Өңірге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында өндірілген «QazVac» (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясының жөнелтілуіне қатысты. Сонымен қатар, Қордай ауданы Гвардейский кентіндегі биофармацевтика зауытының жұмысымен танысты.
«Қазақстандық вакцинаның жасалуы – біздің еліміздің коронавирус инфекциясына қарсы өз вакциналарын әзірлеген әлемнің бес елінің қатарына енуіне мүмкіндік берді. Бұл тек халықтың денсаулығына ғана қатысты мәселе емес. Сондай-ақ, отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды іс жүзінде қолданудың, мемлекеттің беделінің дәлелі», деді Ералы Тоғжанов. Сонымен қатар, вице-премьер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық вакцинаны шығару жөніндегі барлық тапсырмалары Үкіметтің ерекше бақылауында екенін және вакцинаның бірінші партиясының бүгінгі шығарылуы олардың іс жүзінде орындалғанын айғақтайтынын атап өтті.
Кездесуде «QazVac» вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізілетіні де айтылды.
2021 жылғы 26 сәуірде халықты «QazVac» вакцинасымен вакцинациялау басталады. Ал, алдағы мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда екен. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңімен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады. Отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне де енгізілген. Оның толық қауіпсіздігі дәлелденген. Аталған вакцина коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Инактивтендірілген вакцинаның артықшылығы – ол вакцинамен байланысты ауруларды тудырмайды. Бұдан бөлек, «QazVac» вакцинасын жеткізу әдістері күрделі тоңазытқыш қондырғыларын талап етпейді. Олар тоңазытқышта +2-8 градус температурада тасымалданады.
Бүгінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанындағы биофармацевтика зауытында құрылыс-жөндеу және әрлеу жұмыстары аяқталған. Инженерлік желілерге қосу арқылы жабдықтарды монтаждау, қосу-баптау және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылғы наурыз айында зерттеудің GMP стандарттарына сәйкестігі туралы оң қорытындысы (DQ) алынған. Келесі қадам – валидацияны жүзеге асыру және GMP халықаралық стандартының сертификатын алу болып отыр. Бұл мақсатқа «Атабай» түрік компаниясы тартылған. Аталған нысанды аралаған Ералы Тоғжанов нысан жұмысына оң баға беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық вакцина өндіретін зауыт құрылысы белгіленген мерзімде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, биофармацевтика зауыты биыл іске қосылғаннан кейін оның базасында «QazVac» вакцинасын өндіру жалғасатыны да айтылды.