Мысалы, облыс орталығы Ақтау қаласын алайық. Ақтау – өзгеріс пен өркендеу үстіндегі қала. Көлемі қалай үлкейсе, салынып жатқан үйлер мен ғимараттардың сыртқы әдемілігі мен ішкі сапасы да қала абыройын арттыруға сай болуы тиіс. Келешекте туризмді жетекші бағыттардың бірі етуді мақсат еткен елде теңіз жағалауындағы жалғыз қаланың көркі көз тойдырып, жұмыртқадай болып жұтынып тұрғаны жөн. Бұл – талап.
Алайда Ақтауда, әсіресе ішкі шағын аудандардағы қалдықтар тұрғындар үшін бүгінгі маңызды мәселеге айналып отыр. «Қоқыс деген қозғалмайтын нәрсе емес, оны айтудың қажеті жоқ» дейтіндер де табылар, әйтсе де қаланың көркіне, тұрғындардың денсаулығына, жүріп-тұруына нұқсан келтіріп тұрса, оны «жабулы қазан» күйінде қалдыру да жөн емес.
Облыс орталығында соңғы жылдары қатарға қосылып, заманауи үйлері тұрғындар игілігіне берілген шағын аудандардың бірі – №16 шағын аудан.
Бұрын қаланың сырт жағындағы қоқыс басқан карьердің орны бүгінде ақшаңқан үйлерге толы және шағын
ауданда құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Өкініштісі, қоқыс жаңа шағын аудан тұрғындарының басты проблемасына айналып, тазалық жағдайы жаға ұстатарлық. Үйлер жанына, аралықтарға тау-тау болып үйілген құрылыс қалдықтары мен тастанды тұрмыстық бұйымдардан, түрлі тағам қалдықтарынан, жануарлар өлексесінен аяқ алып жүру мүмкін емес.
Қысқасы, шағын аудан іші қоқысқа лық толы. Жел тұрса күл-қоқыс аулаға ұшады, ал оның иісі қолқаны қабады. Бұл тек №16 шағын аудан тұрғындарының басындағы ғана мәселе емес, қоқысқа қатысты жағдайды қаладағы бірнеше шағын ауданнан кезіктіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, қыстай жабайы ит пен мысыққа таптырмас орын болған ол жерлерде күн жылынған соң тышқандар пайда болған. Енді құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейлер үймелейтіні анық.
Қоқыс қайдан пайда болды? Тұрғындардың бірі құрылыс компанияларын кінәласа, енді бірі көршілерге көңілі толмайды. Тіпті осы шағын ауданда тұратын өз көршілері тұрмақ, «баяғы карьердің орны» деп қоқыс төгуге үйреншікті орын санап алған қаланың кейбір тұрғындары көліктерімен келіп зілдей қоқыстарды аударып кетеді екен.
Аталған шағын аудан тұрғыны Ө.Кәрімов құрылыс компанияларына қатысты бақылауды күшейту керек деп санайды. Себебі үйіліп жатқан қоқыстың дені пайдаланылған құрылыс материалдары. Ал тұрғын Ф.Қанатбаева қоқыс мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналғандықтан, мәселені шешу үшін Ақтау қаласы әкімдігінің араласуын сұрайды.
Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Ж.Әділбекова өңір тазалығына әрбір тұрғын жанашырлық танытуы қажет екенін айтады. Қазіргі таңда коммуналдық мекемелер тұрмыстық қалдықты қала сыртындағы полигонға тасып жатыр. Бей-берекет қоқыс төгілген учаскелер анықталуда. Қалдықтар – қоршаған ортаны ластайтын көздердің бірі және өсімдіктерге, жерүсті және жерасты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Ал қоқыс жанған кезде атмосфераға улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және иммундық жүйелердің ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті тазалық мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қараған абзал. «Сөзден іске» көшетін уақыт баяғыда келген, себебі тұрғындар қоқыстың ауаға, денсаулыққа осыншалықты зиянды екенін білгендіктен байбалам салып жүр емес пе?!
Ал Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің инспекторы Дархан Теңелбаевтың айтуынша, заңсыз қоқыс төккен 50-ден астам қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Демек, жаза тұрғындардың мәдениетін қалыптастыра алмайды деген сөз.
– Маңғыстау облысында құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу полигонын ашу жоспарланып отыр. Өңірде санитарлық талаптарға сәйкес келетін 7 полигон бар. Бұл полигондар Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында және Мұнайлы ауданының Баянды ауылында, Қарақия ауданының Жетібай, Құрық ауылдарында, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында орналасқан. Арнайы талапқа сай емес 16 қоқыс тастайтын алаң бар. Ал бұл орындар Маңғыстау ауданындағы 7 ауылда және Бейнеу ауданындағы 9 ауылда орналасқан. Маңғыстау облысында қалдықтарды жинау және шығарумен 21 мекеме айналысады. Өңір бойынша 12 006 дана қоқыс сақтайтын контейнер бар. Әлі де 16 819 данасы қажет. Жалпы, полигондардың жағдайы мен қоқысты сұрыптау жұмыстары мәз емес. Аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптаумен, қайта өңдеумен айналысқысы келетін инвесторлар бүгінгі ахуалға байланысты кідіріп тұр, – деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Айтуынша, Мұнайлы ауданындағы полигон маңынан құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу алаңын ашуды ұйымдастыру ойда бар екен. Шындығын айту керек, Маңғыстауда қоқысқа арналған полигон мәселесі жылдарға жүк болған жауыр тақырып. Бар деп ауыз толтырып айтатын 7 полигонның жағдайы расында санитарлық талаптарға сай емес. Құзырлы орындарға өңірде басқа полигон болмағандықтан және полигон мәселесі көп қаражатты талап ететіндіктен «барымен базар» етіп көрсету тиімді. Сондай-ақ полигон маңынан құрылыс қалдықтарын жинау мен қайта өңдеу алаңын салу жоспарланғалы қанша жыл? 16 мың қоқыс жәшігі жетпей тұрған аймақта қоқыс өңдейтін зауыт салуды армандаудың өзі артық-ау! Мәселені шешу кімге тіреледі?
Қошқар ата улы көлі мәселесі республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болғасын «кісідегінің кілті аспанда» болып, жылдар бойы улы көлмен бірге демалып жүргеніміз белгілі. Жуырда жеткен Қошқар ата экологиялық аймағына қатысты жаңалықтың нәтижесін көргенше қуануға ерте. Ал қоқыс мәселесін ақша бөлу немесе кәсіпкерлер, инвесторлар арқылы шешу жергілікті әкімдіктің міндеті емес пе?! Әкімдер ауысқанымен, мәселелер жалғасып келеді, кімді кінәларыңды білмейсің, кімнен көмек күтеріңді білмейсің... Қаржы қолбайлау болса басқармаларға кінә арту – артық.
Ал тау болған қоқыстарға кім кінәлі? Барлығымыз – үйден шыға бере қоқысынан құтылатын тұрғындар, кәсіпкерлерді тексеруге болмайтын мораторийдің тасасына тығылып жан-жағын ретсіз ұстап, соңын бей-берекет қалдыра салатын құрылыс компаниялары мен істі үйлестіре алмай, мәселенің шешімін таба алмай екі ортада алаңдаған әкімдер! Онсыз да экологиялық ахуалы мәз емес Маңғыстау қоқыстың алаңы болып, Ақтау «сырты бүтін, іші түтін» қалаға айналмасын, қоқыстан құлап балаларға зиян келмесін, тұрғындар аман болсын деген ізгі ой әкімдердің санасына қашан жетер екен?! Қаражатты аямай бөліп, заманауи стандартқа сай полигон, контейнер шаруасын шешсе, тазалыққа қатысты талаптарды ширата ұстаса, қоқыс тиісті жерге тасылып, тұрғындар тәртіпке бағынып, қоқыстан арылар ма едік. Арман осындай.
Маңғыстау облысы