Ағаш отырғызудың қыр-сырына қанық мекеме мамандары топтасып, экологиялық ағарту, рекреация және туризм бөлімінің мамандарының ұйымдастыруымен «Парктер шеруі-2021» Халықаралық акциясының аясында өтетін «Дүниежүзілік ағаш отырғызу күні» іс-шарасымен байланыстырылып, «Қарабұлақ» атты тұқымбақтағы мектеп бөлімінде жөке мен үйеңкі ағашының 500 түп көшетін, теректен 2 мың түп, сондай-ақ еменнен 2500 көшет отырғызды.
Осы ауқымды жұмыстарды атқарып, келешекте жан-жақтан түскен сұраныстар бойынша екпе көшеттерімен қамтамасыз етіп, мекеме өзін өзі қаржыландырып, пайда көзін табатын болады. Сондықтан да бүгін қаланып жатқан, жанынан су көзі үзілмейтін тұқымбақтың ұлттық парк үшін маңызы зор.
Келешекте ауылдық округтерді және ауданды қамтамасыз ету үшін басқа да жеміс-жидек ағаштарының көшеттерін өсіріп баптау жоспарда бар. Тұқымбақтың орналасу ерекшелігіне байланысты аумақта жердің құрғақ болуы ықтималдылығынан тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Егілген екпе көшеттерін сақтап қалу үшін суару жүйесі қатаң бақылауға алынады. Бұл көшеттердің күтімін жақсарту үшін егу кезінде органикалық тыңайтқыштармен байытылған қи-көн қоспа да қолданылды. Жұмыстың басы тұқымбақ аумағын қоршау үшін, санитарлық тазарту мақсатында арнайы кесілген ағаш діңдері қағылып, темір тормен қоршауға алынғаннан басталып, тұқымбақтағы атқарылатын жұмыстарға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Қасиетті Рамазан айында туған өлке табиғатын көркейту, айналамызды жасыл желекке айналдыруға жұдырықтай жұмыла білген ұжымымыздың қасынан табылған Қарабұлақ ауылының әкімі Ержан Қайранов та халық атынан жүрек жарды тілегін білдіріп, кәсіпкер Әділет Суықбаев игілікті іске қолғабыс етті, «Саят» шаруа қожалығының иесі де қолұшын созып, жергілікті мемлекеттік инспекторлар атсалысып, Құран хатым түсірілді.
Қазір тұқымбақ жанындағы ауылдан жалдамалы қызметке 2 жұмысшы алынғанын айта кеткен орынды. Келешекте маусымдық кезеңде оннан астам жұмысшы қатарға тартылып, бұл да аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетін игі іс болары күмәнсіз.
Жаңылқан АЛЕМСЕЙТОВА,
«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің басшысы
Шығыс Қазақстан облысы