Руханият • 22 Сәуір, 2021

Тілеулі батырдың қанжары

1335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл көне жәдігер Қостанай облысы Амангелді ауданындағы, халық батыры Амангелді Иманов атындағы мемориалдық мұражайында тұр. Оны музейге Тілеулі батырдың ұрпағы, соғыс және еңбек ардагері Тайжан Батырбеков қария 1986 жылы өткізіпті.

Тілеулі батырдың қанжары

Мұражай басшысы Сахан Төленовтің айтуынша, айбынды батырдың қанжары XVIII ғасырға тиесілі, жасалуы да ерекше, техникасы – металл, ағаш, құйма болып келеді. Ұзындығы – 45,6 см құрайды. «Тайжан ақсақал – Тілеулі батырдан тарайды. Сондықтан құнды мұра ол кісіге арғы аталарынан мирас болып қалыпты», дейді ол.

Тілеулі Әбдірахманұлы – 1723 жылы Талас өзені және Бұланты-Білеуті, Аңы­ра­­қайда болған жоң­ғар­лар­мен шайқастарда қып­шақ қо­лын бастаған. Ба­тыр туралы заң­ғар жазушы Әбіш Кекіл­байұлы: «Ұзын Қыпшақ Ті­леулі Әбдірахманұлы жоңғар қал­мақтарымен болған шай­қастардан кейінгі бейбіт ке­зеңде де бес қаруын белінен шешпеген. Бұл – сол кездегі батырлардың бәрінің басында болған жайттар. Ол Есетпен бірге жүріп, үнемі елдің мазасын алып, жиі жаугершілікке ұшыратып отырған құба қал­мақтармен, башқұрттармен, но­­ғайлармен, түрікмендермен, орыс-казактарымен шайқасқан. Ба­баларымыздың сол қайсар­лығы, ерлігі арқасында Маң­ғыс­тау түбегі, Жайық бойы мәң­­­гі атақонысымыз болып қал­ды» деп жазыпты.

Бабамыздың ұрпақтары да ата даңқына сай болған. Ба­тырдың кіндігінен тараған бір ұлы, Абылай ханның бедел­ді кеңесшілерінің бірі – Нияз би. Оның зираты елорда ір­ге­сіндегі Тайтөбе ауылында ор­наласқан.Сонымен бірге 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азат­тық көтеріліс көсемдерінің бірі Әбдіғапар Жанбосынұлы да ерен ердің ұрпағы саналады.

Тілеулі бабамыз Ақтөбе қа­ласынан 18 шақырым жердегі Бестамақ деген елді мекендегі Тама Есет батырдың жанына жерленген.