Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының әкіміне алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді. Басты назар аударатын бірқатар мәселелерге тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді. Өз кезегінде Ғани Рысбеков сенім артқан барша азаматтарға алғыс айтып, жаңадан құрылған ауданның дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Ғани Рысбеков 1962 жыл 8 сәуірде Түркістан қаласында туылған. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном мамандығы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған. 1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балхаш ауданы Веселовский совхозының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм басқармасының бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болған. 2019 жылдан бері Кентау қаласының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келді.
Сондай-ақ бұл күні Сауран аудандық мәслихаты жетінші шақырылымының алғашқы сессиясы өтті. Депутаттарға куәліктер мен төсбелгілер табыс етілді. Мәслихат құрамына «Nur Otan», «Ақжол» және «Ауыл» партияларының мүшелері кірді. Аудандық мәслихат хатшысы болып Мейрамбек Кунпейсов сайланды. Жергілікті мәслихаттың тұрақты комиссиясы құрылып, төрағалары сайланды және «Сауран аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы бекітілді.