«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді»
«Жігерлі болса ер болар, бірлікте болса ел болар» деп айтқан Жамбыл атамыздың сөзінің айғағы – халқымыздың ынтымақ пен бірлікте, бір атаның баласындай өмір сүріп жатқандығы. Қоғамдық келісім мен толеранттылықты нығайтуға барша этнос өкілдері жұмылдырылып, еліміздің дамуы бағытында орасан зор қызмет атқарды.
Міндеті мен мақсаты айқын Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің ынтымағы мен татулығын, бірлігін нығайтуға, бір шаңырақ астында айрандай ұйып, тұрақтылық пен орнықты дамуымызға сүбелі үлесін қосып келеді. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қоғамдағы этносаралық келісімді және толеранттылықты дамытып қана қоймай, экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет, азаматтардың саяси құқықтарын қалыптастыруға көмек көрсету, сондай-ақ Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, дамуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отыр.
Толеранттылық деген ғылыми ұғымның мәнін қазақ «Кең болсаң, кем болмайсың» деген бір ғана мақалға сыйғызған. Бүгінде еліміздің барлық аймағында түрлі этностардың этно-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сөзін санама түйіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, сондай-ақ «Үміт» балалар үйінің директоры ретінде бала тәрбиесін азаматтық борышым деп білемін. Көпэтносты мемлекетте өмір сүретін балаларға тәрбие беруде олардың бойындағы өзге этностарды сыйлау, олардың мәдениетін құрметтеу, іскерлік қарым-қатынас пен жалпы адами мәселелерді шешу сияқты жағымды әдеттерді қалыптастыру керек. Сонымен қатар, түрлі мәдениетті танып білуге шақырып, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасы негізінде, олардың бойларына басқа халықтармен достаса алатын дағдылар мен мінез-құлықтарды сіңіру керек деп
ойлаймын.
Біз бүгінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқандығын мақтан етеміз. Бұл өскелең ұрпақты этносаралық татулыққа тәрбиелеудің арқасында қол жеткізген жетістігіміз. Мысалы, «Үміт» балалар үйінде 11 этностың балаларын тәрбиелеп жүрміз. Мұнда әр этностың балаларының басын біріктіретін балалар ассамблеясы құрылған. Балалар Достық үйі жанынан құрылған жексенбілік мектепте өз этностарының адамдарымен қарым-қатынас жасап, туған тілдерін үйреніп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысуға зор мүмкіндік алды. Достық үйінің түрлі этнос өкілдері Балалар үйіне жүйелі түрде келіп, мерекелер мен фестивальдар өткізеді.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шаралар өткізу дәстүрге айналған. Бұл күні ұлттық тағамдар дайындалып, ұлттық киімдер киіліп, әр тілде ән шырқалып, би биленіп, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Мұның барлығы әр баланың санасына өз халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, оларды өзге этнос өкілдерін құрметтеуге баулитыны сөзсіз.
Халықтың ауызбіршілігі болса, алынбайтын қамал жоқ. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Біздің бірлігіміз – Қазақстанның игілігі!
Мария БЕЙСЕҚАНОВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының «Үміт» балалар үйі КММ директоры