Өкінішке қарай, өткен тәулік аралығында облыс дәрігерлерінің көмегіне жүгінген 240 адамнан коронавирус анықталған. Соның ішінде Талдықорған қаласында 42 жағдай тіркелсе, Талғар ауданында 30 науқас, Еңбекшіқазақ ауданында 28 адам індет жұқтырған екен. Ал Іле және Ұйғыр аудандарының әрқайсысында 21 адамнан індет белгісі табылса, Қарасай ауданында 20, Жамбыл ауданында 18, Текелі қаласында 16, Панфилов ауданында да 15 жағдай тіркеліпті. Сондай-ақ Алакөл ауданында 8 науқас, Көксу ауданында 6 науқас, Кербұлақ және Сарқан аудандарында 4 науқасқа медициналық көмек көрсетілсе, Ескелді ауданында 3 жағдай, Ақсу ауданы мен Қапшағай қаласында да 2 жағдайдан анықталған.
Жалпы, облыс ауруханаларында 2 612 адам коронавирусқа қарсы ем қабылдап жатыр екен. Олардың ішінде 52 науқастың жағдайы ауыр көрінеді. Ал аймақтағы жұқпалы аурулар стационарларындағы орын саны 54,5 пайызға толып отыр. Және дәрігерлердің емі шипа болған 348 науқас жұқпалы індеттен айығып шықты. Сондай-ақ өткен үш күн аралығында облыста 9 970 адам ПТР сынамасын тапсырған. Мұнан бөлек, науқастармен қарым-қатынаста болған 605 адам анықталып, олардың барлығы үй карантиніне алыныпты.
Ал аймақта жұқпалы індетке қарсы екпе алу науқаны қызып тұр. Бүгінге дейін вакцинаның І компонентін 101 477 адам салғызып үлгерсе, тағы 10 432 адам екпенің ІІ компонентін алған. Дерек бойынша, вакцинаның І компонентін өңірдегі 17 мыңнан астам медицина қызметкері салдырса, 25 мыңға жуық педагог және басқа да міндетті ванкцина алушылар мен еріктілер екпе салдырған екен. Ал екпенің ІІ компонентін 7 298 медицина маманы, 2 801 педагог, сол сияқты тәртіп сақшылары мен мемлекеттік қызметшілер алып отыр.Сондай-ақ бүгінде Алматы облысында жалпы халықтық екпе салу ісіне 239 егу пункті, 134 көшпелі бригада жұмылдырылды. Бұл арнайы орындар бір кезекте 7 мыңнан астам адамды қабылдап, екпе салуға қауқарлы екен.
Айтпақшы, індет ошағы азаймай отырған орталықтың бір – Текелі қаласы. Шағын қалада өткен тәулік аралығында 14 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Ал сәуір айының басынан бері жүзден астам адам індетке шалдыққан. Қазір де қаладағы ауруханада 26 науқас ем алуда. Бірақ кеншілер қаласында індетке қарсы екпе салдырушылар саны аздау болып тұр. Вакцина салдырғандар саны 2 мың адамның шамасында. Жақында Текелідегі жағдаймен облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов арнайы танысып қайтты.
– Қала шағын болғанымен, жұқпалы кеселдің таралуы күрт күшейгендіктен тұрғындар бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы жаппай вакцина алу керек екенін түсінуі тиіс. Қазір 2 мыңнан астам тұрғын екпе алған. Ауруханада 3 егу бөлмесі жұмыс істеп тұр. Екпені сақтауға арналған 3 тоңазытқыш, 5 термоконтейнер бар. Қосымша 3 егу бөлмесін ашу жоспарлануда. Алдағы уақытта тағы да 150 мың адамға жететін екпе келеді. Оны бірден аудан-қалалардағы егу мекемелеріне таратамыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары.