Кәсіпорынның қоршаған ортаға шығарындылар көлемін 30%-ға азайтуға арналған жаңа жоспарын қарастыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Теміртаудағы жиынға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, кәсіпорын басшылығы және экологтер мен қоғам белсенділері қатысты.
Басқосу қорытындысы бойынша, табиғатты қорғау шараларының орындалу мерзімін қысқартып, шығарындылар көлемін төмендету жоспарына 2025 емес, 2024 жылы қол жеткізу мүмкіндігін бірлесе қарастыру келісілді.
«Бұл – шығарындыларды азайту бойынша қол қойылған екіжақты меморандумның аясындағы жұмыстың жалғасы. Біз осы жерде «АрселорМиттал» басшылығымен 20 қаңтарда кездесу өткізген болатынбыз. Сол кезде компания шығарындыларды 30%-ға азайту бойынша жоспарды әзірлеуге үш ай уақыт сұраған еді. Сол себепті қаланың экологиялық проб-лемаларын талқылауға қайта жиналып отырмыз», деді М.Мырзағалиев.
Облыс әкімі Ж.Қасымбек 2020 жылы министрлікпен бірге өңірдің экологиялық проблемаларын шешу бойыша Жол картасы қабылданғанын атап өтті.
«Жол картасында 57 шара қаралса, оның 25-і қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағыттталған. Жыл сайын Қарағанды облысы бойынша атмосфераға 590 мың тонна зиянды заттар шығарылады, оның 40%-дан астамы, яғни 247 мың тоннасы Теміртау қаласына тиесілі. Мұның 86%-ы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауытынан шығады (212,3 мың тонна). Зауыт шығарындылар көлемін төмендетуден бөлек, Теміртауға 5 жыл ішінде 500 мың ағаш егеді», деді Ж.Қасымбек.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир тек 2024-2025 жылдарға дейін емес, одан кейінгі уақытта да қоршаған ортаны қорғауға қаржы бөліне беретіні туралы айтты.
«Шығарындыларды азайтудың жаңа стратегиясына сәйкес, зауыт балама экологиялық шараларды қолданады. Алдағы 5 жылда қоршаған ортаны жақсартуға кем дегенде 380 млн доллар инвестиция cаламыз», деді ол.
Қоғам өкілдері компанияның жұртшылық алдында ашықтықты қамтамасыз етуіне қатысты кемшіліктерін атап өтті.
«Теміртау экологиясы – өте маңызды мәселе. Сондықтан шығарындыларды азайту жұмысы біздің қатаң бақылауымызда болады. Сонымен бірге жергілікті қоғам белсенділері де ахуалды назарда ұстайды. «АрселорМиттал» басшылығы енді қоғам өкілдерімен тоқсан сайын тұрақты түрде кездесіп тұрады», деді бұған қатысты Экология министрі.
Еске салсақ, наурыз айында министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті кәсіпорында жоспардан тыс тексеру өткізіп, әртүрлі көрсеткіштер бойынша нормативтердің рұқсат етілген нормадан асып кетуіне байланысты айыппұл салған. Сонымен бірге қоршаған ортаға келтірілген залал 1 млрд теңгеге бағаланған еді.