Бұл дау қалай басталды? Бюджеттің бақандай 90 млн теңгесі көзді жұмып өтіп кететін қаражат емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің өтініші бойынша қоймада бір жылға жуық сақталған жеке қорғаныс құралдарының жағдайын қарап, осындай сорақы оқиғаның куәсі болған көрінеді.
Қоймада түсірілген жазбаны әлеуметтік желіде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов жариялағаннан кейін, Алматы қаласы әкімдігінің коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі арнаулы чатында БАҚ өкілдері осы мәселеге қатысты түсініктеме сұраумен болды. Р.Гасанов қоймадағы сапарынан әлеуметтік желі арқылы тікелей эфир жүргізген еді.
Алдымен айтылған мәліметтерге сүйенсек, қоймадағы тауарлар 2020 жылдың маусым айында республикалық бюджет қаржысына сатып алынған. Құны 90 млн теңгеге 12 мыңға жуық костюм әкелінген. Бір жиынтықтың бағасы 7500 теңге тұрады. Қазір қоймада 7 028 дана қалды. Тауарды қазіргі Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қабылдап алған. Өз кезегінде Алматының бас санитары Ж.Бекшин костюмдерді тексеріп, оның талапқа сай келмейтінін ешқандай сараптамасыз көруге болатынын дәлелдемек болды. Қорғаныс киімдері деп алынған құралдар (СИЗ) оңай су өткізеді.
Бастапқы деректерге сәйкес қоймада медициналық емес, құрылысшыларға арналған жеке қорғаныс киімдері сақталған. Олар шаң мен бояудан қорғайды, алайда су өткізеді, сондықтан эпидемиологтердің қолдануына жарамсыз. «Мұны қарапайым түрде ешқандай зертханасыз тексеруге болады. Егер су өтсе, онда вирус та өтеді. Мұндай киімдермен эпидемиологтерімді індет ошағына жібере алмаймын. Құжаттарға қарасаңыз да сәйкес келмейді», деген болатын Ж.Бекшин. Сондай-ақ қоймада Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес келмейтін көзілдіріктер, маскалар да бар екенін де мәлімдеген болатын. Ж.Бекшин бұл істі сотқа да бергенін, бір инстанция өткенін, соттар тез қарап, негізсіз қабылдамай жатқанын алға тартқан еді. Оның айтуынша, бұл қалада жеке қорғаныс құралдары жетіспейтінін білдіреді. Қоймадағы қор екі айға да жетпейді. Қазір жеке қорғаныс құралдарының бөліктерін басқа аймақтардан сатып алуға тура келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары Р.Гасанов осы жағдайға қатысты: «Әсел Қалықова (санитар дәрігердің орынбасары) бұл жеке қорғаныс құралдары эпидемиологтер үшін жарамды деп санайды. Ал басқа санитарлық дәрігерлер бұлай емес дейді. Түсініксіз. Біз оны анықтап «ал комитетті шақырайық» дедік. Сараптама ешқандай сертификат жоқ екенін көрсетті. Көзілдірікке, костюмге және басқа маскаларға арналған жеке сертификаттар болуы керек. Мұның бәрі жоқ. Сондықтан сұрақтар туындайды», деген болатын.
Әрине, бұл сұрақтардың осы мәселеде аты аталған Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә.Қалықоваға жолданғаны белгілі. Өз кезегінде Ә.Қалықова Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігері Ж.Бекшиннің мәлімдемесі мен пайымы еш негізсіз, жалаң айыптауға құрылған деп есептейді. Мұны бірнеше себепке жіктей отырып, өз жауабын алға тартты.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «сапасыз» жеке қорғаныс құралдары туралы материал жөнінде сіздерге шағын түсіндірме бере кетуді жөн көрдім. Ж.Бекшин айтып өткен болжам-пікірлер негізсіз, құрғақ сөз деп айтқым келеді. Оның айғағы ретінде төмендегідей себептерді атап өтпекпін. Біріншіден, бірнеше жылдан бері Қазақстанда мемлекеттік сатып алу электронды портал арқылы жүргізіліп келеді. Сондықтан да адам қолы қойылған, мөр басылған қандай да бір құжаттардың болуы шындыққа жанаспайды. Екіншіден, жеке қорғаныс құралдары бойынша мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жүргізіліп келген. Сонымен қатар өнім берушілер жеткізген тауарды қабылдау барысында мен қатысқан емеспін. Бұл бойынша аталған міндеттер функционалдық міндеттеріне кіретін белгіленген лауазымды тұлғалар бар. Сондай-ақ тауарды жеткізу кезінде өнім берушілер осы салада монополист болып табылатын «Медициналық арналымдағы дәрілік заттар мен бұйымдарды сараптамадан өткізу жөніндегі ұлттық орталық» ШЖҚ РМК берген сапасының сәйкестігі туралы құжат және тіркеу куәліктері ұсынған. Яғни «КАЗЭКСПОАУДИТ» ЖШС немесе басқа да зертхана медициналық арналымдағы бұйымдарға қатысы бар жеке қорғаныс құралдарына сараптама жүргізуге құқы жоқ екендігін білдіреді. Сонымен қатар маманның қорытындысына қатысты мына бірнеше мәселеге аса назар аударуды сұраймын, дәлірек айтқанда: Біріншіден, Ж.Бекшин бұл құжатты қалай алғаны және қайдан алғаны белгісіз. Департаментке бұл құжат ресми түрде түспеген. Екіншіден, Ж.Бекшин аталған құжат бойынша тексеру жүргізді ме? Осынау құжаттарға сілтеме жасамас бұрын «Казэкспоаудит» ЖШС-ның тексеру материалдарын зерттеді ме? Себебі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жеткізілген және «Казэкспоаудит» ЖШС-ға тауарды идентификациялау (анықтау) мүмкін емес пе? Үшіншіден, Ж.Бекшин бұл дәл сол тауар екенін қалай анықтағаны белгісіз, мұны құрғақ сөз демегенде қалай атаймыз? Төртіншіден, медициналық персоналдың науқасқа шалдығуына Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сатып алған «жеке қорғаныс құралдарының» мүлдем қатысы жоқ екендігіне назар аударуды сұраймын. Себебі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті медициналық персоналға арнап ешқандай «жеке қорғаныс құралдарын» сатып алған емес. Осылайша, құжаттамалық және заңнамалық тұрғыда растамалары бар, көрсетілген барлық пікірлер Ж.Бекшиннің сөздерінің негізсіз, құрғақ сөздер екенін дәлелдей түседі», деп жауап берді Ә.Қалықова.
Бірақ Ж.Бекшин тікелей эфирде: «Бұл жеке қорғаныс киімдері бояу, шаң, батпақтан қорғайтын – құрылысшылардікі. Бұлар бәрін өткізеді. Көріп тұрсыздар ма, бұл қорғаныс киімдерінің саңылау, тесіктері бар. Үрлеп, су құйып көрсеңіз білесіз. Мұндай киімдер вирус өткізбеуі тиіс. Құрылысшыларға арналған қорғаныс киімдерін қолдану қауіпті. Мен барлық материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жөніндегі департаментке бердім. Экспертиза жүргізілді», деген болатын.
Сондықтан бұл «шайқасқа» нүкте қойылды деп айтуға болмайды.