксие қарады.
– Мүмкін бұл кесені маған басқа біреуің алып берерсіңдер?! Қане, қайсың барсың?! Тек кілемді баспайсыңдар...
Кең сарайдың ортасына төселген кілем үлкен еді. Оның үстінен жүрмей, күміс кесені алу тіпті мүмкін емес. Отырған жұрттың бірде-бірі үндей алмады.
– Қане? – деді Асан қайғы, сөйдеді де ханға қарады.
– Жарайды, мен алып берейін, – деді Жәнібек күлімсіреп.
Ол орнынан түрегеліп, кілемнің жанына барып, бір шетінен бүктей бастады. Сөйтіп кілемді бүктей-бүктей ортада тұрған кесеге де жетті. Еңкейіп қолына алып, Асан қайғыға берді.
– Мінекейіңіз, – деді ол кесені ұсынып. Өз жұмбағының шешімін тапқан ханға риза болған Асан қайғы оған сәл жылы қарады.
– Сені жұрт босқа «әз» демесе керек-ті, – деді қарт жырау. – Ал енді менің Ордаңды бұл шаһардан неге көшір дегенімді түсіндің бе?
Жәнібек сәл басын иді.
– Түсіндім. – Ол орнына барып отырды.
Асан қайғы хан тапқан шешімге ақылы жетпей, күп-күрең болып қорланып отырған Төре биге бұрылды.
– Хан Ордасы деген – ел Ордасы, – деді ол. – Орда – халық үйінің алтын шаңырағы. Шаңырағы күйреп жерге құлаған жұрт көзінен айырылған бас келбетті... Ақылды хан ел кіндігін жер шетіне құрмаса керек-ті. Ел шетіндегі Орда жау алуға жеңіл. Ал жер ортасындағы Орда жау қолына оңай тимейтіні кәміл. Ол үшін жаңа өздерің көрдіңдер, мынау алып дала – кілемнің бір шетінен түріп, жолдағы шептердің бәрін жеңіп, сосын ғана жау Ордаңа тиеді келіп. Қандай мықты әскер болсын, бұл оңай емес. Бұнымды ешкім бұрыс демес» (Есенберлин І.Алтын Орда: Роман-трилогия. Алматы, 1999. 264-265 бб).
Біздің қазіргідей ұлан-ғайыр аумаққа ие болуымыздың негізгі сыры ұлы бабаларымыздың өз заманында төрткүл дүние санасатын алып империялар құруымен тікелей байланысты. Бұл мемлекеттерді Елбасы Ұлытауда сөйлеген сөзінде былай түзген еді: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар».
Айбынды Ғұн державасының астанасы бүгінде Моңғолияның орталық өңірінен табылып, оған археологтер қазба жұмыстарын жүргізіп жатса, Көк түріктердің астанасы Суяб қазіргі Қырғыз Республикасының жерінде жатыр. Алтын Орданың астаналары Сарай-Бату мен Сарай-Берке Еділдің бойында қалса, Қазақ хандарының 200 жылдай қонысы болған Ташкент бүгінде Өзбекстанның астанасы екенін білеміз. Ал ҚазАКСР-нің тұңғыш астанасы Орынбор кеңес дәуірінде Ресейге өтті. Бұдан шығатын қорытынды: ел астанасының жердің шетінде орналасуы ешкімге опа бермеген.
Ойымызды тобықтай түйсек, Сарыарқаның төсінде, һәм Ұлы даланың жүрек тұсында, тоғыз жолдың торабында орналасқан астана – Нұр-Сұлтан шаһарының ел болашағы үшін ұтымдылығын дәлелдейтін дәйектер тек мұнымен шектелмесі анық. Оның толып жатқан басқа да қыры мен сыры бар.
Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,
М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты